Ресми

Жұмысшы маманға сұраныс өсе ме?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында көтерілген «Халықтық құрылыс» бастамасы елдегі инфрақұрылымды жаңғыртып қана қоймай, еңбек нарығына да тың серпін бермек. Аймақтарда әлеуметтік нысандардың бой көтеруі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының дамуы және өндірістік жобалардың жүзеге асуы жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Әсіресе, құрылыс, өндіріс және техникалық бағыттағы жұмысшы мамандықтарға сұраныс арта түспек. Бұл – жастарды еңбекке тартуға, кәсіби мамандар даярлауға және өңір экономикасын жандандыруға жол ашатын маңызды қадам.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Мемлекет басшысы Жолдауында өңірлерде әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын жедел бастауды тапсырды. Алғашқы кезеңде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны, оның ішінде перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек станциялары мен балаларға арналған оңалту орталықтары салынбақ. Сонымен қатар, білім беру, спорт және мәдениет бағытындағы 50-ге жуық мекеменің құрылысы басталады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына да қомақты қаржы бөлініп, елдімекендерге газ бен таза ауыз су жеткізу көзделіп отыр.

– Осындай аса қажетті, сапалы нысандардың құрылысын жедел түрде бастап, көп ұзамай іске қосуымыз керек. Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қомақты қаржы бөлінеді. Көптеген елдімекендерге газ және таза ауыз су тартылады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы бұл ауқымды бастаманы «Халықтық құрылыс» деп атауды ұсынып, оның ел игілігін арттыруға бағытталғанын атап өтті. Расында, мұндай ірі инфрақұрылымдық жобалар тек жаңа ғимараттар салумен шектелмейді. Құрылыс жұмыстарының басталуынан бастап нысандарды пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңде түрлі сала мамандарының еңбегі қажет. Демек, бұл бастама құрылысшыларға, дәнекерлеушілерге, электрмонтерлерге, инженерлерге, жүргізушілерге және өзге де техникалық мамандарға жаңа мүмкіндік береді.

Қарағанды облысының еңбек нарығындағы ахуал да жұмысшы мамандықтардың маңызын айқындай түседі. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қарағанды қаласының Мансап орталығында жастар қатарынан 1049 адам тіркелген. Ал, облыс қалаларындағы жұмыссыз жастардың жалпы саны – 1803 адам.

Сонымен қатар, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейінде оң динамика байқалады. 2026 жылдың екінші тоқсанында облыста бұл көрсеткіш 2,7 пайызды құрады. Салыстырмалы түрде айтсақ, республика бойынша жастар жұмыссыздығы 2,9 пайыз деңгейінде қалыптасқан. Былтырғы жылдың осы кезеңінде облыстағы көрсеткіш 3 пайыз болған. Яғни, бір жылда 0,3 пайыздық тармаққа төмендеген.

Өңірдегі бос жұмыс орындары да еңбек нарығында мамандарға деген қажеттіліктің бар екенін көрсетеді. «Электрондық еңбек биржасы» Enbek.kz порталында 4988 жұмыс берушіден 9033 бос жұмыс орны туралы хабарландыру жарияланған. Оның ішінде өндірістік және жұмысшы мамандықтар бойынша шамамен 1500 вакансия бар. Ұсынылатын жалақы мөлшері 150 мың теңгеден 600 мың теңгеге дейін жетеді.

Қарағанды облысында электрмонтер, дәнекерлеуші, слесарь, токарь, құрылысшы-монтаждаушы, жүк және автобус жүргізушісі, шахтер, сантехник секілді мамандарға сұраныс жоғары. Бұған өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті, өндіріс орындарының тұрақты жұмысы және құрылыс саласындағы жобалар тікелей әсер етеді.

Әсіресе, «Халықтық құрылыс» аясында жоспарланған нысандар іске асқан сайын білікті жұмыс күшіне қажеттілік арта түсуі мүмкін. Себебі кез келген құрылыс нысанының сапалы әрі уақытылы аяқталуы тек қаржыландыруға емес, кәсіби мамандардың біліктілігі мен тәжірибесіне де байланысты.

Еңбек нарығындағы сұраныс жастар үшін де маңызды бағдар болуы тиіс. Бүгінде мамандық таңдауда тек жоғары білім алуға емес, нақты кәсіптік дағдыларды меңгеруге де мән беру қажет. Өйткені, өндіріс орындары мен құрылыс компанияларына теориялық білімі бар кадрлармен қатар, өз ісін жетік білетін, заманауи технологиямен жұмыс істей алатын тәжірибелі мамандар қажет.

Бұл ретте техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының рөлі арта түседі. Колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты күшейту, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне жағдай жасау және сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадр даярлау – уақыт талабы. Жастардың еңбек нарығына ерте бейімделуіне, тұрақты жұмыс табуына және кәсіби тұрғыдан қалыптасуына осындай мүмкіндіктер ықпал етеді.

Сонымен қатар, жастар кәсіпкерлігін дамыту да жұмыспен қамтудың маңызды бағыты саналады. Өз ісін ашуға ниетті жастарға қолдау көрсету, кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік беру және шағын бизнестің дамуына жағдай жасау өңір экономикасына қосымша серпін береді.

Аида РАХЫМҚҰЛ
Ortalyq Qazaqstan

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button