ҚЫРЛАНҒАН АҚПАН немесе қысқа бейқамдық жүрмейді

Ақпан айтарлықтай құтырды биыл. Құтырған жоқ, баяғы әдетіне басты. Біз білетін ақпан сөйтетін, бірақ, наурыздың басына дейін мұнша созылар деген кімнің ойында бар? Өзімізге де обал жоқ, жылдағы әдеті ғой бұл айдың. Қазгидрометтің болжамын айтпағанда, бабатанымның өзі біраз жайды аңғартпай ма? Қыл аяғы қаңтардың өзі кетерінде аманаттапты деген тәмсіл бар ел ішінде. «Боз тоқтыда құйрық қалды, бозша қызда бұғақ қалды… Қырлан, ақпан, қырлан!» деген. «Барыңды сал, кәріңді төк, қақай түс» дегені. Иектің астына жиналатын майды бұғақ атайтыны белгілі, әрине.

Былтыр да тура осындай болған. Биыл да қайталады. Айдың әуелгі он бес күні ішінде майтоңғысыз жылымық тұрып алды. Кәдімгідей қар еріп, күрс-күрс етіп мұз сүңгілер құлай бастады шатырлардан. Басыңызға түссе, бақиға аттандым дей беріңіз әлгі сүңгілер. Қалалықтарға бұл да бір қауіптің зоры. Осындайды қарап, қадағалайтын құзырлы орын қарастырылған ба екен, жоқ па? Ақпанның алғашқы он-он бес күнінде «Сақтансаң, сүңгіден сақтан» дейтіндей болды Қарағандыда. Артын ала аяз келіп ақырып берді. Қойын-қонышыңды аяз алғаны былай тұрсын, көше-көше көктайғаққа айналып шыға келді. Жалтыраған мұзда жап-жас біздің өзіміз қалт-құлт етіп зорға жүргенде, үлкендер қайтті екен деген сұрақ ешкімді мазаламаған болуы керек. Сорпаға сепкен бір шөкім бұрыштай әр жерге бір түскен қызыл құмның өзі сырғанақ теуіп кетті, білем. Таңертең жұмысқа келген жасы қырықтардағы бір ағам «Құлап, шынтағым оңбай ауырып қалды» деді. «Сіз бен біз бүйтіп қалғанда, жасы келген- дердің жайы не болды?» дедім.

Бұған да бас ауыртуға міндеттілер бар. Әр жерге, жүргіншілер жолына ептеп құм сепкенімен, нық басуға сеп болмады, бірақ. Сөйтіп, соны жазуға енді отыра беріп едік, соқты да кетті. Жауа соққан үскірік. Дәтке қуаты әлгі көк айна мұздың бетін қар басып үлгерді. Бұл үскірік белгілі енді. Ауылдағылар бұрыннан айтатын: «бөрісырғақ сықырлатып келіп, үскірік бұрқасынға айналады» дейтін. Ақпанның 17 мен 25 аралығында бөрі мен шуланның жұптасар шағы. Бірер күн әрі-берісі болғанымен, биыл да уақытында өте шықты. Демек, анау бір кезде бірер жыл жеңілдегенімен, Арқаның қысы тағынан тайып қалмайды екен. Тек «Қыстың қамын жаз ойла» керек. Басқа емес, Қарағандының әлгі жағдайларға тиісті жауапты орындарына. Кешелі бері соққан ақтүтек онсызда аз жүретін автобустар қатарын тым сиретіп жіберді. Оңтүстік-Шығыстағы 29 шағынаудан аялдамасынан біз отырған №118 автобус, Орталық базардан тоқтап, ақшамызды қайтып берді. «Әрі қарай жол жоқ, жүре алмаймыз» дейді. Иін тірескен жұрттың өкпесі қара қазандай. Автобустар, тіпті, аялдамаға маңайлай алмай қалды. Кісілер көлік күтетін қалтарысқа бұрылар тұстың қары аршылмаған. Сіресіп жатыр. Автобус ұзын жолмен аялдамаға бұрылмай тік келіп тоқтайды. Күтіп тұрғандардың жарымынан астамы сыймай қалып жатыр. Біз де соның бірі болдық. Көшеде қар тазалап жүрген көлік көрінбейді. Арқада тұрып, ақпанның жарты айлық кәріне шыдас бере алмасаң, елмін деме! «Биылғы боран бұрынғы бораннан өзгерек» деп көлгірсудің жөні жоқ,сондықтан.

Ертеректе ауыл үйлерінің сыртқы есігінің бәрі ішіне ашылатыны есіме түсіп отыр. Үйдің шығаберісінде міндетті түрде сабы қысқа күрек тұрады. Себебі, кейде түнімен соққан боран қарды үймен бірдей қылып үйіп тастар еді. Есікті ашасың да, ішінен үңгіп шығасың. Есік сыртқа ашылатын болса, қамалдың деген сөз. Біздің қаладағы қысқа да дәл сондай қарапайым дайындықтар керек. Ал, ақпанның қырына бір іліктің екен, құтылуың қиын. Бүгін наурыз күнтізбе бойынша туғанымен, ауылдағы үлкендер «ескіше он үшінен туады» деп отыратын. Сәйкесінше, 14-ші наурызда көрісуге жазсын.

Жәнібек ӘЛИМАН