Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Үздік тәлімгер анықталды

Қарағанды облысының білім басқармасы мен облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы «Үздік тәлімгер – 2021» байқауының қорытынды кезеңін өткізді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Жасампаздыққа толы жылдар» тұжырымдамасы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде өткізілген байқауға облыс мектептерінен 36 аға тәлімгер қатысты.

Байқаудың мақсаты – тәлімгерлердің кәсіби шеберлігін арттыруға жағдай жасау, тәжірибе алмасу және педагог мамандығының беделін арттыру.

Бірінші кезеңі 2021 жылдың 30 наурызы мен 13 сәуірі аралығында өткен байқауға облыстың білім беру ұйымдарының аға тәлімгерлері 36 портфолио ұсынды. Нәтижесінде, финалға Балқаш, Саран қалаларынан, Абай, Бұқар жырау, Осакаров және Қарқаралы аудандарынан 6 тәлімгер шықты.

Байқаудың ақтық кезеңінде қатысушылар «Сәлем сөздің анасы» «Педагогикалық жағдаят», «Ұрпақтар сабақтастығы – ұлттық құндылық» бөлімдерінде кәсіби шеберліктерін танытты. Байқау қорытындысы бойынша І орынды Қарқаралы ауданының №16 мектеп тәлімгері Бибігүл Қанафина, ІІ орынды Балқаш қаласындағы №17 мектептің тәлімгері Аяжан Есенбаева, ал, ІІІ орын Осакаров ауданының №29 мектебінің тәлімгері Рауа Дурэмбайға бұйырды.

Жүлделі орындардан бөлек, номинациялар да болды. «Тәжірибе және шеберлік» номинациясына Бұқар жырау ауданының Ю.Гагарин тындағы мектептің аға тәлімгері Татьяна Оленич ие болса, Саран қаласының №2 мектептен қатысқан Илья Карпов «Өз ісінің шебері» номинациясына лайық деп танылды. Ал, Абай ауданының Құрма тірек мектебінің аға тәлімгері Ботакөз Адамбаева «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясына ие болды.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button