Бас тақырып

Қырда қайнаған еңбек

Қырда қып-қызыл науқан. Күзгі жиын-терім жұмыстары қауырт жүріп жатыр. Алқаптағы егін орағы, жайылымдағы шөпті жинау аяқталуға жақын. Ауылдағы ағайынның алаң көңілі де орнына түсе бастады. Біраз шаруаның беті қайтып. Дәл осы жемшөп жиналып жатқан мезетте астықты өңір – Нұра ауданына жол түсті.

Ертеректе егінімен аты танылған Нұра өңірі – Қазақстанның нағыз астықты белдеуі. Дәл іргесінде елдің ордасы Астана, келесі беткейінде кеншілердің астанасы Қарағанды бар. Сол себепті жемшөбі де, астығы да, мал еті де өтімді. Нұрадағы шаруашылықтардың шалқып, дәулеті тасуы – осыдан.

Г.Прокоп комбайн жүргізушілерімен

Өрісінде отар-отар қой өріп…

Сонымен, Нұра кентінен тоқсан шақырымдай ұзап, Изендіге келдік. Мұнда ақтылы қой өргізген, Арқада асыл тұқымды Қарғалы қой тұқымын сақтап қалған ірі «Отқанжар» атты шаруашылық бар. Шаруашылықты алғаш аяғынан тік тұрғызған Қанат Отарбаев өзінің ұлы Аслан Отарбаевқа жақында шаруа қожалығының мөрін табыстапты. Бізді сол Аслан Қанатұлы қарсы алды.

«Отқанжар» қотанында 11 мың қой жусап, 120 ауыл тұрғыны еңбек етіп, нәпақа тауып отыр. Бір отар тоқтыны шопан Жақия Шопабаев күндіз өрістен аранға қамап жатыр екен. Дөп түсіппіз. Қойдың жайын шопаннан артық кім жақсы білсін?! Жақия – шаруашылықтағы үздік шопан. Көктемде бір отар жас тоқтыны қабылдап алады. Санын кемітпей, салмағын өсіріп, қысқа аман-есен жеткізу – осы еңбеккердің мойнында. Шаруашылық басшылары шопанға әбден сенім артқан.

– Жақия ағамыз ертеден осы малдың соңында. Малдың бар бабын беске біледі. Кеңес кезінде де шопан болған. Бұл кісіге өткізген тоқтыларымыз қара күзде қойдай болып шыға келеді. Басқа шопандарға да ақыл-кеңес айтып, білгенімен бөлісіп отырады, – дейді Аслан Отарбаев.

– «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деп, тегін айтпаған болар бабаларымыз. Ғұмырымыз осы аттың үстінде өтті. Көз ашқалы бері қой өсіріп, өрісімізді толтырып келеміз. Әлі де атпен бағамын. Қазір көбіне мотоциклмен бағады ғой. Қойды олай бағу – қате. Қой асықпай баппен жайылса ғана, еті майлы, семіз болады. Осы шаруашылықта еңбек етіп келе жатқанымызға көп уақыт болды. Еңбектің арқасында жаман болған жоқпыз, тәубе. Балаларды қанаттандырдық, – дейді шопанның өзі.

Рас, қой шаруашылығының тағдыры дәл қазір таразыға тартылып тұр. Көп шаруашылық қой жүні керексіз қалғандықтан, осы мәселеге тап болып отыр.

Қарғалы қойының жүні Кеңес Одағы кезінде жеңіл өнеркәсіптің кәдесіне кәдімгідей жараған-ды. Ал қазір Алматыдан, Тараздан келіп, арзан бағаға (келісі 140 теңге) алады. Амалы жоқ шаруашылық өткізеді. Қырқымға кеткен ақшаны да ақтамайтын көрінеді.

Отарбаевтар ұсынып отырған Қарғалы қойының тиімділігі сонда, бұл тұқым – етті әрі жүнді. Бірақ, екі жыл болды, сауда жоғын айтады шаруа басшылығы.

– Пандемия кезінде өте жақсы өтіп еді. Біздің тұтынушыларымыз көбіне Астанадан. Оңтүстіктен де әкетіп жатады. Шымкенттен. Түркістаннан. Екі жыл болды, қой бұрынғыдай өтпей тұр. Бағасын да түсірдік. Айт кездерінде ғана тоқтаусыз саудаланады, – дейді Аслан Қанатұлы.

Аз-кем арадағы әңгімені көк трактордың гүрілі бөлді. Мойынымызды созсақ, ферманың шөпқоршауында бір топ жігіттер шөп маялап жатыр.

Шөп бригадасы

Биыл шөп түсімі аз. Жаңбыр жаумады. Құрғақшылық көп шаруаның қолын байлады. Мұндай тапшылықты да «Отқанжар» шаруашылығы сезініп отыр. Жеті-сегіз жыл бұрынғы шөп қорын бұзып, қайта маялап жатыр.

– Жылда 4000 тонна шөп жинайтын едік. Биыл 2000 тонна ғана шөп түсірдік. Абырой болғанда ескі шөп қорымыз бар. Соны бұзып, қайта үйіп жатырмыз. Шөбімізді жартылай рулондаймыз, – дейді шаруашылық механизаторы Тұтқабай Смағұлов.

Шөп науқаны кезінде үш бригада жұмысқа кіріседі. Әр бригадада үш трактордан бар. Техника саны жеткілікті.

Онымен қоса, шаруашылықта жылқы бар. Ауыл шетінен арнайы «Отқанжар» мал кешенін ашып қойған. Мал бордақылайды. Оны соятын арнайы пункт бар.
25 жастағы Сағыныш Есенбеков жазда механизатор, күзде бордақыға тікелей өзі жауап береді. Қасында Ардақ есімді көмекшісі бар.

– Негізі, бордақыда тұрған малға жем көп беру керек. Және белгілі бір уақытта. Сосын суы салқын, таза болу керек. Мал суға семіреді. Қазір 21 тай-жабағы тұр. Қоңдары жаман емес. Осы жерден өтеді. Ас-тойға алады, – дейді Сағыныш Есенбеков.

Ірі шаруашылық ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып қана отырған жоқ. Ауылдағы қандай да болсын жақсы бір істің демеушісі – осы «Отқанжар». Артық айтты демеңіз, тұтас ауылды ұстап отыр.

Изенді ауылындағы жұмыс та қызу. Ауыз суды әр үйге тартып жатыр. Бұл да ауылдағы ағайын үшін үлкен қуаныш. Мұнымен қоса, жақында Бейбіт Масабаев атындағы бокс залы ашылыпты. «Batyr bolamyn» қайырымдылық қорының қолдауымен ашылған залда ауылдың 50-ден аса баласы жаттығады.

Ең үздік шопан Жақия Шопабаев

Жараспайдың жанашыры

Жоғарыда да айта кеттік, Нұраның ас­тықты алқап екенін. Арқаның алтын қам­басына айналған өңірде егістік шаруашы­лығымен айналысатындар көп. Дегенмен, ірі шаруашылық иелері елге, ауылға демеу болып отыр.

Осы секілді жолымыз түс­кен «Жараспай» атты шаруашы­лықтың Жараспай ауылына шарапаты тиіп отыр. Шаруашылық басшысы Сейілхан Қоңырбаев ал­пыстан аса адамға жұмыс беріп отыр. Шаруашылық бағыты – егін. Өрісін малға толтырудан қашпақ емес мұндағы жұрт. Тек, ауыз су мәселесінің бүгін-ертең шешімі табылар емес. Егістік алқабындағы берекелі тіршілікпен-ақ елден қалып отырған жоқ. Шағын ғана ауылдың үлкен жүректі жанашыры Сейілхан Оспанбайұлы туған топырағынан аянған емес. Ауылына жол салып, ұялы байланыс орнатып берген. Одан бөлек, қандай да бір шаруаға қолдау қажет болса, Сейілхан Оспанбайұлы жолынан жығылған емес. Сол үшін де Жараспайдың жанашырын ауылдастары құрмет тұтады.

Мәселен, жақында ғана мұға­лімдер мерекесіне орай ауыл мектебіндегі мұғалімдерге бір қап ұннан сыйлапты. Осы секілді үнемі ауыл, аудан халқына әлеуметтік көмек көрсетіп жүреді.

– Дәулетім асып-тасығаннан емес, мен – осы топыраққа қарызбын. Менің перзенттік борышымның өтеуі, – дейді жомарт жүректің өзі.

Шаруашылық биылғы межені ойдағыдай өндіріп алыпты. Қырмандағы қызу тіршілік саябырсыған. Механизаторлардың дені комбайн, басқа да техникаларды келер жылға дайындау үстінде.

– Биыл тәубе, егіс жаман болған жоқ. Табиғаттың өз кедергілері болды. Егінімізді киік таптады. Кейінгі жауған жаңбыр да егін жинау науқанын тежеді. Дегенмен, жоспарлаған көлемді жинадық. Басқа да астық түрлері де көңілімізді көншітетіндей өнім берді. Енді, егіннің аз-маз бөлігі қалды. Сол орылып жатыр, – дейді Сейілхан Оспанбайұлы.

«Жараспай» ЖШС-де 31 397 гектар жер бар. Оның 17 670 гектары егін. Көктемгі егіс науқаны кезінде 120-130 адам жұмысқа жұмылдырылады. 20 000 тонна өнім сиятын қойма бар. Онымен қоса, ауыл шаруашылығының түрлі техникасы бар автопаркте жыл он екі ай жұмыс тоқтамайды. Өйткені, шаруашылықтағы шаруа солардың күшімен өнеді. Техниканың тоқтаусыз жүріп тұруы – еңбек күші үшін аса маңызды.

– Күтім көрмеген жер тоза бастайды және оны арамшөп басып кететіні айдан анық. Жер – біздің анамыз. Біз анаға қандай құрметпен қарасақ, жерге сондай құрметпен қарауымыз керек. Сонда жердің де берері мол болады. Жердің тілін білсең, тілдей жерден жылдық өнім аласың, – дейді Сейілхан ағамыз.

Элеватор орталығы

Шаруасы шалқыған «Шахтерское»

Қамбасы астыққа толған Сейілхан Оспанбайұлының егін алқабы «Шахтерское» шаруашылығымен іргелес жатыр. Иә, «Шахтерское» – Арқадағы алпауыт шаруашылық. Серіктестік басшысы Георгий Прокоптың шаруасы шалқыған. Ал ел аузындағы Шахтер ауылы – ажарлы. Мұндағы тұтас ауыл егінде еңбек етеді. Екі кісінің басы қосылса, әңгіме егін жайында өрбиді.

Әуелі алқаптағы бригаданың жұмысын көрдік. Комбайндар әрлі-берлі егін орып жүр. Бидай тиеген «КамАЗ»-дар келесі рейске асыққан. Олар астықты бригаданың орталығына тасиды. Онда элеватор бар. Орақтан жаңа келген бидай кептіріледі. Айтпақшы, мұндағы егін оратын комбайндардың бәрі жаңа. Шаруа иесі мұны дәстүрге айналдырған, техниканың бәрін жыл сайын жаңартады.

– Мен ертеден егін шаруашылығында еңбек етіп келемін. Өздеріңіз көріп тұрғандай техникамыздың бәрі жаңа. Қолайлылығы жеңіл көліктен кем емес. Қанша мөлшер егін орғанын компьютер көрсетеді. Германияның техникалары өте сапалы, – дейді комбайн жүргізушісі Серік Аханов.

Алқаптан көп ұзай қоймадық, бригада қосынына келдік. Мұнда әлгіндегі заманауи элеватор орталығымен таныстық. Элеватордың өз зертханасы бар. Заманауи үлгіде жабдықталған. Келген астықтың сапасы осында тексеріледі.

Бір бригада құрамында 15-18 жұмысшы бар. Науқан кезінде алқаптан ұзамау үшін жұмыскерлер осындағы жайлы үйде жатып, еңбек етеді. Асханадан түстенеді, кешкі асын ішеді.

– Биыл егіннің жайы біраз алаңдатты. 35 000 гектарға егін салдық. Қазір 85 пайызын жинап үлгердік. Осы уақытта еңсеріп қалуымыз керек еді. Бірақ, кейінгі жауған жауын қолбайлау болды. Одан кейінгі мәселе – киік таптады. Бірақ, тәубе дейміз, бәрі ойдағыдай, – дейді Георгий Прокоп.

Картоп алқабы

Картоп алқабында да қарбалас тірлік. Шаруашылық картопты биыл сегізінші рет өсіріп отыр. Алғашқы жылы 130 гектарға салды. Сөйтіп, жыл санап аумағын арттырды. Бүгінде 500 гектардан өнім жинау үстінде.

Картоп алқабына жеткенімізде бригададағы жұмыскерлер техникаларын қаңтарып қойыпты. Бөлімшеден «Пазикпен» арнайы жеткен кешкі асқа жиылған. Биылғы түсімнің орташа екенін айтады алқап басындағылар.

– Біздегі тұқым – атақты гала картобы. 1 гектардан 40 тоннадан өнім беріп жатыр. Соған қарап, түсімнің орташа екенін айту керек. Жаңбыр жинап алуға кедергі етуде. Күніне 1200-1400 тонна жинаймыз. Техникаларымыз жеткілікті. Сыңғырлап тұр. Жиналған картопты Шахтер ауылындағы үлкен қоймаға тасимыз. 80 гектардан шыққан өнімді тұқым ретінде пайдаланамыз. Осы уақыттан бастап қыс бойы Астанадан әкетеді. Тараз, Шымкенттен де алатындар бар, – дейді шаруашылықтың бас агрономы Дидар Әкішев.

Биыл 500 гектар жерден 18-19 мың тонна картоп алуды жоспарлап отыр шаруашылық.

– Біздің шаруашылықтың дәнді дақылдар бойынша элиталық тұқым шаруашылығы мәртебесі бар. Бұл, әрине, жылдар бойғы тынымсыз еңбектің жемісі. Енді, картоп бойынша элиталық мәртебеге ие болуды көздеп келеміз. Және нақты жоспарымыз да түзелді, – дейді Георгий Георгиевич.

Шаруашылық жыл сайын Еуропадан 60 тонна тұқым сатып алады. Мемлекет тұқымға субсидия береді.

– Жер тозбауы үшін дақылдарды алмастырып отыру қажет. Мәселен, биыл – картоп, келесі жылы – бидай, одан кейін бос жатады. Қайталап отырамыз. Сонда әр өсімдік өзіне қажетті минералдарды алу арқылы жердегі тепе-теңдікті сақтайды, – дейді бас агроном.

Георгий Прокоп даладағы шаруашылықтан соң, «Шахтерға» алып келді. Көшелер асфальтталған, жарықтандырылған, көгалдандырылған. Таза су әр үйге кіріп тұр. Орталық көшеге стелла мен субұрқақ орнатылған. Жастар аллеясы бар. Супермаркет бар. Жақында тойханасы ашылады. Жас мамандар мен мұғалімдерге арналған тұрғын үй салып берген. Мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында спорт кешені салынды. Құрылысқа шаруашылық есебінен 140 миллион теңге қаражат бөлінсе, құны 280 миллион теңге тұратын бассейн шаруашылық қаражатына салынып, пайдалануға берілді. Бүгінде ауыл ғана емес, көршілес елді мекендегі балалар да бассейнге келеді. Қысқасы, алпауыт шаруаның иесі барын елімен бөліседі.

Арқаның алтын қамбасына айналған нұрлы Нұрадағы біз көрген қызу қарбалас бозала таңнан қызыл іңірге дейін толас тапқан жоқ. Жарықтық күздің әр сәті жылға азық қой…

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Нұра ауданы
Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button