Бас тақырып

Зауытқа білікті кадр қажет

Биыл Қарағанды облысында 11 инвестициялық жоба іске қосылуы тиіс. Бұлардың қатарында Saran индустриялық аймағында орналасқан кәсіпорындар да бар. Мәселен, аймақта тұрмыстық техника зауытының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Өзбекстандық «Аrtel» компаниясының қатысуымен салынып жатқан зауытта келешекте мыңнан аса адам еңбек етпек. Қазір қажет кадрды оқыту жұмыстары басталып кетті.

Сейсенбі күні облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құрылыс барысымен танысып, басқа да кәсіпорындарға арнайы барды.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Зауыт бұрынғы резина-техникалық бұйымдар зауыты аумағында тұрғызылады. Аймақ басшысына жобаның аяқ алысы туралы баяндаған «Silk Road Electronics» ЖШС-нің директоры Талғат Әбдірахмановтың айтуынша, жұмыс кестеге сай жүріп жатыр.

– Қазіргі уақытта бұрынғы резина-техникалық бұйымдар зауытының аумағынан өндіріс алаңын дайындап жатырмыз. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргіземіз. Жабдықтарды жеткізу шаруасы шешілуде. Маман мәселесіне айрықша мән беріп отырмыз. Сәйкесінше, Шахтинск колледжінің базасында кадр даярлау басталды. Біздің серіктесіміз – өзбекстандық «Аrtel» компаниясы. Сол жақта зауыт бар. Бүгінде Ташкентте тағылымдамадан өтетін кандидаттар тобын құрдық, – дейді директор.

Кәсіпорынның жылына миллион данаға дейін тұрмыстық техника құрастыруға мүмкіндігі бар. Және толық қуатына шыққанда 1200 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді деп күтілуде. Ал, оған дейін 300-400 жұмыс орны құрылады.

Зауыт өнімі импорттық тауарды алмастыруға қауқарлы. Күнделікті қолданыстағы кіржуғыш машина, теледидар, шаңсорғыш, газ пеші мен өзге де техника құралдарына сұраныс зор болатыны анық. Тек, бәсекеге төтеп беруі үшін сапасына баса мән берілуі керек.

Сарандағы орталықтандырылған жылу жүйесінің жай-күйі көпшілікті көптен бері мазалап жүрген мәселенің бірі еді. Жылдар бойы түрлі себептермен орталық қазандықтың құрылысы кібіртіктеп келді. Енді қазандықтағы құрылыс қайта жанданды. Облыс әкімі бұл нысанға да арнайы ат басын бұрды.

Қазір мұнда жабдықтау жұмыстары жүріп жатыр. Энергия үнемдейтін төрт қазандық орнатылды. Жауапты тұлғалардың мәлімдеуінше, кестеден кешігу жоқ.

Жұмыс сапары барысында Ермағанбет Бөлекпаев қаладағы тағы бірнеше кәсіпорынға барды. «Kazcentrelectroprovod» ЖШС қызметімен танысты.

Компания мыңнан астам өнім түрін шығарады. Кәсіпорын өнімдері өнеркәсіпте және азаматтық құрылыста, машина жасауда, телекоммуникация және байланыс саласында, тау-кен және мұнай өңдеуде, металлургияда кеңінен қолданылады. Ішкі нарық қажеттіліктерін қамтамасыз етумен қатар экспортқа да жұмыс істейді.

Ермағанбет Қабдулаұлы келесі барған «Sunpaper» ЖШС қағаз өнімдерімен аты мәлім. Компания бірнеше жыл бұрын Алматыдағы өндірістік алаңын Саранға көшірді. Бұрынғы автобаза аумағында цехтар салынды. Қазір облыстан тыс өңірлерді де майлық, дәретхана қағазы, қағаз сүлгі сынды тауармен қамтамасыз етіп отыр.

Индустриялық аймақ Саран қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі серпін берді. Бұл жайлы аймақ басшысы да тұрғындармен кездескенде айтып өтті.

– Индустриалды аймақтың пайда болуы резина-техникалық бұйымдар шағын ауданының әлеуетін көтерді. Бірте-бірте өндіріс қуаты артып, қаламыз дами түсетіні сөзсіз. Біз өз тарапымыздан жайлы өмір сүру талаптарын қамтамасыз етуге тырысамыз, – деді облыс әкімі.

Моноқалада төрт көпқабатты үй қалпына келтірілді. Тағы 14 үй кезең-кезеңімен қайта жөнделеді. Инфрақұрылымға да назар аударылуда. Қалпына келтірілетін үйлерге инженерлік коммуникациялардың құрылысы жүргізілуде.

Сондай-ақ, №7 мектеп-интернатты күрделі жөндеуден өткізу жоспары бар. Шағын ауданды аралап көрген аймақ басшысы білім ордасына кіреберіс жолдарды асфальттауды тапсырды.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button