Бас тақырыпКөкейкесті

ВИДЖАЙ сөзінде тұра ма?

Жыл басынан бері «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да бірнеше апат болды. «Басты себептерінің бірі – компанияға қарайтын шахта мен кәсіпорындардағы техника мен арнайы жабдықтардың 70 пайызы ескіріп, тозғанынан» дейді мамандар. Осы уақытқа дейін «ауаны ластауды 30 пайызға азайтамыз», «қаланы жасыл желекке бөлеп, 500 мың тал егеміз» дегендей уәдені үйіп-төккен «арселорлық» басшылардың сөзіне құлақ та үйреніп қалды. Жақында «компанияға 1 млрд. теңге айып салынды» деп дабыраладық. Бұл сома компанияның жылдық табысының бірнеше пайызы ғана екеніне бас та қатырмадық.

Жыл басынан төрт апат

23 қаңтарда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ еншілес компаниясы «Құрылысмет» ЖШС-ның соғу-престеу цехында апат болды. №11 жылыту пешінің үстіне жалпы аумағы 72 шаршы метр болатын екі аражабын тақтасы құлады. Апат салдарынан №11 жылу пешінің қосалқы платформасы мен инженерлік құрылымдарына зақым келді. Апат демалыс күні болғандықтан, зардап шеккендер болған жоқ. Кейін «Саран» шахтасындағы технологиялық кешеннің екі ғимаратының тасымалдаушы таспасы мен ішкі ағаш қаптамасы толық жанып кетті. Қызыл жалыннан ұзындығы 27 метр болатын екі ғимарат құлап кеткен. Бұдан басқа соңғы айларда «АрселорМиттал Теміртаудың» үш кәсіпорнында бірнеше рет өрт пен апат болды. Соның салдарынан екі кенші көз жұмған еді. Жақында, жыл басында болған «Ленин» шахтасындағы жарылыстың тексеру нәтижесі шықты. Бұл туралы Қарағанды облысы өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті басшысының орынбасары Кеңгірбай Есенеев:

Тексеру аяқталды. Оқиға бойынша «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшылығы кінәлі деп танылды. Олар кеншілерге өндірістік бақылауды қамтамасыз етпеген. Қазір істі полиция департаменті мен прокуратураға жібердік. Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментіндегілер «Арселор Миттал Теміртау» АҚ шахталарындағы өндірістік жабдықтардың 70%- ы ескі екенін анықтады, – дейді.

Оның айтуынша, кен орындарында қолданылып жүрген құрал-жабдықтар кеңес заманынан пайдаланып келеді. Ең сорақысы, бір де бір мемлекеттік органның өндіріске сараптама жасауға құзыреті жоқ екен. «Тәуелсіз сарапшылар «АрселорМитталдың» қалауымен сараптама жасайды», – дейді департаменттегілер.

Қақаған қыста тұрғындар жылусыз қалды

Сарыарқаның сарышұнақ аязын елдің бәрі біледі. Әсіресе, ақпанда қыс қаһарына мінеді. Бұл уақытта боран да ұйтқып, мазаны алады. Ал, жұмысынан үйіне асыққандар, жылы пәтеріне емес, апат кесірінен жылусыз қалған баспанасына бас сұқса, далада қалғандай әсер алары сөзсіз. Дәл осындай жағдай Теміртауда болды. Яғни, тұрғындар аязда жылусыз қалды. Мұның себебі сұралғанда, қаланы жылумен қамтамасыз ететін ЖЭО-2 жөндеу жүргізілуде деп ақталды. Оның өзінде «АрселорМиттал Теміртаудың» басшылығы емес, Теміртау қаласының әкімі Қайрат Бегімов тұрғындар алдында кешірім сұрады. Сол уақытта қала әкімі теміртаулықтарға әлеуметтік желіде «АрселорМиттал Теміртау» ЖЭО-2 қазандық жабдығындағы жөндеу жұмыстарына байланысты қаланы жылумен жабдықтау төмендетілген параметрлермен беріледі. Жөндеу бригадалары күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Қалыптасқан жағдай үшін қала тұрғындарынан кешірім сұраймын», деп жазды. Сонымен қатар, қала әкімі тұтынушыларға жылу үшін қайта есептеу жүргізілетініне сендірді. Қала жылусыз қалғанда ауа температурасы – 25 градусқа дейін төмендеп кетіп, желдің жылдамдығы секундына 18 метрге жеткен еді. Шырылдап әкім кешірім сұрап жүргенде, бұл жағдайға жеткізген «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның басшылығы жақ ашпады.

