Жаңалықтар

Жұптастар (Әңгіме)

Сурет автордан

Қатарынан бір жеті әңкілдеді. Аздап саябырсып алады да ызғырықтап қоя береді. Тал-теректерде нұсқын қалмады. Әлжуаз сарғылтым жапырақтарын сыпырып-сыйырып тіке тонап әкетті. Ауыл шетіндегі бұзылған үйдің алдындағы жалғыз талдың да жұлма-жұлмасын шығарды. Діңі жуан бұтақты келгенімен, жапырақтарын қайырымсыз қатыгез желден сақтап қала алмапты.

Бипаз жадау тартқан жүдеңкі талды төңіректеп жүріп алды. Шешесінің көзіндей ыстық көрінеді. Марқұм анасы өсімдікті баласындай мәпелеуші еді. Ауланы алуан түрлі гүлмен көмкеріп тастайтын. Мектептен оралған соң, бақшалыққа көңіл бөлетін. Онда бұл тым жас еді. Тұлымшағы желбіреген ойын баласы шешесінен көргенін істеуге тырысады. Оншақты түп тал, қадау-қадау теректерден дараланып, оқшау тұратын осы мына мықырайған жуантық талға тырмысудан еш жалықпайтын еді.

Ол бір үйде жалқы өсті. Інісі жастай шетінеп, шешесі бала қайғысынан оңалмады. Елуге жетер-жетпесте апа-сапа көз жұмды. Онда бұл он төртте ғана-тын. Марқұмды төркіндері өз қорымдарына апарып жерледі. Әкесі іле төсек жаңартты да, Бипаз өгей шешенің қарамағына көшті. Обалы нешік, жұмсақ келді бұған. «Ананы істе, мынаны істе» деп жұмсағанына алғашқыда көндіге алмады. Соңынан еретін іні тауып бергені үшін өгей шешенің түртпегіне көнбістік танытты. Үйдің отымен кіріп, күлімен шығуға еріксіз көндігіп, шаруақор боп алған еді. Соның салқыны ма, сабаққа онша ынтасы түспеді. Әкесі мал өсіруге кірісті. Алған әйелі майсалпақтау шаруаға қырсыз. Бар салмақ Бипазға түседі. Сиыр сауып, сүттен қаймақ айырады. Қымыз баптайды. Іркіт жиып құрт қайнатады.

Жиырма шақты үйлі ауылдың күйбеңі мимырттау көрінгенімен, тұрғындарында мазасыздық басым еді. Тақта жол ауылды іргелей өтетіндіктен, барыс-келіс өз ыңғайымен жүріп жатады. Сауда-саттықта іркіліс жоқ. Бір ыңғайсыз жері – бұл жақтан кетпесе, көшіп келетіндер жоққа тән. Ауыл тайыздаған көлшіктей орта түсіп барады. Төрт түлік мыңғырайын деп-ақ тұр, малды қоғамдайтын адамдарда ынта жоқ. Аңсары қалада. Қыздардан Бипаз ғана, өзгелері оқуда. Оқуға түсе алмағандары күнкөрістің күйбеңінде. Жігіттер кәсіп іздеп кеткен. Бірді-екілі баласын әке-шешелері аяқтарын шырмап отау шығарған.

Бипаз қаланы сағалаған құрбыларына еліге қоймайды. Еңбекке алданады. Таңнан қара кешке дейін дамылдық көрмей, жатар орынға сүріне жығылады. Кішкене інісіне ғана көңіл бөліп, сонымен аздап алданады. Титықтап шаршағандық па ұйқысы қатты. Түсінде үнемі жолға жиналып, бір жаққа жүрмекші боп жатады. Үйден шығарда бірдеңесі ұмыт қалғандай артына қарайлай береді. «Кетпеші, кетпе!» деп бақырған інісінің дауысынан ояна келеді де, жүрегінің дүрсіліне құлақ түреді. Жетім жүрегі әлденені аңсайтындай ма? Торға шырмалған құсша бұлқынып, бой бермей кетеді. Ұйқысы ашылып, жайы болмағанда өзі шыр етіп дүниеге келген ескі үйді төңіректейтін қашанғы әдеті-тін. Жапырақтарынан түк қалмаған қорғансыз талды аяп кетті. Артынша өзінің де жетісіп жүрмегенін есіне алып, қияс ойға берілді. Ғайыптан бұған қанат бітіп, көк жүзінде құсша самғаса ғой, шіркін! Жарайды, биіктеп ұшсын-ақ, қайтып кеп қонатын тұғыры мына жетім тал ма?

