Жұмбақ жан: жаңаша пайым… (Абай шығармаларының жаңаша үлгідегі басылымы хақында)

Кітапты ұстағанда, Абай шығармаларын жаңаша жүйелеп, өзгеше құрастырған редактордың батылдығына қайран қалдық. «Жаңаша үлгідегі басылым» деп жазыпты тысына. Әлгіндей айдардағы хакімнің екі томдық шығармалары қолыма бұрынғы редакторым, қаламгер Мағауия СЕМБАЙ мен математик Есмұханбет СМАЙЫЛОВ аға арқылы тиді. Әрі қарап, бері қарап, ақыры жазуға бекідік.

 

Семейлік ғалым Асан Омаровтың бұған дейін «Абай: ашылмай кеткен қырлары» зерттеуін оқығам. Мынауысы мүлде басқаша тұрпатта жүйеленіпті. Мағмұрландық. Хакім шығармаларының орналасу реті, өлеңдерінің жазылу уақыты өзгеше тұрыпты. Бұрынғы басылымдарға келмейді. Және біраз уақыттан бері Абай өлеңдері делініп жүргенімен, ақынның бір де бір шығармалар жинағына енгізілмеген туындылары бар ішінде. Батыл енгізген әрі пайымдаулары нақты. Мұхтар Әуезов еңбектері мен Тұрағұл естеліктерін әрі Қайым Мұхамедханов жазбаларын негізге алғанын құрастырушы редактор кітаптың алғысөзі мен қорытындысында айтады. Жинақтың бір ерекшелігі, Абайдың өлеңдері бір бөлек те (1-том), Қара сөздері мен аудармалары, поэмалары жеке кітап (2-том). Оны «1933 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген, Мұхтар Омарханұлы Әуезов басшылық жасаған Абай шығармаларының тұңғыш Толық жинағы кейінгі барлық басылымға эталон болып келді. Бірақ, соңғы 1995 жылғы Толық жинақта төл өлеңдер мен аудармалар топтастырылып, бірге берілді. Біз бұл соңғы үлгіден бас тартып, Мұхаң дәстүріне қайтып оралуды, яғни, Абай өлеңдерін бөлек жариялағанды дұрыстық деп білдік» деп түсіндіреді. Онысын біз де құп көрдік. Сосын кітаптың «Түсініктер» бөліміне баса мән беріліп, жаңа тұрпатты байыптауларға құлаш ұрыпты. Бәрі негізді. Бұл тұрғыда басқа да абайтанушылар пікірін білдіре жатар, біз кітаптан көріп-білгенімізді өзімізше ортаға салғанды жөн көрдік. Жаңаша үлгідегі басылымның жалпы редакторы Асан Омаровтың өзі айтпақшы, «жаңа форматты, соны үлгідегі жинақтан» байқағанымызбен бөліссек.

Әуелгі жаңалық – хакімнің «Бүркіт сыны» өлеңі. Ел аузында қалған бұл шығарманың екі түрлі нұсқасы барын көрсете отыра, құрастырушы кітапқа Мәди Тастамбекұлы арқылы жеткен бес шумақты беріпті. Қайым Мұхамедхановтың «Жаңадан табылған сегіз өлең» атты мақаласы арқылы ғылыми қолданысқа түскен бұл туынды хақында кезінде зерттеуші Зарқын Тайшыбай да жазған екен: «Бүркіт сыны» Абай поэзиясының бір кезеңі ретінде өз бағасын алуға тиіс. Басқа мысалдар сияқты Абайдың ақындық лабораториясының өзіне тән ерекшелігін танытатын біз талдаған төрт өлең («Қансонарда» – екі нұсқа, «Бүркіт сыны» – екі нұсқа) ақынның «Саятшылық туралы өлеңдер циклы» деп толық мойындауға лайық шығармалар деп санаймыз».

Бір жазбаларында Ақселеу Сейдімбек те қолдана кеткен өлеңді біз арнайы «Орталықтың» оқырмандары үшін тұтасымен жариялағанды жөн көрдік.

