Бас тақырыпЖаңалықтар

Қазақстан әскері «6+6» жүйесіне көшеді

Қазақстанда мерзімді әскери қызметті ұйымдастыру тәртібі өзгеруі мүмкін. Жаңа жүйе бойынша сарбаздар алғашқы алты айда оқу орталықтарында дайындықтан өтеді. Келесі алты айда әскери бөлімдерде қызмет атқарады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Сурет Ақордадан

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында армияны реформалау жоспары мақұлданды. Өзгерістер әскери дайындықты жетілдіруге және әскердегі тәртіпті нығайтуға бағытталған.

Жоспар аясында Қарулы күштер құрамында пилотсыз ұшу аппараттарының дербес әскері құрылады. Әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау үшін омбудсмен институты мен әскери кеңесшілер жүйесі енгізіледі. Сонымен қатар «Адал азамат» тұжырымдамасына негізделген «Жас айбын» бірыңғай әскери-патриоттық дайындық жүйесі іске қосылады. Әскерді басқару мен ішкі тәртіпті бақылауға арналған жаңа ақпараттық-коммуникациялық стратегия да әзірленеді.

Президент армияны жаңғыртуда жартылай шаралар жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, басқару жүйесі, кадр саясаты және командирлердің қызметтік мәдениеті түбегейлі өзгеруі керек. Мемлекеттік ресурстарды пайдалану тәсілдері де қайта қаралуға тиіс.

Әскери реформаның қолға алынуына әскердегі қайғылы оқиғалар да себеп болды. Қыркүйек айының соңында Маңғыстау облысында өткен «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде 14 әскери қызметші қаза тапқаны хабарланған еді. Осы оқиғадан кейін Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов пен бірқатар жоғары лауазымды әскери қызметші қызметінен босатылды.

Қазір оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұрынғы Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков бастаған бірқатар лауазымды тұлға ұсталған. Министрліктегі тексерулер нәтижесінде 13 қылмыстық іс тергеліп жатқаны айтылды.

Жаңа реформаның негізгі бағыттарын 2027 жылға дейін жүзеге асыру жоспарланған. Ал «6+6» жүйесінің әскери дайындық сапасын қаншалықты арттыратыны және әскердегі тәртіп мәселелерін шешуге қалай ықпал ететіні уақыт өте белгілі болады.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Фотоға түсініктеме: Ақорда

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button