Әл-ауқат таразыға тартылады
2027 жылдан мемлекеттік қолдаудың жекелеген түрлерін тағайындауда отбасының әл-ауқат деңгейі ескеріледі. Азаматтар «A», «B», «C», «D» және «E» санаттарына бөлінеді. Жаңа тәртіптің құқықтық негізі қандай және әлеуметтік жағдайды бағалау кезінде нелер есепке алынады?

Әлеуметтік көмекті мұқтаж азаматтарға бағыттау тетігі жетілдірілуде жатыр. Осы мақсатта отбасының цифрлық картасы арқылы азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты бағаланады. Жүйе отбасыларды бес санатқа бөліп, олардың тұрмыс жағдайын кешенді түрде анықтауға мүмкіндік береді. 2027 жылғы 1 қаңтардан әл-ауқат деңгейі мемлекеттік қолдаудың жекелеген түрлерін тағайындау кезінде ескеріледі.
Отбасының әлеуметтік әл-ауқатын бағалау жүйесі Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №267 бұйрығымен бекітілген әдістемеге негізделген. Аталған бұйрықта отбасының әлеуметтік саламаттылығын айқындау тәртібі белгіленген. Әлеуметтік кодекстің 24-бабы Отбасының цифрлық картасына қатысты құқықтық негізді айқындайды.
2026 жылғы 11 маусымда қабылданған №306-VIII заңмен енгізілген өзгерістердің бір бөлігі 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Отбасыларды санаттарға бөлу тәртібі мен сол санаттардың әлеуметтік төлем тағайындауға ықпалын бір-бірінен ажыратып қарау қажет.
Қолданыстағы әдістемеге сәйкес, отбасының әлеуметтік әл-ауқаты «A», «B», «C», «D» және «E» санаттары бойынша бағаланады. Олар отбасылардың материалдық және әлеуметтік жағдайындағы айырмашылықтарды көрсетуге арналған.
«A» санаты әл-ауқаты жоғары отбасыларды, «B» санаты ауқатты отбасыларды қамтиды. «C» санатына жағдайы қанағаттанарлық отбасылар жатқызылады. «D» санаты экономикалық тұрғыдан осал, «E» санаты экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыларды білдіреді.
Санатты анықтау кезінде бір ғана көрсеткішке сүйенбейді. Отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы бірнеше дерек негізінде кешенді түрде бағаланады. Мұндай тәсіл әр отбасының нақты тұрмыс деңгейін анықтауға бағытталған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми түсіндірмелеріне сәйкес, отбасының цифрлық картасы мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтерді пайдаланады. Бағалау кезінде отбасының табысы, жұмыспен қамтылуы, жылжымайтын мүлкі, көлігі, кәсіпкерлік қызметі, кредиттік міндеттемелері және басқа да әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері ескеріледі. Бағалау әдістемесі 59 көрсеткішті қамтиды. Бұл ретте пәтердің, көліктің немесе кредиттің болуы өздігінен отбасының әл-ауқат санатын анықтамайды. Қорытынды бірнеше фактордың жиынтығы бойынша шығарылады. Министрліктің түсіндірмесінде бұл жүйе отбасының әлеуметтік жағдайын жан-жақты бағалауға және мемлекеттік қолдауды нақты мұқтаждыққа қарай бағыттауға мүмкіндік беретіні көрсетілген.
Әлеуметтік санаттардың азаматтарға төленетін жәрдемақыларға қалай әсер ететініне қатысты сұрақтарға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінің директоры Айнұр Әбдірахманова түсініктеме берді.
– Азаматтың ресми жұмысы мен әлеуметтік аударымдары оның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуын анықтауға мүмкіндік береді. Егер адам тұрақты жұмысынан айырылып, әлеуметтік аударымдары тоқтаса, оған төленетін әлеуметтік төлемнің талаптары қайта қаралуы мүмкін. Бұл ретте азаматтардың банк шоттары тексерілмейді. Алайда, әлеуметтік қолдаудың жекелеген түрлері бойынша қаражаттың қалай жұмсалғаны туралы ақпаратты анықтау мүмкіндігі қарастырылған. Отбасыларды бес санатқа бөлу олардың әлеуметтік жағдайын бағалауға арналған, бұл азаматтарды қолдауды шектеу немесе төлем мөлшерін төмендету мақсатын көздемейді, – деді Айнұр Әбдірахманова.
Мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектің мақсаты – азаматтарды жәрдемақыға тәуелді ету емес, олардың өздігінен табыс тауып, еңбекке араласуына мүмкіндік жасау. Айнұр Әбдірахманованың айтуынша, мемлекеттік қолдау әр азаматтың өз аяғына тұрып, жұмысқа орналасуына немесе жеке кәсібін бастауына көмектесуі керек. Отбасының цифрлық картасы азаматтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын кешенді бағалауға мүмкіндік береді. Жүйе арқылы отбасының мүлкі, көлігі және қосымша табыс көздері секілді көрсеткіштер ескеріліп, әлеуметтік әл-ауқат деңгейі анықталады.
Азаматтар өз деректерін eGov.kz порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы тексере алады. Әлеуметтік қолдауды проактивті түрде тағайындау кезінде азаматтың немесе отбасы мүшелерінің келісімі ескеріледі. Әлеуметтік көмектің әділ бөлінуі де маңызды. Негізгі міндет – бюджет қаражатын нақты мұқтаж адамдарға жеткізу. Отбасының жағдайы жақсарып, табыс көзі өзгерген жағдайда, әлеуметтік қолдауға сәйкестігі қайта бағалануы мүмкін.
Жаңа тәртіпке қатысты негізгі сұрақтардың бірі – отбасының санаты әлеуметтік төлем алуға тікелей әсер ете ме деген мәселе. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап отбасының әл-ауқат деңгейі мемлекеттік қолдаудың жекелеген түрлерін тағайындау кезінде ескеріледі. Алайда, бұл барлық жәрдемақы мен әлеуметтік төлемге бірдей талап енгізіледі дегенді білдірмейді. Әр төлемнің тағайындалу тәртібі тиісті заңнамалық нормалармен реттеледі. «A» немесе «B» санатына жатқызылған отбасы барлық әлеуметтік төлемнен автоматты түрде айырылады деп айтуға негіз жоқ. Сол сияқты «C», «D» немесе «E» санатындағы отбасыға да барлық көмек автоматты түрде беріледі деген сөз емес. Азаматтың нақты төлем түріне қойылатын талаптарға сәйкестігі жеке қаралуы керек.
Бұл ретте жүйенің әділ жұмыс істеуі үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтердің дұрыстығы маңызды. Егер отбасының табысы, мүлкі немесе құрамы туралы ақпарат ескірген, не қате болса, ол бағалау нәтижесіне әсер етуі ықтимал. Азаматтардың өз деректерін тексеріп, сәйкессіздік анықталған жағдайда оларды түзетуге мүмкіндік болуы қажет.
Отбасының цифрлық картасы әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарды анықтауға және мемлекеттік қызметтерді ұсынуды жеңілдетуге арналған. Бағалау нәтижесі азаматтың нақты жағдайына сәйкес келуі үшін деректердің өзектілігі мен бағалау тәртібінің ашықтығы қамтамасыз етілуі тиіс. Әлеуметтік әл-ауқатты бағалау жүйесінің негізгі міндеті – мемлекеттік қолдауды отбасының нақты жағдайына қарай бағыттау. Алайда, оның тиімділігі санаттарды белгілеумен ғана өлшенбейді. Азаматтардың құқықтарын сақтау, деректердің дұрыстығын қамтамасыз ету және шешімдерге шағымдану мүмкіндігін беру де маңызды.
2027 жылдан бастап жаңа тәртіптің әлеуметтік қолдаудың жекелеген түрлерін тағайындауға қалай әсер ететіні тәжірибе жүзінде айқындала түседі. Ал, жүйенің нәтижесі мұқтаж отбасылардың көмекке қол жеткізуі мен бағалау үдерісінің қаншалықты ашық әрі әділ жүргізілетініне байланысты болады.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»



