Қызылша «қыр көрсетіп» тұр
Қазақстанда қызылша өршіп тұр. Ресми дерек бойынша жыл басынан бері 11 057 адамның ауырғаны белгілі болды. Ауру жұқтырғандардың 83%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар, 2,7%-ы – жасөспірімдер және 13,8%-ы – ересектер. Дерт елдің барлық өңірінде тіркелген. Ең көбі – оңтүстік аймақтарда. Қарағанды облысында кешегі күнгі дерек – 262 жағдай.
Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде айтылғандай, қызылша аймақта ақпаннан тіркелген. Эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуі шілдеден басталды.
– 31 қазандағы дерек бойынша қызылша күдігімен 262 жағдай тіркелді, оның 218-ін зертханалық талдау растады, 17-і есептен алынды, 27-і сараптамада. Ауыратындардың басым бөлігі 14 жасқа дейінгі балалар болып отыр. Олардың арасында 211 жағдай тіркелген, бұл – барлық тіркелген деректің 80,5%-ы, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлжан Байгутанова.
Мамандардың айтуынша, қызылша пневмония, бронхит, энцефалит сияқты асқынулардың болуымен қауіп тудыруы мүмкін. Медициналық көмекке кеш жүгінген және басқа да созылмалы аурулары болса, өлімге әкеп соғуы да әбден мүмкін.
– Қызылша вирусы өте құбылмалы. Ауа ағынымен ол көрші бөлмелерге, тіпті, ғимараттың басқа қабаттарына терезелер, желдету, кілт саңылаулары арқылы кіре алады. Сондықтан, сіз қызылшамен ауыратын науқаспен байланыста болған кезде қызылшаға қарсы егілмеген және бұрын ауырмаған адамдардың вирусты жұқтыру ықтималдығы жоғары, – дейді Гүлжан Жақтайқызы.
Қызылшаны емдеудің тиімді және нақты әдісі жоқтығын айтады мамандар. Аурудан қорғанудың жалғыз жолы – вакцинация. Профилактикалық егудің ұлттық күнтізбесіне сәйкес қызылшаға қарсы вакцинация екі рет тегін жүргізіледі. Біріншісі баланың бір жасында және 6 жаста. Вакцинация үшін қызылшаға қарсы қауіпсіз және тиімді вакцина қызамық пен паротитке қарсы компонентпен бірге қолданылады.
– Вакцинация бұл – аурудың алдын алу үшін ең сенімді шара. Ол вирус жұқтырудан, жұқтырған жағдайда аурудың ауыр формаларынан қорғайды.
Бүгінгі таңда облыстың барлық медициналық мекемелерінде қызылшаға қарсы вакцинаның жеткілікті дозасы бар, – дейді облыстың денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиолог дәрігері Аслан Теміров.
Аслан Қазақбекұлының айтуынша, үйде біреу ауырса, отбасының басқа мүшелері байланыста болған адамдар саналады. Олардың ішінде бұрын ауырмаған 30 жасқа дейінгі мүшелеріне 72 сағат ішінде екпе жасалуы керек. 30 жастан асқандарын медицина мамандары бақылауға алады.
– Вакцинадан бас тарту арқылы иммундық жүйені қосымша қорғаныштан айырамыз. Ауру жұқтыру тәуекелдері артады. Сонымен қатар, басқаларға жұқтыру ықтималдығы да өседі. Адамда екпе болса, ағзаға вирус түскенде, ол оны бірден танып, күреседі, – дейді Аслан Теміров.
Эпидемиолог жыл басынан бері екпе алуға тиісті балалардың 74%-ы вакцина алғанын айтты. 1 жастағы балалар саны – 13 029, 6 жасында екпе алғандар қатары – 13 485. Бұдан бөлек, бұрын екпе алмаған 30 жасқа дейінгі 4 мың адам вакцинация жасатқан.
Дегенмен, вакцинациядан бас тарту жағдайлары соңғы кездері жиілеген. Мұны мамандар айтып отыр. Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова сейсенбі күні орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сырқаттанушылық ауырған балалар арасында вакцинация алмағандардың есебінен тіркеліп жатқанын атап көрсетті.
– Вакцинация алмаған балалар 71%-ды құрайды. Бұл ретте, 60%-ы – егуден бас тартқандар, 18%-ы – медициналық қарсы көрсетілім бойынша және 21%-ы – егу жасына жетпеген балалар, – деді вице-министр.
Айжан Есмағамбетова қазіргі эпидемиологиялық жағдай қызылшаның 5 жасқа дейінгі балалар арасында көп тіркелуімен сипатталатынын да айтты. Олар ауырғандардың 65%-ын құрайды. Осыған байланысты ол қызылшаның одан әрі таралуын болдырмау үшін балаларды 6 айдан бастап, сондай-ақ 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды және медицина қызметкерлерін қосымша вакцинациялау жоспарланғанын хабарлады.
– Бұл ретте, 6 айдан 11 айға дейінгі балаларды қосымша иммундау 6 қарашадан басталады. Желтоқсан айынан бастап, 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды қосымша жаппай иммундауды жалғастыру жоспарланып отыр, – деді вице-министр брифингте.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz