Бас тақырыпРесми

Ядролық орталық – медициналық мүмкіндік

Қарағанды облысында ядролық медицина орталығы ашылады. Бұл – елдегі осымен бесінші орталық. Ядролық медицина орталығы келесі жылдың соңында «Облыстық онкологиялық диспансер» КМК базасында жұмысын бастайды.

 

 Орталықта ПЭТ/КТ аппараты орнатылады. Ол радионуклеидті диагностиканы жүргізуге, ісік құрылымын және функционалдық ерекшеліктерін молекулалық деңгейде бағалауға мүмкіндік береді. Әдіс аурудың ерте сатысында кіші ісік ошақтарын анықтауға және ісіктердің орналасуы мен шеттері туралы нақты деректермен адам ағзасының үш өлшемді бейнесін алуға мүмкіндік береді. Қазақстанда осындай төрт аппарат бар. Оның үшеуі – Нұр-Сұлтанда және біреуі Алматыда. Бұрын қатерлі ісікке шалдыққан қарағандылықтар зерттеуден өту үшін осы қалалардың біріне баруға тура келетін. Кезегін үш айға жуық уақыт күтетін. Қарағандыда ядролық медицина орталығының ашылуымен мәселе біршама шешімін табады деп күтілуде.

ПЭТ зерттеу – ядролық медицинадағы диагностикалық және ғылыми-зерттеу әдісі. Ал, ПЭТ/КТ – бұл компьютерлік томографиямен біріктірілген позитронды-эмиссиялық томография. Басқаша айтқанда, глюкоза негізінде радиофармпрепараттардың көмегімен онкологиялық аурулар мен бас миының ауруларына дәл диагностика жасауға мүмкіндік беретін аппарат. Дәл осыны обыр жасушалары белсенді сіңіреді, ал ПЭТ/КТ сканері дәрігерге ісіктің орналасуы мен метастаздарын дәл диагностикалауға ғана емес, сонымен қатар, ауру жасушалардың өсу жылдамдығын өлшеуге мүмкіндік береді. Мұның бәрі ауруды одан әрі емдеу әдісін тиімді таңдауға ықпал етеді.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button