Жаңалықтар

Зейнеп АХМЕТОВА: «Институттың іргетасын босатып алдық»

 

«…Ата – бала – немере. Бұл институттың іргетасын әбден босатып алдық. Өйткені психолог деген «мықтылар» шықты. Бүкіл елді шарлап, дәріс оқып жүр. Тіпті, «ата-әжеге бала баққызу зиян» деп те жазды. Әрине, немересін жақсы көрмейтін халық жоқ. Бірақ біздің қазақтыкі басқа.

Ата-әжелер тұңғыш немересін өзінің кенжесі ретінде бауырына салады. Себебі баланың ата-анасы кеше ғана үйленген, қалай тәрбиелеуді білмейді. Сол кезде ата-әже көмекке келеді. Олар әке-шешесін ұмыттырмайды, тек тәрбиелейді.

Сол ата-әженің бауырында өскен балалар ерте есейеді. Оның сөйлеу мәнері, өмірге көзқарасы, адамдармен қарым-қатынасы мүлде басқа. Қазақтың небір марғасқалары ата мен әженің қолында өскен. Бір жағынан немере баққан үлкен кісілердің жасы да ұзара түседі. Неге десең, «Осы шырағымның ер жеткенін көрсем» деп армандайды. Сосын мектепке барғанын, оқу бітіргенін, тойын көргісі келеді. Сөйтіп, үміт алға сүйрейді.

Психологтар ортадан кірікті де, оның бәрін зиян қылып көрсетті. Қазір көптеген ата-әжелер: «Әкесін бақтым, енді өзім үшін өмір сүргім келеді» дейтін болыпты. Үлкеннің беретін тәрбиесі болмағандықтан, обал мен ұятты жоғалтқандықтан да, қатыгез, ойсыз еліктейтін санасыз ұрпақ жетіліп келе жатыр. Ә дегенде бізде ұлттық идеология жасалмады.

Марқұм Бақытжанның Ата Заң қабылданған күні айтқан бір әңгімесі бар. «Жарайды, Ата Заң қабылданды.

Оны Қазақстанда тұратын барлық ұлт орындауға міндетті. Өйткені сен осы мемлекеттің нанын жеп, суын ішіп отырсың. Ал енді ата болған жерде, қалай ана болмайды?» дейді. Мен таңғалып: «Ана заң деген не?» десем, «Ана заң – әрбір ұлттың сан ғасыр сарабынан өтіп келген ұлттық құндылықтары» деді.

Осы сөз үнемі есіме түседі де тұрады. Шынымен де, ана сүтімен бойға сіңетін «Ана заңы» ескерусіз қалған. Сондықтан неше түрлі имансыздық, тексіздік, қылмыс орын алып жатыр…»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button