«Көк тұмсығы жұқалау, келсе жалпақ,

Мелжемді қожыр аяқ, бұты талтақ.

Көз ауданы қып-қызыл, кекшіл* маңдай,

Іші кең, саны жуан, өзі шалқақ.

Баялы**, құйымшақты, қауырсынды,

Құйрығы ап-ажарлы, ұзын жүнді.

Жүнді басты, шекелі, кең маңдайлы,

Жапырақ жирен шуда, жалпақ қылды.

Саңғыру жүн сабалақ, алқалы*** кер,

Тақысы, бүкісі жоқ қомағай ер.

Айыр сүйек ашамай арасы кең,

Болса жақсы, бұл-дағы бір қара жер.

Топшысы әлді біткен жоғарылау,

Шалғысы құйрығына барса таяу.

Ұшса ұшқыр, тау басында шақырмайтын,

Бір түлкіден басқамен болмаса жау.

Қалың ерін, қара тіл, қанға тоймас,

Қанша қымбат алсаң да басын жоймас.

Жирен тұяқ шұбарды тауып салсаң,

Жаза ұстаса және ұшып, әсте қоймас.

*Кекшіл – маңдай үсті батыңқы деген мағынада

**Баялы – қауырсыны жүндірек

***Алқалы – кеуде жүнінің алқаға ұқсаған шұбарлығы

Жинақты зерделеп, құрастырушы Асан Омаров «бұрынғы-соңғы басылымдарда өлеңдер саны 173 төңірегінде болса, бұл көрсеткіш 195-ке жетті» деп көрсетеді. «Бүркіт сынымен» қатар, мұнда «Жаңа закон», «Қызғалдақтай қызықты өмір», «Лашын мен шымшық», «Бөтен елде бар болса», «Кеселді болып бітеді», «Жалығуды пәледен», «Ақылды әдет жеңбегі», «Ой жүгіртіп қарашы, Мағаш бала» сынды бұрын тек мерзімді басылымдарда ғана жарияланып келген туындылары бар хакімнің. «Бүркіт сыны» жырынан Абай дәстүрі менмұндалап тұрған соң көзге оттай басылды. Бірақ, «Жаңа закон» жөнінде алуан пікір бар. Былтыр осы өлең ғаламтор бетінде жарияланғанда, біраз қазақ ақындары Абай қолтаңбасына келмейді деген уәж айтқан. Дей тұрғанмен, кітаптың «Түсініктер» бөліміндегі қисынмен қайта оқығанда, хакімнің жыры екеніне иландырмай қоймайды. Қабыл көрдік. Жаңадан енгізілген басқа өлеңдер Абайдыкі екеніне күмән жоқ.

Тек осы басылымға ғана еніп отырған екі өлеңге жеке тоқталар едік. Ол – Абайдың осы күнге дейін «адасып» келген «Есек» өлеңі және «Сегіз аяқтың» алғашқы нұсқасы». Асан Омаровтың байыптауынша, «Есек» – хакімнің тұңғыш мысалдарының бірі көрінеді. Ақынның бұл шығармасы осыған дейін Крыловтан аударма ретінде беріліп келгенімен, кейіннен Крыловта мұндай мысал жоғы анықталған. Ал, 2016 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан Абай шығармаларының екі томдық толық жинағында бұл өлең «адасып» барып, Абайдың Крыловтан жасаған аудармаларының соңына орналастырылған екен. Крыловтан аударма екені, я, ақынның өз өлеңі екені беймәлім болатын оқырманға. Осы жолы Абай шығармаларының арасына «кетігін тауып қаланғанға» ұқсайды. Сондай-ақ, мұндағы «Сегіз аяқтың» алғашқы жазылғандағы нұсқасы» хакімнің ақындық ұстаханасына жақындата түсері даусыз. Бұрын, біз білгелі «Немере інісі өлгенде айтқаны» делініп, Әбдірахман өліміне жазылған өлеңдерінің соңында жүретін «Көз жұмғанша дүниеден…» шығармасына әуелгі «Әкімбай өлгенде» атын қайтарып, алғашқы жырларының қатарына қосқаны орынды болған. Өлең тарихы хақында «Түсініктер» бөлімінде жақсы айтылыпты да. «Әкімбай – Абайдың Ділдәдан туған екінші ұлы, Ысқақтың бала көтермеген адуынды әйелі Мәніке бауырына салған» көрінеді.

Бізді мазалаған бір түйткіл – «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңіне қатысты. Бұл кітап жарыққа шықпай тұрып Асан аға Абайдың ол өлеңіне «Абай: ашылмай кеткен қырлары» зерттеу еңбегінде тоқталған-ды. Сонда «Таласбек Әсемқұловтың осы өлең туралы жазған «Аюп пен Абай» мақаласындағы ойды қуаттап, «Тоқетері, Абайдың «Жарқ етпес…» өлеңі 1895 жылдыкі болуы мүмкін. Өйткені, ол Тәңіріні жүрекпен танудың жаңғырығы дегенге келіспеуге қиын» дейді де, өзі құрастырған Абайдың мына кітабында аталған туындыны ақынның алғашқы өлеңдерінің қатарына, 1875 жылға апарып қояды. Әрі «тамаша ғашықтық өлең» деп махаббат лирикасына қосады. Таласбек Әсемқұловтың әлгі мақаласын біз де оқығандықтан, және бұл өлең Абайдың алғашқы өлеңдеріне ұқсай қоймағандықтан, өз тарапымыздан ғалымның алғашқы пікірінде қалғаны дұрыс па еді деген ойға қалдық… Себебі, «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да, Аспанда Ай менен Күн шағылса да» дегенде ақын бұл дүниелік құбылысты айтпағанға ұқсайды. Аспанда Ай мен Күн шағылса әлемнің күл-талқаны шыға ма, қандай құбылыс орын аларын елестетудің өзі мүмкін емес қой (Мағжанның «Күл болсын көк, жемірілсін жер уайым жоқ» дегені де осы жерден шығады ғой). Оған кісі баласының ой-өресі жете бермесі анық. Өмірде елестетудің өзі қорқынышты сондай жағдай туған күнде де мәңгілікке жалғайтын ұлы Тәңіріге деген махаббат сол қалпында қалуға тиіс емес пе екен бір мағынасы?! «Дүниеде сірә сендей маған жар жоқ, Саған жар менен артық табылса да» демей ме?! Әңгіме – «Ай мен Күн шағылып қалса да, жарқ етпейтін қара көңілде» ғой. Әсіресе, «қара көңілім» сөзінде. Бұл бірінен соң бірі балалары кете беріп, қайғыдан қан жұтып қарайып қалған қара көңіл ме, әлде, қара өлең, қара қазақ деген сияқты қара көңіл деп түпкі, негізгі көңілді (ой) айтып тұр ма?

Ай мен Күн шағылып, күл-талқаны шықса да, жарқ етпес қара көңілім Тәңірге байлаулы деп тұрғанға ұқсайды… Не дүниені болсын үлкен жүрек, терең пайым, биік сезіммен жырлайтын ақынның ынтық көңілінің өзі Тәңіріге деген махаббатқа ұласып кетуі де кәдік, ол жағы да бар…

«Шығармалар хронологиясы, реттелу тәртібі елеулі түрде өзгертілді. Кезінде Мұхтар Әуезов: «…Кейбір 1909 жыл баспасына кірген өлеңдердің жылдарын анықтап ойласа түсуіміз керек» – десе, шәкірті Қайым Мұхамедханов: «Абай шығармаларының жазылу тарихы, жазылған жылдары нақтылы зерттелмеген» – деп ұстазына үн қосады. Міне, осы олқының орны толтырылды» деп батыл жазады редактор. Жинақты парақтағанда, ондағы өзгешеліктер көзге ұрып қана қоймайды. Абайдың ақындық ұстаханасы, өсіп, жетілу жолы бірден байқалады. «Сегіз аяқтың» алғашқы жазылған нұсқасының» өзі соны аңғартпай ма?! Ол – бер жағы ғана. Хакім шығармаларының туу жылдарын басқаша реттеп, жеті кезеңге бөліп қарастырған редактордың еңбегіне еріксіз бас шайқайсыз. Өйткендегі дәлелді тұжырымдары да тыңғылықты. 1-бөлім: «Абайдың жас шағындағы шығармалары» (1855-1878), 2-бөлім: «Абайдың ғылым-білім алған шағындағы шығармалары» (1879-1883), 3-бөлім: «Абайдың атқамінер ортаны және ел мінезін сынаған өлеңдері» (1884-1886), 4-бөлім: «Абайдың ұстаздық және сыршылдық өлеңдері» (1887-90), 5-бөлім: «Абайдың ойшылдық өресіндегі өлеңдері» (1891-1895), 6-бөлім: «Абайдың хакімдік деңгейдегі өлеңдері» (1896-1902), 7-бөлім: «Абайдың ақтық өлеңдері» (1903-04). Бұл – біз бұрын-соңды байқап-білмеген тың өріс. Әсіресе, Абай сөзін ардақ тұтып, қайталап оқушы қауым үшін тың бастама. Абай әлеміне жақындай түсудің таптырмас тың амалы.

«Абайдың ақтық өлеңдері» дегенде, басқаны қайдам, мен әрі-сәрі күйде қалдым. Соңғы беттегі

«Күнәйім көп Илаһи,

Кешіре гөр мұнымды.

Барар басқа жерім жоқ,

Ұсындым Хаққа мойнымды.

Ата-анам едің қара жер,

Аша гөр енді қойныңды» деген өлеңі Мағауия өлімінен кейін Құнанбай басына барып «әке, мені алып кете гөр» деп күңіренген Абайды елестетті. «Алыстан сермеп, жүректен тербеп» тұратын «жұмбақ жанға» бізді осылай жақындатты бұл кітап. Әзірге жүз-ақ данамен шығарылған жинақтың тиражын көбейткен абзал ма деп қалдым, сондықтан.

«Абай шығармаларының жаңаша үлгідегі басылымының» 2 томына хакімнің Қара сөздері мен аударма, поэмалары еніпті. Құрастырушы онда бұрынғы қырық бес Қара сөзді екіге бөліп қарастырған. Сонда «Тасдиқ» (38-сөз) атты жеке кітап пен «Ғақлия» атты қырық Қара сөз жеке кітап болып шыққан. Редактор мұны былай түсіндіреді: «Тасдиқ» – атеистік идеологияға қарама-қарсы бағыттағы шығарма (Құдайды тануға бастайтын шығарма ғой. Ж.Ә). Соған қарамастан, 1933 жылғы тұңғыш Толық жинаққа енді. Бұл сталиндік қапас – ажал тырнағынан енді ғана босаған Мұхтар Әуезов тарапынан жасалған жанқиярлық ерліктің үлгісі еді. Бірақ оны 38-сөз деген реттілікпен өзге қара сөздердің арасына жасырып, бүркемелеуге мәжбүр болғаны талассыз ақиқат». Қара сөздерін жүйелі оқып, зерделей қоймағандықтан, ол хақында жақ ашқанды жөн көрмедік те.

Хакімнің өзі айтпақшы, «аспанда Ай мен Күн шағылса да», оның мызғымас қара жердегі жалғыз-ақ әлемі – Тәңіріге жүрекпен жақындау. Ол үшін «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі» «Толық адам» деңгейіне көтерілу – мұрат.

Абай ақылмандығын дарытса да, күйігін бермесін ендігі қазаққа.

Жәнібек ӘЛИМАН.