Тұлға

Зақаңның айтқандары

     Белгілі журналист, филология ғылымдарының кандидаты, қазір Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Зарқын Тайшыбай Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде, одан соң ҚарМУ-да кафедра меңгерушісі болып көп жыл қызмет атқарды. Сол кездерде Зақаңның ел арасында тараған әңгімелері көп. Соның бірнешеуін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Не деп ойлар екен?»

Бір жылы Қарағандыға гастрольдік сапармен келген “Отырар сазы” оркестрі Кеншілердің мәдениет сарайында шахтерлерге арнап концерт берді.

Бір кезде сахнаға қазақша киінген 6-7 жастардағы кішкентай ұл бала шығып, оркестрге дирижерлік етіп тұрған Нұрғиса Тілендиевке гүл шоғын ұсынды. Нұрекең оған риза болып кетсе керек, баланы көтеріп алды да, шалбарын түсіріп, “мәмпәсиінен” бір иіскеп қоя берді.

Ертеңіне осыны еске алып тұрып облыстық газетте істейтін Зарқын Тайшыбаев:

– Масқара болдық қой, – дегені.

– Неге? – деп біз бәріміз шу ете қалдық.

– Енді ғой бүкіл басқа халық: «Қазақтар гүл берген адамның бәрінің борбайынан иіскейтін шығар» деп ойламай ма?.. – дейді Зақаң жымимастан.

«Ондатр шәпке»

Бірде мереке қарсаңында газеттің айқарма бетіне екі жолдық ұйқасы бар тақырып қажет болады. Мұны газетшілер тілінде «шапка» деп атайды. Сондай бір «шапка» таба алмай, біреу анадай ұйқас, біреу мынадай ұйқас іздеп жанталасып жатса, марқұм Шайхан Жандаев келіп:

– Қандай шапкеге таласып жатырсыңдар? – дейді ғой.

Оның тура мағынада сұрап тұрғанын біле қойған Зақаңның ойына бір қулық келе қалады да:

– Кәсіподақ комитеті арқылы бес-алты ондатр шапке алғыздық. Соны бөлген болатынбыз. Саған жетпей қалды, – дейді.

Сол кезде кәсіподақ комитетінің төрағасы Кәртай Ермекбаев ақсақал еді. Шәкең жүгіріп сол кісіге барады.

– Кәке, анау құлақшынның бірін маған неге бермегенсіздер?

Онсыз да бірдеңеге ренжіп отырған Кәкең:

– Қайдағы құлақшын? Не оттап отырсың? Кет, басымды қатырмай, – деп қуып жібереді.

Енді Шәкең редакторға кіреді.

– Құлақшыным тозып жүр еді, – деп Шәкең әңгімені алыстан бастайды.

Ол кездегі редактор Рамазан Сағымбеков марқұм түк түсінбей қарап отырып қалады. Шәкең әңгіменің соңын «тарап кеткен ондатр шәпкеге» әкеліп тірейді ғой. Редакцияда болып жатқан оқиғадан хабарсыз қалғанына ренжіген Рақаң кәсіподақ комитетінің төрағасын шақырады. Ол кісі де түк білмейді. Ақыры сұрай-сұрай келе әңгіменің ұшығы Зақаңнан шыққаны, бәрі қалжың екені белгілі болады. Шәкең өзінің алданғанын сонда ғана біліп, ұялғанынан қызарақтап күле беріпті.

«Бұйра шаш»

Бір күні қарт журналист Қағазбек Сәденов Зақаңа келіп, бір шаруасын айтады. Зақаң Қағазекеңе мұндай шаруамен облаткомда кімнің айналысатынын түсіндіре бастайды.

Сонда Қағазекең:

– Ол қандай кісі? – деп нақтылап сұрайды.

Қағазекеңнің ол кісіні танымайтындығын біле қойған Зақаң:

– Ол бәлен кабинетте отыратын, қою бұйра шашты, бәлен деген кісі, – деп жөн сілтеп жібереді.

Қағазекең майысып қана жүретін, биязы адам. Әлгі айтқан кабинеттің есігін еппен ашып қараса – кабинетте жалтыр бас бір адам отыр екен, есікті жып-жылдам жаба қояды. Қағазекең бір айналып келіп, есікті тағы да ашып қараса, әлгі тақырбас адамнан басқа ешкім жоқ. Ана кісінің «Кіріңіз» дегеніне де қарамастан есікті тағы да жаба қояды.

Содан коридорда өтіп бара жатқан бір кісі Қағазекеңді танып:

– Кімді күтіп тұрсыз? – деп сұрапты.

Қағазекең өзінің күтіп тұрған кісісінің аты-жөнін айтса, анау есікті ашып қарайды да:

– Өзінде отыр ғой, неге кірмей тұрсыз? – дейді таңданыспен.

Зақаңның «қою бұйра шаш» деген қалжыңын сонда ғана түсінген Қағазекең санын бір-ақ соққан екен.

«Сөзін түсінбедім»

Зақаң газетте әдебиет және мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып жүрген кезінде сол бөлімнің әдеби қызметкері, шымкенттік Гүлсім Оразалиевамен бір кабинетте отырды.

Бірде Гүлсім ауылымен телефон арқылы сөйлесіп жатқан кезде, Зақаң еркін сөйлессін деген ниетпен кабинеттен шығып кетеді ғой. Оған кездесіп қалған машбюроның келіншектерінің бірі:

– Зақа, коридорда неге жүрсің? – деп сұраса:

– Гүлсім ел жағымен сөйлесіп жатыр. Сөздерін түсінбеген соң шығып кеттім, – депті.

«Медаль алдым»

Бірде қарт журналист Мәди Сәрсембаев редакцияға келіп, жаңада алған медалін көрсетеді. Су жаңа медальға қызығып кеткен Зақаң сұрап алады да, омырауына тағып, столының басында шаниып отырады. Дәл сол кезде осы кабинетте отыратын тағы бір қызметкер кіріп келеді де, Зақаңның омырауындағы медальды көріп, көзі бақырайып тұрып қалыпты.

– Ей, мынаны қашан алғансың? – дейді амандық жоқ, саулық жоқ.

Ананың іштарлық жасап тұрғанын бірден байқаған Зақаң:

– Жаңа ғана алдым. Обкомнан келіп отырғаным осы, – дейді былш етпестен.

Мұны естіп отырған Мәкең мен Қағазекең (Қағазбек Сәденов) екеуі бір оқиғаның боларын біліп, тып-тыныш отыра қалады.

Анау теп-тез шығып кетеді. Сол кезде барлығы ду күледі ғой. Көп ұзамай Зақаңа «Ескең (редактордың бірінші орынбасары Есімбек Бәйтенов) шақырады» деген хабар келеді.

Әлгінің ісі екенін біле қойған Зақаң медальды қалтасына салып алып, орынбасарға кіреді.

Ол кісі Зақаңа бастан-аяқ қарап шығады да, оны-мұны сұрап, қоя береді.

Артынан білсе, әлгі жігіт редактор орнында болмаған соң жүгіріп орынбасарға барып:

– Анау Тайшыбаевқа неге медаль бересіңдер? Ол не бітіріп еді соншама? Біздің еңбегімізді неге бағаламайсыңдар? – деген сияқты сөздер айтқан екен.

Ақырында Зақаңның әзілі осындай әңгіме туғызып, аяғы әзіл-күлкімен аяқталыпты.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,

Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button