Ресми

Ғылым баянды бастамаларға бекінді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан ғылымына қойған стратегиялық маңызды міндеттерін іске асыру – ғалымдар қауымдастығы үшін жауапты міндет. Енді, тарқатып өтсек.

Шынтуайтында бүгінгі ғылым заманауи үрдіске ілесуі үшін түбегейлі өзгерістерді көксейді. Президент тапсырма берді. Беталыс басталды. Ұлттық ғылыми кеңестердің жұмыс форматы ауысты. Кеңестің кез келген шешімін апелляциялау институты бой көтерді. Сол арқылы жас ғалымдарға қолдау артты. Докторантура бағдарламалары бойынша оқу үшін гранттар саны ұлғайтылып, докторанттар стипендиясы өсті. Елде ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша сұранысқа ие жобалар іске табысты асырылу үстінде. ҚР Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі арнайы кеңес құрылды. Бұл есімізге оралған берекелі бастамалардың бір парасы десек, жарасар. Енді мұндай ауқымды өзгерістер не береді? Тоқталайық.

Атап өту қажет, жүргізіліп жатқан мұндай реформалар ғылыми-зерттеу қызметін ынталандырады. Ынталандыра отырып, жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ықпал етеді. Өндіріс өлкесіндегі кері байланысты нығайтады. Ғылым, білім және өндірістің мұндай өзара байланысы Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің дамуындағы басым бағыттардың бірі. Университет кадрлар даярлау барысында «Білім ғылымнан өрбиді» қағидатын негізге алады. Бұл ретте ғылыми зерттеулер нәтижелерінің едәуір бөлігі өндіріске әрі оқу үдерісіне сәтті енгізілуде.

Кафедраның ғылыми әзірлемелері Қазақстанның тау-кен металлургия саласын технологиялық жаңғыртудың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған. Олар:

– инновациялық технологияларды әзірлеу және өндіріске енгізу;

– күрделі қоспа қорытпалардағы фазалық және құрылымдық өзгерістерді зерттеу;

– тау-кен металлургиялық қорытпалардың құрамын өңдеу

Мәселен университет ғалымдары ыстыққа төзімді қорытпа түрін әзірлеп, өндіріске сәтті енгізді. Басшылыққа алған негізгі идея темір қорытпасының «нимоник» типті ыстыққа төзімді қорытпалардың өзіндік құнын төмендету болды.

Болашағы зор тағы бір бағыт ыстыққа төзімді жабындарды әзірлеу. Зерттеушілеріміз галлуазит саздарынан алынған табиғи нанотүтікшелерді қамтитын жаңа жабын ойлап тапты. Галлуазиттік нанотүтікшелердің арқасында жабын өзін-өзі қалпына келтіру қабілетіне ие болады. Бұл жоба қазіргі уақытта коммерцияланған. Бүгінде 765 млн. теңгеден астам сомаға 270 тонна инновациялық өнім өндірілді. Жоба аясында 7 жаңа жұмыс орны құрылды. «Қазақмыс» корпорациясы, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қарағанды машина жасау консорциумы» ЖШС, «Қарағанды кешенді қорытпалар зауыты» ЖШС, «Мейкер» ЖШС, «Пархоменко» ЖШС сынды кәсіпорындарында әзірленген жаңа қорытпалар мен технологияларды енгізудің экономикалық әсері жылына 540 млн.теңгеден астам соманы құрады.

«Нанотехнология және металлургия» кафедрасы жүзеге асыратын барлық ғылыми жобалардың бірегей сипаттамасы түпкілікті өнімнің қазақстандық құрамының жоғары үлесі екендігін атап өткім келеді. Кафедра ғалымдары осы саладағы «РосАтом» атом энергетикасы жөніндегі мемлекеттік корпорациясы (Ресей), Пол Сабатье университетінің CIRIMAT зертханасы (Тулуза) – Францияның Аэронавтика орталығы, Лотарингия университетінің Ecole de Mines (Нанси, Франция), Гедиминас атындағы Вильнюс техникалық университеті (Литва), Берлин техникалық университеті сияқты мамандандырылған ұйымдармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта біздің шығармашылық топ өңірдің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарында коммерцияландыру жоспарланып отырған бірқатар перспективалы жобаларды орындауда. Табысты жобалар – ел әлеуетін жаңа сапаға көтеретініне сеніміміз кәміл.

Виталий КУЛИКОВ,

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті Нанотехнология және металлургия кафедрасының меңгерушісі.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button