Ол қапелімде өз ойының ерсілігіне қуыс­танды. Шешесінің інісі «ыңғайлы жұмыс тауып қойдым, тез жетсін» деп сәлем айт­қалы олқылы-толқылы. Әкесін де аяйды. Қолғабыс беретін жанашырға зәру. Әрі кішкене бауырын қимайды. Артынша қатайып алады. Мұңсыз-қамсыз ойын баласына бәрі бір емес пе?! Сонда мұның көзден кетсе де, көңілінде ұстайтын кімі бар? Әкесінің күйбеңі бір басына жетерлік. Інісі ойын баласы. Ал, шеше? Ішінен шықпаған соң ол да бұған салқын тарта береді. Анасы түсті есіне. «Қалқам-ау, неге жадырап жүрмейсің? Әкең жайдары, менің де қабағым ашық. Кітапты көп оқисың, содан жүрегіңе бірдеңе жамағаннан саумысың?!» десе, Бипаз естиярлығына бағып: «Адамдар қызық, бір-бірін өтірік сөйлеп алдайды», дейтін. Онда бұл он төртте ғана болатын. Содан бергі жылдарда керт басынан нендей қиыншылық өтпеді дейсің? Алдау былай қалып, адамдар осы күні бір-біріне суық бауыр рақымсыз. Есіл-дерттері – дүние. Баюдың жолында жеке бастарын да құрбандыққа шалып жіберуден тайынбас. Осы заманғы үлгімен бой көтерген еңселі үй төбесінен басады да тұрады. Іштегі сәнді жиһаз бөтен үйдің мүлкіндей көзіне жат көрінеді. Жалтыраған әсем бұйымдардың кісіні арбайтын сиқыры бар тәрізді. Одан «көгілдір айнаның» ертегісі басталады. Бір ауық өзіңмен-өзің арман-аңсауыңды қиялмен қуалағанға не жетеді?

Бипаз талды төңіректеп жүріп алды. Қазанның дауылы өз міндетін асыра орындапты. Сандаған сарғылтымнан ырымға екеуін ған қалдырған. Қорғансыз қос жапырақ күзгі ызғырықтан қалбалақ-қалбалақ етіп, үзіліп түсуге шақ тұр.

Әзірше жел өтіне берісетін түрі жоқ. Сонда бұларға жансебілдік қайдан келген? Бәлкім жұптастықтан шығар? Бәрібір үзілмей қалмайды. Сөйткенмен де, қытымыр табиғатқа шыдас бергенінің өзі неге тұрады?
Бипаз қоңылтақсыған сезімде төңірегіне секемдене қарады. Ауылдың көк желкесінен төнген қожыр тасты қотыраш шоқының қабағы түйіліңкі еді. Алыстан көрініс берген ірге таулар да бір түрлі сұсты. Сиырдың бүйрегіндей буылтық-буылтық қырқалар да жылан жонданып алған. Бұлыңғыр күздің қырыс қабағынан жадау тартқан белеңдер де бұйыққан көңілсіз кейіпте еді. Мына көз алдындағы жалғыз талдың да сүреңі ішін мұздатып барады. Аңғал-саңғал иесіз үй тіптен жабырқатты. «Жазғыра көрмеңдерші, – деді ол іштей, – Маған оңай деймісің? Жалғыздықтан жалықтым әбден. Тағдырымен тайталасқан қосжапырақ құрлы жоқпын».

Сөйткенше, ту сыртынан ат тұяғының дүсірі шалынды. Екпіндеп жеткен Ергеш: – Маған қарызға ақша бере тұршы, – деді түк іркіліссіз. – Басым әкетіп барады.

Бипаз одан басқаша сөз күткен еді. Ұстата салды қолына іліккенді.

– Мынауың артық, – деді ерге бір жамбастаған ол екі мың теңгелікті демімен үрлеп. – Бір жартылыққа шақта.

– Кетемін ғой, – деді қыз қалтырай күрсініп. – Менен аларыңды қамтып қалсаңшы, – Жігіт басылып қалды. Аттан түсті де, талға ентеледі.

– Оңтайлы екен, – деді қисық-қыңыр жуантық бұтаққа саусақтарын жұғыстырып.

– Неменеге?

– Жәй әшейін, – деді ол ауыр теткіп. – Сендер мені түсінбейсіңдер ғой.

Қыз қолайсызданды. Араққа емес, Ергештің мейірімге шөлдейтінін ептеп сезетін еді. Қанша ішкенімен артық-ауыс сөзін естіген емес. Анда-санда бұдан ақша сұрайтыны бар. Жапсарлас ауылда тұратын еді. Әке-шешесі машина апатынан майып боп кеткен соң, осындағы апа-жездесінің қолына келген. Бітіретін шаруасы ауылдың малын қарауылдайды. Қыл-аяғы бұзауларға шейін осының назарында. Үш аяқты тырылдақтан бір түспейді. Жездесінің малшысы есепті Ергеш ауылдың қара-құрасына бас-көз болуды да өз міндетіне алып алған. Маңайдағы ауылдардың жылқысын қарақшылар айдап кетіп жатқанда, бұлар тыныш. Құс ұйқылы ол көк желкедегі биік шоқыдан түнді күндізгідей көрсететін дүрбісімен жайылыстағы жылқыларды қалт жібермей бақылайды. Асай-мұсайы сайлы қарулы жігіт анау­-мынау ұрыдан ығыспайды. Содан да ұрылар бұл маңға жуымайды. Содан соңғы бір ермегі сырнайға дауысын қосады. Аса әкетіп бара жатпағанымен, жұғымды қоңыр үнмен неше қилы әнге басқанда, ауылдың бар баласы соңында жүреді. Зарлы әннің баурағыш әсеріне елтіген үлкендер көзіне жас алар еді. Бипазға мұның ән салғаны қатты әсер етеді. Әттең ішеді, сонысы болмаса… Былайғылар оны сөлекеттеу жүрісіне, оғаштау мінезіне бола «Жынды Ергеш» атандырып жіберген.

– Рас кетемісің? – деді ол екі мың теңгелікті қызға қайтып беріп жатып. – Жолыңа жарат.

– Ала берсейші.

– Болмайды. – Ергеш басын шайқап-шайқап жіберді. – Сенен бас жазар сұрағанда… өзіңді бір көргім кеп… Әйтпесе, ақшасыз емеспін. Тегін бақташы болғаным үшін мал иелері қалтамды құр тастамайды. Соның бәріне іше берсем жанып кетпеймін бе? Былайша, кеуіл көтеріп дегендей. Оның үстіне, туған ауылым есіме түсіп… қапылыста қаза тапқан әке-шешемді ойлап, – Ол көзіне кеп қалған жасын шаққа тежеді. – Көріп жүрсің ғой. Апа-жездемнің жаны ашымайды маған. Әйтпесе, Марфаның үйінде нем бар?

– Қызы бар емес пе? – деді Бипаз кекесінмен. – Соны қимайтын шығарсың?

– Қимағанда… былай ғой, – деді Ергеш сасқалақтап. Ол бикештің тұрағы басқа жақта. Қаланың керімі даланың бозымын қайтеді?

– Өйтсең, оларға неге жабысасың?

– Әркімнің өз есебі бар, – деді ол бір қырындаған қалпында. Сауатын сиырларына бола, әйтпесе, олар менің кімім соншама? Және өзі бар ғой, Марфа кемпірді айтам, ішетіндерді түсінеді. Көбірек сілтеп жібергенімде, дәмді асын аузыма тосып есімді жидырады. – Ол атты кекілінен сипап тұрып жалғастырды сөзін. – Менің мына Құбақаным бөтен адамға ұстатпайды. Өзіме тәк тұрады. Атты ерқашты қашаған ететін иесі. Мені «ішкіш, жынды сүрей» деп әйгілейтін өздерің емес пе?

– Сенің өзің ғой менен сырт айналатын, – деді Бипаз балаша бұртиып. – Бір құдықтың суын ішкелі кемі төрт жыл болған шығар? Арақтан басқа білерің жоқ.

– Аяймын сені! – деді ол жыларман болып. – Періштесің ғой періштесің! Сүйкімдісің және өзің. Бір ішкішке қор болып жүре ме деп… тартыншақтап… Өзімді жөнге сала алмай… саған қарауға жүзім шыдамай…

Бипаз бұрылып кетті. Оның сөзі не, өзі не?! Өтірік айта салады. Ішкіште мәлім жоқ. Марфаның қызымен әуейіленіп жүргенін жасырады. Керек емес. Осы ойын бекітіп көңілін де орнықтыруға тырысса да, іш қалтарысынан оған деген қимастық байқалады. Ақ сөзі шығар деп жұбанады. Арақ ішпесе бар ма, жігітім-ақ. Өкінішін аяушылық жеңгенде: «жаман әдеттен тыйылсаң, сендікпін деп айтсам қайтер еді?» деп және қиялдайды. Артынша айныйды. Жігіттен де бұрын бауыр басқан мекенді қиып кету бұған ауыр соғатын түрі бар. Уақыт оздырудың амалында әрнені сылтауратып, кежегесі кейін тартады да жүреді. Бар жасайтын қайраны көзіне ыстық ескі үйге қиыстайды. Жетім талға шағынып, жылап-жылап алады.

Ертеңінде тағы келген. Елбесіп-селбескен егіз жапырақ күзгі ызғырыққа беріспей қасарысып әлі тұр. Қол созымнан жоғарыдағы жуантық бұтаққа тұзақ ілініп қалыпты. Жіңішкелеу кендір арқанның үзігі. «Әлгінің шығарып жүргені ғой, – деді ызалы кекесінмен, – Қорқытпақшы. Қарай гөр өзін! Еркелігін сүйіктісіне көрсетсін. Менің кімім сонша?!» Кенет, жел өтінде тербетілген тұзақ көзіне жылан тәрізденіп кетті де, Бипаз екі қолымен бетін баса қалды. Аусар жазған арақты тоя ішіп алып, талға асылып қалса не болғаны?!

Іле жолға жиналған ол жеме-жемде қатты толқыды. «Ауылдан біржолата кетпеймін ғой. Жиі-жиі кеп тұрармын», – деп жұбатты өзін. Шешесі шығар ауызда долырып, ауыр-ауыр сөзге барды. Намысына тиіп: «Тобырға қосылып жетісерсің!» деп шүршитті ерінін. Әкесі тіптен үдеген. «Сайқалдардың санын көбейткеннен басқа саған қалада түк те жоқ», – деп тіке кетті. Кішкене Жарас та бұртиып, қабағын ашпады.
– Ауылдың сыртындағы күре жолға бет алған оны Марфа кемпір тоқтатып:

«Қызым, есіңде жүрсінші. Осында ең жақын адамың қалып барады, – деді шынайы жанашырлық ниетте. Сенсіз оған қиын соғады. Ойлан қызым, ойлан. Екі жетіден асып кетті аузына түйір салмағанына. Ішімдікті тастаймын деп өзін қинап ашығып жатыр. Бір ауыз сөзім бар дейді саған айтатын».

Бипаз сағатына қарады. Жолаушы көлігінің бұл тұстан өтуіне әлі біраз бар екен. Ескі тұрақ жолға жақын еді. Есіне анасы түсті де, солай қарай қиыстады.

Аңғал-саңғал жер үйдің әр бұрышы көзін суырып барады. Ата-ана бауырында томпаңдаған кішкене кезіндегісі, мектепке барғандағысы, анасының мейірімге толы сүйкімді дидары, өзінің аулада асыр сап ойнағаны, қыршын кеткен інісін арқалап жүргені – бәрі-бәрі көз алдына келді.

Жалғыз талға жақындауға жүрегі дауаламай, бүгежектей берген. Дұзақ жіп әлі тұр салбыраған қалпында. Жансебіл қос жапырақ табиғаттың қатал мінезіне әлі де берісетін түрі жоқ.

Осылай қарай далақтаған Ергешке елеңдеген ол қапелімде бір түрлі боп кетті. Еңсесін тұқыртып адымын жаздырмаған зіл батпаннан сәтте серпілгендей бойы жеңілейіп бара жатты. Бауыр басқан туған ауылынан ада-күде қол үзбеудің сылтауы табылғанына өзін шексіз иландырған ол осында жан тартқан қимасының бар екендігіне анық көзі жеткен сезімде босаңсып сала берген-ді.

Өмір КӘРІПҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button