Жаңалықтар

Қырандар қанат қаққан ұя

Биыл Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің дене шынықтыру және спорт факультетіне 60 жыл толып отыр. Факультет ұстаздары жылдар бойы спорт саласын дамыту мақсатында республикада жоғары бағаға ие болған білікті мамандар дайындап келеді. Бұл факультетте еңбек етіп, биік белестерден көрінген оқытушылар мен осы жерден түлеп ұшқан спортшылар қарасы қалың.

Өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңына қарай елімізде дене шынықтыру және спорт мамандықтары бойынша жоғарғы білімді мамандардың тапшылығы сезіле бастады. Ауылдық жерлердегі мамандар үлесі 12-14 пайызды, қалаларда 25-28 пайызды құрады. Осы орайда, 1959 жылы Қарағанды педагогикалық институтының биология факультеті жанынан дене тәрбиесі бөлімі ашылды. Ал, 1964 жылы дене тәрбиесі факультеті бөлек шықты. Факультеттің ашылуына кафедра меңгерушісі А.Орлов ұйытқы болды. Содан бері факультет өзінің даму жолында бірнеше кезеңдерді басынан өткізді. Қарағанды педагогикалық дене тәрбиесі институтынан Қарағанды педагогикалық институтына, кейін Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне енді. Көптеген жылдар бойы факультет дене шынықтыру және спорт саласы мамандарын даярлауда алдыңғы лектен көрініп келді. Алғашқы жылы оқуға қабылданған студенттер қатарында облыс және республика құрама командаларының құрамындағы жоғары дәрежелі спортшылар болғанын ескерген жөн. Мұнда ұзындыққа секіруден ел рекордының иегері А.Рогачев, сырықпен секіруден ел спартакиадасының чемпионы А.Иванов, Қазақстан чемпиондары, спорт шеберлері – З.Есмағамбетов, В.Лепеха, Б.Редник, Е.Кенжебаев, В.Еланских, Р.Белавина және тағы басқалары бар. Факультет алғашқы түлектерін 1964 жылы ұшырды. Олардың арасында 1959 жылы қабылданып 5 жылдық білім алған студенттер мен 1960 жылы қабылданып 4 жылдық білім алған студенттер болды. Әр жылдары факультетке білікті мамандар басшылық етті. А.Акимов, Н.Мщвелидзе, М.Тригулов, А.Орлов, Г.Буряк, Л.Вахрущева, С.Каргин, А.Ахметов, Н.Рамашов факультеттің өрлеуіне өзіндік үлестерін қосты. Бүгінгі таңда факультет деканы міндетін PhD докторы Қуанышбек Аданов атқаруда.

1982 жылы Қарағанды педагогикалық институты негізінде «Алғашқы әскери дайындық» (АӘД) мамандығы ашылды. Мұнда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы А.Клюкин басшылық етті. 1983-1987 жылдар аралығында А.Талалуев, 1988-1992 жылдар аралығында Қ.Меңлібаев факультет деканы ретінде қызмет атқарып, дене шынықтыру және спорт, алғашқы әскери дайындық мамандықтарының дамуына үлкен үлестерін қосты. Қазіргі таңда «Алғашқы әскери дайындық және жеке сайыс» кафедрасы бастапқы әскери дайындық мұғалімі мамандарын дайындайды. Кафедра меңгерушісі – ҚР Құрметті спорт қайраткері Қ.Садықов. Кафедрада «Жас сұңқар» әскери-патриоттық клубы жемісті еңбек етуде. Клуб мүшелері көптеген әскери-спорттық шаралардың ұйытқысы болып, облыс көлеміндегі ірі іс-шараларда биіктен көрінуде. Ал, жалпы «Алғашқы әскери дайындық» (дайындық курсы) мамандығы бойынша мамандар даярлау 1981 жылдан бастап жүзеге асырыла бастады.

Бүгінде Қазақстан спортының мақтанышына айналған саңлақтар туралы естеліктер факультет қабырғасында сақталған. Жүздеген спортшы есімдерін тарихқа алтын әріптермен жазды. Олардың қатарында әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, Еуропа, Азия чемпиондары бар. Даңқты боксшы Г.Головкин, әлем чемпионы, балуан М.Абдулмуслимов, бокстан Еуропа чемпионы С.Нұрқазов, Б.Есжанов, пауэрлифтингтен әлем, Еуропа, Азия чемпионы А.Сивоконь, М.Гарник, жеңіл атлетші Э.Хамяляйнен, балуандар – А.Жапаров, Э.Гафаров, А.Нұров, кикбоксшы, әлем чемпионы Г.Папау, бокстан әлем чемпиондары – В.Черников, С.Сәпиев, акробатшы Н.Амоскин, еркін күрестен КСРО жүлдегерлері мен чемпиондары – В.Гальвас, А.Мыцик, С.Жақсыбеков, А.Мұсабеков секілді спортшыларымызды мақтанышпен айтамыз.

Факультеттің басты басымдығы – профессор мен оқытушылар құрамының негізін түлектеріміз құрайды. Дене шынықтыру және спорт факультетінің құрылуы, қалыптасуы және дамуы ректорлардың дене шынықтыру және спорт мамандықтарын құру және дамыту жұмыстарының нәтижесі болып табылады. Сондықтан, факультеттің дамуына лайықты үлес қосқан адамдардың есімдерін ерекше ризашылықпен атаймыз. Әр жылдары ректор қызметін атқарып, әсіресе, оқуағарту ісіне үлкен үлестерін қосқан Б.Мусин, Д.Шаймұханов, С.Досмағамбетов, Ж.Ақылбаев, Е.Көбеев спортшыларымыздың биік дәрежеден көрінуіне негіз болатын берік білім іргетасын қалады. Қазіргі уақытта университет басшылығы спортшыларды қолдап, материалдық-техникалық базаны нығайтуға және жетілдіруге үнемі көңіл бөледі. Факультет алғашқы әскери дайындық, денешынықтыру және спорт салалары бойынша бакалавлар мен магистрларды дайындайды.

Бүгінгі күні университет ұжымы жас спортшыларды Токиодағы Олимпиада ойындарына дайындап, олар табысты өнер көрсетуі үшін бар күш-жігерін салуда. Спортшыларымыз қазір қызу дайындық үстінде.

Біз факультетте тәлім алып, әлемдік аренада Қазақстанның көк Туын желбіретіп жүрген түлектерімізді әрқашан мақтан етеміз. Бүгінгі студенттеріміздің арасынан да болашақ чемпиондар шығатынына сеніміміз мол.

Н.РАМАШОВ,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры.

А.ИМАНБЕТОВ, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті.

Басқа материалдар

Back to top button