Өзге елдегі еңбек өтілі есептеле ме?
Мен, Моңғолия елінен келген этникалық қазақпын. Тарихи Отанға біржола көшіп келдім. Зейнетке шығу барысында менің Моңғолия еліндегі еңбек өтілім есепке алына ма?
Данагүл ҚУАНБАЙ.
Иә, есепке алынады. 2018 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту сұрақтары бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы және 2013 жылғы 21 маусымдағы «ҚР зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» Заңының 13 бабының 1 тармағы 18 тармақша Қазақстан Республикасына тұрғылықты тұруға келген этникалық қазақтардың еңбек өтілін жасқа байланысты зейнетақы тағайындау барысында есепке алу тармақшасымен толықтырылды. Аталған заң нормасы тек тұрғылықты тұруға келген этникалық қазақтарға қатысты.
Мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемiн бюджет қаражаты есебiнен беру, сондай-ақ уәкілетті ұйымнан төленетін зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақыларды, мемлекеттік арнайы жәрдемақыларды тағайындау және жүзеге асыру қағидалары ҚР тұрғылықты тұруға келген этникалық қазақтардың көшіп кеткен мемлекеттегі еңбек өтілін дәлелдейтін құжатпен толықтырылды. Яғни, Сіз, жасына байланысты зейнетақы тағайындауға жүгінген уақытта көшіп келген мемлекеттегі еңбек өтіліңізді дәлелдейтін құжатты өткізуге құқылысыз. Құжаттардың басқа тілден аудармасының дұрыстығы ҚР «Нотариат туралы» Заңы негізінде куәландыруы қажет.
Ләззат СЕМБЕК,
Енбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің №1 зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бас маманы.