Бас тақырып

Жөргекпұл мерзімінің ұзаруы – демографияға демеу

Қазақстандағы ұлттық саясаттың басым бағыттарының бірі – халықтың демографиялық өсуі. Осы мақсатта Мемлекет басшысы ел азаматтарының өмір сүру сапасы мен деңгейін жақсарту, әлеуметтік тұрақтылық пен қорғауды нығайтуды үнемі назарда ұстап келеді. Биылдан бастап енгізілген әлеуметтік қолдау шаралары да осы басымдықтардың аясында жүзеге асуда. Солардың бірі – бала күтімі мерзімін 1,5 жасқа ұзарту. Жаңа Кодекстің негізінде жүзеге асып отырған әлеуметтік қолдау жас аналардың қуанышын еселеуде.

Елімізде бала күтіміне байланысты төлемді 600 мыңнан аса ана алып отыр. Оның 500 мыңнан астамының жұмысы болса, 60 мыңы – жұмыссыз. Ал, 1,5 жасқа дейінгі жаңа төлемді 160 мыңнан астам ана алып отыр. 

Аймақта бұл әлеуметтік төлемді 19 мың 053 ана алса, оның 8 мың 831-і қарағандылық аналар.

Осы күні жаңа туған перзентінің қамын күйттеп үйде отырған аналар аз емес.. Бұған дейін оларға жәрдемақы тек бір жылға төленіп келсе, биылғы 1 қаңтардан бұл мерзім 1,5 жылға ұзарды. Жаңалықтың аналарға жаққаны рас.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартамыз. Балалардың ең маңызды шағында – сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болады», – деген қыркүйектегі Жолдауын. естігенде қатты қуандым. Ол кезде мен жас босанған ана едім. Құшағымдағы сәбиіме қарап, «солай болса екен» деген тілегім орындалды. Айзат – менің төртінші балам. 2022 жылғы тамызда дүниеге келді. Алдыңғы үшеуі бастауыш сыныпта оқиды. Көпбалалы ана ретінде де жәрдемақы алып отырмын. Бастысы, бала күтімінде отыру мерзімін ұзартқаны жақсы болды. Енді еш алаңдамай кішкентайымның бұғанасы бекігенше үйде боламын.

Мен секілді көп аналар баласы 1-ге толғаннан кейін жұмысқа шығады. Арасында үлкендеріне қаратып, тиіп-қашып жұмыс жасайды. Бұның барлығы еріккеннен емес, әрине. Бала болғаннан кейін оның тамағы, киімі және тағы да басқа қажеттіліктері бар. Жолдасыма сеп болу үшін ерте жұмысқа шығып кеттім, – дейді, қарағандылық Айнаш Төлепова.

Иә, биылға дейін бала күтімімен үйде отырған аналар сәбилері бір жастан асар-аспастан жұмысқа шығуға асығатын. Ортайған табыстың орынын толтырғысы келгендіктен. Қаржылық жағдай қыспаққа салғанда, оларды ешкім айыптай алмады.

– Әлеуметтік Кодексте әлеуметтік осал топтарды қолдау шараларының барлығы сақталған. Дегенмен, отбасының жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдаудың басымдықтары күшейтілді. Соның бастысы – бала күтіміне байланысты жәрдемақы төлеу мерзімінің ұзартылуы. Яғни, бір жылдан бір жарым жылға дейін. Төлем екі бағытта жүзеге асады, мемлекеттік бюджеттен және әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы.

Ал, жұмыс істемейтін немесе бала туылғанға дейінгі соңғы екі жылда 6 айдан кем жұмыс өтілі бар ата-аналарға жәрдемақы мен төлемдер мемлекеттік бюджеттен қарастырылады. Және бұл төлем түрі жұмысқа шықса да тоқтамайды. Бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 19 872 теңге; екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 23 495 теңге; үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 27 083 теңге; төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 30 705 теңге.

Ал, бала күтіміне байланысты демалысқа дейін жұмыс істеген әйелдердің ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Ол әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. Оның мөлшері бала туғанға дейін соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды. Яғни, табысы көп болса, төлем де соғұрлым жоғары болады, – дейді Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау Комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Зухра Мустафинова.

2022 жылы туған бала үшін жәрдемақы автоматты түрде жарты жылға ұзарады. Ал, 2022 жылы бірге толып кеткен балаға бұл төлем жүргізілмейді.

Сонымен қатар, бала күтіміндегі ата- ана еңбек қызметін қайта бастаған жағдайда, бала күтіміне төленетін жәрдемақы тоқтатылады. Ал, жаңа Кодекс бойынша осы санаттағы отбасыларды қолдау үшін төлемдер тоқтатылмайды және республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақы мөлшеріне сәйкес төленеді.

Мемлекеттен ананы қолдау, баланы қорғауға арналған әлеуметтік жобалар жүзеге асып жатыр. Әлі де әлеуметтік төлем көлеміне өзгерістер ензігіп, өсірсе деген ұсыныс та жоқ емес, аналарда.

– Ақша көптік етпейді. Әлі де өссе екен деймін. Бұл – ана мен бала үшін үлкен материалдық көмек. Сонда ана ештеңеге алаңдамай, бала күтімі бойынша қаражатқа иек артып, алаңсыз отырар еді, – дейді көпбалалы ана Айнаш Төлепова.

Бұл ұсыныс масылдыққа жатпайды. Сұрамшақтық немесе көңілі толмаушылық емес, керісінше баланың болашағы мен ананың алаңсыз тәрбиесіне үлкен қолдау деп түсінген абзал.

Сағыныш ӘБІЛ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button