Қоғам

Зейнетақы төлемін алудың алгоритмі

Бейнетімен тапқан зейнетінің белгілі бір бөлігін қарттыққа жетпей қолданады бұйырса, бұқара. Жаппай емес, әрине. Жиған-тергеніңіз жасыңызға қарай шекті мөлшерден асса. Оған қоса, қағидада көрсетілген талаптарға сай келсе. Қалай? Қайтіп? Оның бәрі ережеде ежіктеп көрсетілген. Сөйтіп, өткен аптадағы 7 күннің «қою нүктесін» біржолғы зейнетақы төлемдерін үй жағдайларын жақсартуға пайдалану қағидаларының бекітілуі қойған-ды. Мұны бұқара былтырдан сары майдай сарыла күткен. Содан бері естіген құлақта, Үкіметте де маза жоқ. Әйтеуір, игіліктің ерте-кеші болмайды. Сағындырған қағида кешегі күні жария етілді. Іле-шала, тіпті, ашық ресурстағы деректер онлайн өтініштердің көптеп түскенін де мәлімдеп отыр. Ал, қағида мұның «айдаладағы батпан құйрық, бостан-босқа жатқан құйрық» еместігін айтады. Яғни, шашау шығаруға жол жоқ. Зейнетақы жарнасындағы қаржысын кімнің қайда, не мақсатқа жұмсауы керектігі ақ қағазда қара сиямен жазылып тұр.

3 күнде – 13 мың өтініш

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бекіткен ережеден соң 23-қаңтардан бастап, өтініш қабылдайтын арнайы сайт ашылды. Өтініштер тек онлайн түрде жолданады. Портал іске қосылған бетте еліміз бойынша 13 мың өтініш тіркелген. Бұл өтініштерді қабылдайтын платформа Еnpf-otbasy. kz. «Отбасы банкінің» Қарағанды филиалының мамандары «осы уақыт аралығында Қарағанды облысы бойынша шамамен 2 мыңға жуық өтініш келіп түсуі мүмкін» деген болжам айтады. Әзірге толық ақпарат жоқ.

Біржолғы зейнетақы төлемі қандай мақсатқа жұмсалады?

Сонымен, біржолғы зейнетақы төлемдерін кім және қандай жағдайда пайдаланады? «Отбасы банкі» АҚ Қарағанды филиалының мамандары бұл қаржыны пайдаға асырудың 7 бағыты барын атады.

Бірінші – ипотеканы ішінара немесе толық өтеу (тұрғын үй сатып алу, тұрғын үй сатып алу+жөндеу (оның ішінде, Ислам банкінің қаржыландыруы аясында), «Отбасы банкінде» құрылысқа алынған заем.

Екінші – бастапқы немесе қайталама нарықтан ипотекасыз тұрғын үй сатып алу. Пәтерді, жеке тұрғын үйді, жатақханадан бөлмені (оның ішінде үлестік қатынас туралы шарттар, ҚР заңнамасына сәйкес көппәтерлі тұрғын үйдегі үлесті беру туралы шарттар бойынша) сатып алуға болады.

Үшінші – «Отбасы банкінен» заем алу. Тұрғын үй сатып алу, тұрғын үй сатып алу+жөндеу, құрылыс + жер телімін қоса алғанда.

Төртінші – ипотека бойынша бастапқы жарнада қолдану. Тұрғын үйді сатып алу, тұрғын үйді сатып алу +жөндеу.

Бесінші – тұрғын үй бағдарламалары және дағдарысқа қарсы бағдарламалар аясында ұсынылған сатып алу құқығымен жалдау шарты бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеу.

Алтыншы – жеке тұрғын үй салу (жер телімін сатып алуды қоса алғанда).

Жетінші – «Отбасы банкіндегі» ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру.

Ал, жақын туған-туыстарына, жұбайына, зайыбына қаражатты беру үшін араларындағы туыстық қатынастарды растауы қажет. Біржолғы зейнетақы төлемі белгіленген талаптарға сәйкес шектеусіз пайдаланылады. Алушының меншігінде тұрғын үйдің болуы біржолғы зейнетақы төлемдерін алудан және пайдаланудан бас тартуға негіз болмайды. Тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемін пайдалану қолма-қол ақшасыз жүзеге асырылады.

Бұл бағдарламадағы бірденбір оператор – «Отбасы банкі» екені мәлім. Алайда, қазіргі күні өзге де екінші деңгейдегі банктердің оператор бола алатыны белгілі болды.

Неге рұқсат жоқ?

Біржолғы зейнетақы төлемін пайдалана отырып, меншікке рәсімделген жылжымайтын мүлікті 5 жыл ішінде сатуға болмайды. Сонымен қатар, жұбайынан, жақын туыстарынан жылжымайтын мүлікті сатып алу үшін берілмейді.

Сонымен қатар, маманның айтуынша, зейнетақы төлемін жеке дара үй жөндеуге қолдануға рұқсат жоқ. Бұл жағдайда үйді ипотекалық несиеге рәсімдегенде екі мақсат көрсетіліп, бір несие беріледі. Тек солай ғана біржолғы зейнетақы төлемдерін қолдануға мүмкіндік бар. Ал, өзініз үй алып, оны жөндеу үшін БЖЗҚ-ға жүгіне алмайсыз.

«Ипотекалық несие рәсімдеу барысында зейнетақы төлемі пайдаланылған кезде екі мақсат көрсетіледі. Бірі – несие, екіншісі – үй жөндеу. Сол екі мақсатқа сай зейнетақылық төлеміңізді үй жөндеуге пайдалана аласыз», – дейді «Отбасы банкі» АҚ Қарағанды филиалының маманы Мирас Крайев.

Қандай жағдайда кері қайтарылады?

«Отбасы банкі» өтініш берушінің біржолғы зейнетақы төлеміне арналған өтініші қаралғаннан кейін 2 жұмыс күні ішінде мәліметтерді БЖЗҚ-ға жібереді.

БЖЗҚ электрондық хабарлама алған күннен бастап, 5 жұмыс күні ішінде «Отбасы банкіне» аударады. Ал, қаражат арнайы шотқа түскеннен кейін өтініш беруші зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсатын растайтын құжаттарды 45 жұмыс күні ішінде «Отбасы банкіне» ұсынуы тиіс. Егер ол ұсынылмаса, қаражат БЖЗҚ-ға автоматты түрде кері қайтарылады.

Бағдарламаға қатысудың жолы

Әрбір азамат алдымен өзінің зейнетақы қорындағы жинағының мөлшерін біліп алуы тиіс. Сол арқылы ақпарат алып, «Отбасы банкінен» немесе кез келген екінші деңгейлі банктен арнайы банк есепшотын ашады. Өтініш беруге арналған арнайы интернет ресурсқа электронды цифрлы қолтаңбасын енгізіп, кіреді. Сөйтіп, қордағы жеткілікті мөлшердің үстіндегі ақшаны қандай мақсатқа пайдаланатынын көрсетіп, өтініш береді. Мақұлданғаннан кейін «Отбасы банкіндегі» портал арқылы растайтын құжаттарды тіркеп, арнайы есепшотындағы ақшаны өзі көрсеткен сатып алушыға, ипотеканы өтеуге жолдайды.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button