Талапқа «пысқырып» та қарамайды

Өздеріңіз көріп, оқып отырғандай «АрселорМиттал Теміртаудың» жабдықтарының 70 пайызы ескірген, өз жұмысын мерзімін өтеп – шіріген, «ажалы» жеткен. Үнді магнаты басқарып отырған «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамына Үкімет бірнеше рет талап қойды. Жөнсіз емес, әрине. Өйткені, ірілі-ұсақты апаттардан адам өліп, экологияға зор нұқсан келуде. Кезекті бір апатты жағдайдан кейін «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының Қазақстанда жұмыс істеу лицензиясы тартып алынуы мүмкін, деген сыбыс та шықты. Себебі, еліміздегі ең ірі металл комбинаты Үкімет қойған талапқа мән бермей, ауаға көп мөлшерде зиянды қалдық таратуын доғарар емес. Мысалы, кезекті апаттан кейін Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің тексеру комиссиясы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ кәсіпорны бөлінетін газдарды ұстау және тазарту жүйесін пайдалану қағидаларын бұзғанын анықтады. Технологиялық жабдықтың қанағаттанғысыз жай-күйінен туындағаны дәлелденді. Осыған байланысты, №2 конвертер биылғы жылдың мамыр айына дейін күрделі жөндеуге тоқтатылды.

«Зауытты мұқият тексеру зауыттың сегіз цехы бойынша жүргізілгенін атап өткен жөн. Әртүрлі нормативтердің бұзылуы мен асып кетуі олардың жетеуінде: бу айдау, №2 табақша металды илемдеу, агломерациялық, кокстық, сондай-ақ, әк күйдіру цехтарында, оттегі-конвертерлік және көмір дайындау цехтарында анықталды. Жоғарыда аталған барлық фактілер мен экологиялық талаптардың тиісінше орындалмауы ҚР Экологиялық кодексінің 69-бабы 3-тармағының бұзылуына әкеп соқты. Онда «Табиғатты пайдаланушылар қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатта көрсетілген шарттарды орындауға міндетті және оларды сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады» делінген тексеріс нәтижесінде. Қорытындысында «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнына айыппұл салынды. Бұдан басқа, кәсіпорынға сомасы шамамен 1 млрд. теңгеден асатын залалды өтеу туралы нұсқама жіберілді.

ТҮЙІН

Апаттан көз ашпаған «АрселорМиттал Теміртаудың» таза табысы 2019 жылы 79,5 млрд. теңге болған. Бұл – 2018 жылмен салыстырғанда үш есе көп. Компанияның былтырғы табысы әзірге жарияланған жоқ. Осы цифрға қарап-ақ, компания қожайыны Лакшмида «қалтам қамписа болды, қалғанында нем бар, ескірген дүниемен-ақ жыртығымызды жамай береміз» деген ой бар ма, дерсің!

Естеріңізге сала кетейік, кәсіпорынның вице-президенті Виджай Гоял алдағы төрт жылда шығарындылар көлемін кем дегенде 30 пайызға азайтуға, оларды автоматтандыруды қамтамасыз етуге және үш жыл ішінде Теміртау қаласында 500 мың ағаш отырғызуға уәде берген болатын. Виджай сөзінде тұра ма, жоқ па? Ол – уақыт еншісінде. Дегенмен, біз оны қадағалап отыратын боламыз.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button