Жаңалықтар

Жүрек кілті – өлеңде

    Жалын жігер жас ақын Жоламан ӘЙТКЕН Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің «Сезім дейтін сегізінші корпусында» жырдың құтханасы – 13-ші дәрісханада өлеңінің отын жақты маздатып. Осылайша, қара өлеңнің қағбасы – Қарағандыда жас ақынның «Жүрек кілті» атты жыр кеші өтті жақында.

Жоламан – Қарағандыға сіңген Баянтаудың түлегі. Баянауыл мен Қарқаралы табиғатының жарасымы Тәңір шебердің ерекше мейірімімен кенеп бетіне түскен пейзаж секілді. Қос өңір Қазыбек би, Бұхар жырау, Қаныш, Сәкен сынды тау тұлғалардың рухы қалған мекен.

Қазіргі қазақ поэзиясының өкілдері Руслан Нұрбай, Қайрат Асқар, Бағдат Мүбәрак, Айтбай Жұмағұлов, Нұрлан Әбілдин, Жанат Жаңқашұлы, Қуаныш Медеубаев, Жәнібек Әлиман, Рауан Қабидолдин, Жадыра Байбұланова және жас қалам иесінің қанаттас достары, Қарағандының поэзия клубтары қатысқан өлең жәрмеңкесі жан сырымыздың жаршысындай болды. Профессор, филология ғылымдарының докторы Жансая Жарылғапов Жоламанның жырларын жоғары бағалап, сол өлеңдердің Баянауыл мен Қарағандының арасындағы рухани байланысты нығайтып тұрғанын айтты. «Гете өлеңдерін «Аз қауымға арнаймын» деп жазады екен. Оның қасында оқырмандарын қалыптастырып үлгерген Жоламан бақытты ақын. Ақын неғұрлым шынайы болған сайын, өмірден жейтін тоқпағы да соғұрлым көп болады. Ақиқатқа жақындаған сайын ақынның тағдыры күрделене түседі. Бұл – Жоламанның өзі таңдап алған жол деп білемін. Бұның өлеңдерінен шынайылық байқалады. «Аспандағы жұлдызға ұмтылып біреу, жердегі әсем гүлді басады» дейді. Бұл – басқаша ойлау,  өзгеше көзқарас, бөлек түсінік. Бабына келіп, өз жазу стилін тапқанша, Жоламанның поэзиясы туралы әлі айтылады деп ойлаймын. Неғұрлым ұзақ айтылсын деп тілеймін. Ақынның қаламынан уақыт деген категорияға бағынбайтын жырлар тусын» деді ол.

Кеш барысында үш-ақ өлеңімен Жазушылар Одағына енген Руслан Нұрбай: «Баянтаудың бауырынан түлеген Жоламан бірнеше жылдың ішінде Қарағандыдағы әдеби ортамен біте қайнасып кетті. Қарағандылық қай қаламгердің болмасын оқырмандары осы қара шаңырақта. Үлкен сахналармен салыстырғанда, осы дәрісханаға енгенде ерекше толқитынымыз бар. Тек филология факультетінің түлектері ғана дүркін-дүркін өз ошақтарына жиі айналып соғып тұрады екен», — деп экспромтпен туған «8 корпус. 13 поточка» өлеңін оқып берді. Сеңдей болып соғылысып жүретін сол тұстағы сезімін өлең еткен Руслан ақын Жоламанға да «шексіздік дейтін сегізінші корпусқа» қайта айналып соғып отыруын тіледі. Ал, Қайрат Асқаров кеш иесінің жыр қадамдарын жоғары бағалап, Алаш аманатының, ұлы мәртебелі поэзияның алдында арының таза болуын тілесе, Бағдат Мүбәрак: «Алақандай Баянауылдан шыққаныңмен Алаштың ақиық ақынына айнал» — деп тілек білдірді.

Кешті өткізуге мұрындық болған жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, кеш иесінің ұстазы Алмаз Мырзахмет: «Жоламан – жарнаманы аса ұната бермейтін биязы жігіт. Кеш оның топтастарының, достарының, жатақханаластарының қозғау болуымен өтіп отыр. Алдыңғы толқынға қалай ілессек, біздің де артымыздан ерген толқынның екпінін көргенде өзіңнен-өзің қозғалып, алға жылжиды екенсің. Өйткені, тоқтап қалсаң, басып өтеді. Сондықтан, біздің артымыздан ерген толқын адуынды, алдыңғы толқынды екпіндететін толқын болсын деп тілеймін», — деп жас буынның қанатқақты жырларынан көп үміт күтетінін жеткізді.

Жас ақынның кешінде баянауылдық шайырлардың «Баян-жыр» жинағы таныстырылып, оқырмандарға жол тартты. Туған жердің түлеген жерге тартуындай болып жеткен жыр сәлем мұнымен толастамады. Баянауылдан арнайы келіп, жыр кешінің шырайын кіргізген Жаяу Мұса атындағы Баянауыл балалар өнер мектебінің ұстазы Бибігүл Макарова, ақын Жеңісбек Пәзіл мен Нұрқанат Қайрат жырдан шашу шашты. Кештің қадірлі қонақтары Жоламан Төлеутайұлының ата-анасы, туған-туыстары құрмет-қошеметке бөленді.

Жоламан өлең оқыған сәттерде дәрісхана ішін жайлаған жыр киесі қосыла күбірлеп тұрғандай сезілді. Бір жарым сағат бойы өлеңді сүйген әр жүректі емін-еркін аралаған өлең періштесі сәт сайын нұр себелеумен болды. Ақын мен оқырманның жүрек лүпілін үндестіріп жіберген құдірет салтанат құрды. Өлеңге деген құрмет қошеметпен өлшенбесе керек-ті. Дегенмен де, ыстық алақаннан тараған жылу, ыстық құшақтардың лебіндей аймалады…

P.S. Шаңырағына қонақ боп келген ақын арумен жыр тиегін ағытып, өлеңге сіңіп кеткен бір ақын ағамның ұлы анасына барып: «Мен әкем мен ана апайдың ортасынан жүрек көрдім», – депті. Кеш соңында, біз де сол балғынның күйін кештік. Ақын мен оқырман арасынан жүрек көрдік. Ол жүректің кілті – өлең…

 

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ,

Баянауыл – Қарағанды –

Баянауыл.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button