Қызмет сапасына мән беріледі

Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келді. Медициналық мекемелерді аралап, өңірдің денсаулық саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарына назар аударды. Одан кейін облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен бірге Қарқаралы ауданына барып, жергілікті халықпен кездесті. Тұрғындардың ұсыныс-тілегіне назар аударды.

Кадр тапшылығын жою – басты талап

Қарағанды облысында алдағы екі жылда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 92 медициналық мекеме салынады. Қазіргі уақытта құжаттары дайын, бой көтеретін орны да белгілі.

Салынатын нысандардың ішінде 47 медициналық пункт, 34 фельдшерлік-акушерлік пункт, 11 дәрігерлік амбулатория бар. Сондай-ақ, Балқаш және Теміртау қалаларындағы жұмыс істеп тұрған орталық ауруханаларды күрделі жөндеуден өткізу және медициналық құрал-жабдықтармен: КТ, МРТ, ангиография, сарапшылық класты УДЗ аппараттары, жансақтау бөлімшелерінің жабдықтары, операциялық бөлмелер және тағы басқа да қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету қарастырылып отыр.

– Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру – Үкімет пен әкімдіктердің алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Қарағанды облысында ұзақ мерзімді құрылыс жобасы – көпсалалы балалар ауруханасының құрылысы аяқталды, жаңа онкологиялық диспансерге заманауи желілік үдеткіш сатып алынады. Республика бойынша салынатын 13 перинаталдық орталықтың бірі осы өңірге жоспарланған. Сонымен қатар, университет клиникасын салу көзделіп отыр, – деді Алтай Көлгінов.

Осы салаға қатысты өңірдегі өзекті мәселе – дәрігер тапшылығы. Жалпы терапевт, педиатр, акушер-гинеколог, фтизиатр, онколог мамандықтары бойынша 66 маман қажет. Өткен жылы бұл мәселені шешу үшін Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен 156 жас дәрігер, оның 39-ы ауылға жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында бейінді мамандарды даярлауға 182 грант бөлінді. Биыл Қарағанды облысының әкімдігі ауылдық жерлерге жұмыс істеуге жіберілген медицина қызметкерлерін 1,5 млн. теңгеден 5 млн. теңгеге дейінгі көлемде әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз ету мәселесін қарастырып жатыр

Кадр тапшылығымен қатар денсаулық сақтау саласында медициналық техникамен қамту деңгейі және жабдықтардың тозуы әлі де өзекті мәселе болып қалып отыр, жабдықтың тозуы 60 пайызға жетті. Бұл мәселені шешу үшін 2023-2025 жылдары денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыру шеңберінде республикалық бюджеттен 18,2 млрд. теңге қарастырылған.

«Қарқаралыға барынша қолдау көрсетеміз»

Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарқаралыға барды. Балалар мен жасөспірімдер орталығында аудан тұрғындарымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Алтай Сейдірұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқынымен және атқарылып жатқан жұмыстар және жобалармен танысты. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді тыңдады.

Жиында Қарағайлы кенті мен Н.Әбдіров ауылдық округінің орталығы – Жарлы ауылында спорт кешенін салу, Қарағайлы кентіндегі мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізу, Қарқаралыдан шыға берістегі «Үлкен көл» жанындағы 5,5 шақырым жолға жөндеу жүргізу, Қарқаралы қаласында балалар және жасөспірімдер сарайын салу, туризмді дамыту және басқа да мәселелер бойынша сауалдар жолданды, ұсыныстар айтылды.

Сонымен қатар, Қарқаралы қаласының 200 жылдық мерейтойына қатысты іс-шаралар талқыланды. Қаланың мерейтойы қарсаңында жүргізіліп жатқан жұмыстар мен жобалар назарға алынды. Осы мақсатта бюджет көлемі ұлғайып, қалада жұмыстар жандана бастады. Мәселен, Қарқаралы қаласындағы орталық стадионға реконструкция жасау жұмыстары басталды.

– Биыл «Жарлы – Қарқаралы» топтық су жүйесінің құрылысы аяқталады. Екі жылда Тоқтар Әубәкіров көшесіне толығымен реконструкция жасалады. Әлихан Бөкейхан көшесінің жоғарғы жағы, тұрғындар мен туристердің жайлы сейіл-демалысы үшін плотина аумағы абаттандырылады. Бірқатар көпқабатты үйлердің қасбеттері жаңартылып, жаяу жүргінші жолдары салынып, 3500 шаршы метр жаяу жүргінші жолы мен алаңға тастөсем төселеді. Алты балалар алаңы салынып, қаланың инфрақұрылымын арттыру жұмыстары жүргізіледі, – дейді Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайын.

Алтай Сейдірұлы кездесуде көтерілген өзекті мәселелерді назарға алып, ұсыныстардың маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде халыққа сапалы қызмет көрсету, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жұмыстарын пысықтады.

– Қарқаралы – алты Алашқа билік айтқан ер Қазыбектің елі, өр Мәдидің кіндік қаны тамған жері, Нұркен, Тоқтардай батырларымыздың туған елі. Келер жылы екі ғасырлық тойы келе жатыр. Сондықтан, Қарқаралы өңіріне барынша қолдау көрсетеміз. Аймақты дамытуға сіздермен бірге, облыс, аудан басшылығымен бірлесе қызмет қыламыз деген ойдамын, – деді Үкімет басшысының орынбасары.

Қасымхан ҒАЛЫМ,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.