Ынталы маманға – ықыласты қолдау
Қарағанды облысы Медицина қызметкерлері күні қарсаңында тың бастаманы қолға алды. Медициналық ұйымдарда жұмыс істеу үшін ауылдық жерлерге жіберілетін медицина қызметкерлеріне 1,5 млн. теңгеден 5 млн. теңгеге дейін сертификаттар тапсырылды. Мұндай әлеуметтік қолдау ел көлемінде алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Бұл – «Дипломмен ауылға!» бағдарламасынан тыс көрсетілетін көмек. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жас мамандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Аймақта алдағы екі жылда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 92 медициналық мекеме салынады. Аталған жерлерге маман тарту мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасының әлеуметтік көмек түріндегі бастамасын Ермағанбет Қабдулаұлы қолдап, жалпы практика дәрігері, педиатр, акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматологтар 5 млн. теңге, кардиолог, хирург, невропатолог және офтальмологтар 3 млн. теңге, колледж бітіріп, ауылға барған акушерлер мен фармацевтер 1,5 млн. теңгеден алды.
– Ауылдық жерде жұмыс істеуге деген тілектеріңіз үлкен құрметке ие. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш. Жас маман ретінде ауыл дәрігерлерінің мәртебесі мен беделін көтеру міндеті өздеріңіздің қолдарыңызда. Ал, өз тарапымыздан сіздерге жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деген Ермағанбет Қабдулаұлы жас мамандардың ұсыныстары мен идеяларын тыңдауға, сұрақтарына жауап беруге дайын екенін де жеткізді.
Нұра ауданының орталық ауруханасының жалпы практика дәрігері ретінде баратын Әйгерім Каюпова өз кезегінде ауылға келген дәрігерлерге көрсетілген қолдау үшін алғысын білдіре отырып, бүгінгі бастама жалғасын тауып, дәстүрге айналар болса, бұдан кейін де ауылдық өңірлердің медициналық кадрларын тапшы мамандармен толықтыру үшін тиімді әдіс екенін айтты.
Ал, Осакаров ауданының орталық аудандық ауруханасына жалпы практика дәрігері ретінде баратын Дәрия-ханым Әбілсейітова – осы ауданның тумасы. Биыл Астана медицина университетін бітірген.
– Бала кезімнен көп ауырғандықтан, жиі ауруханаға түсетінмін. Ақ халат киген дәрігерлерге қызыға қарап өстім. Дегенмен, ауылдық жерде дәрігер болудың өзіндік ерекшелігі бар. Ауыл адамдары бір-бірін танитындықтан, барлығы бір отбасының мүшелеріндей болып кетеді. Кәсіби жолымды ауыл ауруханасынан бастайтыным көңілімді толқытқанымен, қорқыныш жоқ. Себебі, ол жерде ақылын айтып, дұрыс жол сілтейтін тәжірибелі мамандар бар, – дейді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенованың айтуынша, облыстың ауылдық жерлеріндегі медициналық мекемелерде жұмыс істеуге республиканың әр облысынан жас мамандар қызығушылық танытуда. Себебі, стандарттардың сақталуы бойынша облысымыз үздіктердің қатарында. Сәйкесінше, маусым айында өзге облыстардан ауылдық жерлерде жұмыс істеуге 25 маман келмек.
– Біз бірнеше бағыт бойынша дәрігерлерді шетелде оқытуды да қолға алмақшымыз. Атап айтқанда, халықаралық деңгейдегі дәрігер-тренерлерді дайындаймыз. Ал, олар оқып келгеннен кейін әр қалаға шығып, білімдерімен тұрақты түрде бөлісетін болады. Сондай-ақ, тәжірибелерімен бөлісу үшін дәрігерлер кеңестері құрылады, – дейді Бибігүл Райханқызы.
Әлеуметтік көмек көрсету – алғашқы тәжірибе. Оны беру шарттары әлі де жетілдірілетін болады. Көмек алған медицина қызметкерлері ауылдық жерде бес жыл жұмыс істеуге міндетті. Жас мамандар жұмыс істеп жүріп, әрі қарай оқуын жалғастыра береді.
Сонымен, Нұра ауданының орталық аудандық ауруханасының жалпы практика дәрігерлері Әділет Жақсылық, Әйгерім Каюпова, Айнұр Нұрғазы, Осакаров ауданының орталық аудандық ауруханасының жалпы практика дәрігерлері Дәрия-ханым Әбілсейітова мен Данил Чистяков, Қарқаралы ауданының орталық аудандық ауруханасының анестезиолог-реаниматологы – Сәнім Қапият, Абай ауданының аудандық ауруханасының жалпы практика дәрігері Заманбек Әнетов 5 млн. теңгелік сертификатқа ие болды.
Ал, орта медициналық қызметкерлер ретінде Бұқар жырау ауданының орталық аудандық ауруханасының акушерлері Мөлдір Серікболқызы мен Лаура Шаймардан, Нұра ауданының орталық аудандық ауруханасының акушері Виктор Алексеенко, Қарқаралы ауданының орталық аудандық ауруханасының акушері Әмина Тіленші, Абай ауданының аудандық ауруханасының акушері Диана Байтұрсынова 1,5 млн. теңгеге сертификат алды.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz



