Әуек заңы

Ақыл…

 Көптің ақылы…

 Аздың ақылы…

Жалғыздың ақылы…

Мына әлем құламай тұрса, ақылға сүйеніп тұр! Қасқыр – ақылды жаратылыс. Ол жалғыз жүргенінде де, көптің ішінде жүргенінде де ақылынан ажырамайды, алжаспайды. Ол не нәрсені болсын, ақылмен шешеді.

Олар әуекті де ақылмен құрады.

Ақылмен басқарады…

Әуектегі әрбір ақылды қасқырдың ұраны…

Бірі – бәрі үшін…

♦ ♦ ♦

Қасқырдың үйірін әуек дейді.

Орман жұрты «стая» дейді.

Әуекті басқаратын қасқырды әуекбасы дейді.

Орман жұрты «вожак» дейді.

Осы жерден басталып, дала жұрты мен орман жұрты арасында түсініспеушілік басталады.

Өйткені, орман жұртында альфа самец, бета самец, альфа самка деген түсінік бар. Қисын бойынша альфа самка болғандықтан, бета самка да болу керек еді. Алайда, айтылмайды. Өйткені, бета самканың мәртебесі толық анықталмаған.

Әуектегі жалдардың барлығы да әуекбасылыққа ұмтылады.

 Алайда, ондай дәргейге жететіні некенсаяқ болады. Өйткені, әуекбасы болу екінің бірінің басына жазылмаған. Сондай себеппен өмірінің соңына дейін әуектің мүшесі (алғадай, тоспашы, шабуылшы, қарауыл) болып жүре беруі мүмкін. Бұл – табиғат заңына қарсы жайт. Бұл – нонсенс. Өйткені, он сегіз мың мақұлықат әлемі көбею үшін жаралған.

Сонда қалай болғаны? Кез келген жанды мақұлықат ең алдымен тамағына тәуелді. Бірінші кезекте қорек тұрады. Екінші кезекте қауіпсіздігі тұрады. Үшінші кезекте ғана көбеюі тұрады.

Әуектің заңы осы үш ұстынға негізделген. Қасқыр дүниесі осы үш мәселені шешу үшін әуекке бірігеді.

Қоғамдасып қорек табады…

Қоғамдасып қорғанады (қауіпсізденеді)…

Қоғамдасып… көбеймейді…

Әуекбасыны жазбай тануға болады. Оның құйрығы қайқы жүреді. (Осы жерде «Ауыл итінің құйрығы қайқы» деген мәтелді еске түсіріңіз). Қалғандарынікі қысыңқы (түсіңкі) болады. Оның ішінде, өзгенің ақылымен жүретіндері құйрықтарын қысып жүреді. Бұтына.

 Кім әуекбасы болады, болмаса бола алады?

Әуекбасы – әуектегі ең азулысы…

 Ең қарулысы…емес.

Керісінше, ең ақылдысы!

Әуек ақылға бағынады!

Әуек ақылды мойындайды!

Орман жұртының альфа самеці бізде бөрі аталады. Альфа самка бізде бөрте аталады.

 Бөртені бөрі таңдайды. Әуектегі жұптасатыны осы екеуі – бөрі мен бөрте! Бұлар бір-ақ рет жұптасады. Оларды тек өлім ғана айырады. Сонда әуекбасыны кім алмастырады?

 Бета самец дейді орман жұрты.

 Қосы дейді бізде. Ел ішінде әуекқосы деп те айтушылық бар.

Бұл – өте күрделі өтетін процесс.

Әдетте бір әуектегі қасқырлардың барлығы бір ата-анадан (бөрі-бөрте) тарайды. Ал қасқыр өзінің анасымен, қарындасымен, қызымен жұптаспайды. Бұл – көктен түскен пәрмен.

Олай болса, бөртені ол басқа әуектен іздейтін болады. Мұндай жағдайда әуектің бөртесі алғашқы мәртебесінен айырылып, жай ғана әуек мүшесі болып қалады.

Әуекбасы ақылды болса, әуек те ақылды болады. Мұндай әуек өзі де өмір сүреді, басқаларына да өмір сүруіне жағдай жасайды.

Мұндай әуектер әуек заңын қатал ұстанады. Және оған өздерінің қажеттілігін сыналап та болса енгізеді.

Әуек қатарынан шығып қалған бұралқылардың өз әуегіне қайтып баруы некен-саяқ болады. Көп жағдайда қабылдамайды. Өйткені, ол бөрі болам деп саяқтанған жоқ па? Ал оның өзі шыққан әуегінде бөрте болатын шуландар жоқ қой. Болса ол анасы, болса қарындасы, болса апасы.

Алайда, басқа әуектің өз қатарына қосып алуы әбден мүмкін. Өйткені әуекбасы, одан өзін көреді. Өйткені, бұралқы бөрілікке ұмтылған өжеттісі, ақылдысы ғой. Бұралқы басқа әуекке қабылданғанда ол жаңа міндет атқаратын болады. Ол қосы болады. Ол әуекбасының сүйеніші болады. Ол әуектегі үшінші қасқыр болады (әуекбасы – бөрі, бөрте, қосы).

Әуекбасы мерт болғанда, оның орнын осы қосы басады.

Қосы әуектегі бөртеге бөрі бола алады. Алайда, көктен түскен пәрменіне орай, бөртенің бас тартуы әбден мүмкін. Ондай жағдайда бөртені әуектегі шуландар қатарынан таңдайды.

Ал бөрте мерт болғанда, бөрі бөртені басқа әуектен іздейді.

Әуекті екі қасқыр (бөрі, бөрте) құрады деу де асылық. Әуекті үш қасқыр құрайды (бөрі, бөрте, бөлтірік). Бөрте түрлі себептермен күшіктемейтін болса, әуек тарайды.

Әуекте осылайша үш қасқыр да, отыз қасқыр да бола береді. Әуектегі қасқыр саны қаншалықты көп болса, соншалықты қуатты болады.

Осындай кереғар санына қарамастан, әуектер бейбіт өмір сүреді. Олар бірінің шекарасына бірі кірмейді. Үлкен әуектер кіші әуектерге күш, болмаса қысым көрсетпейді. «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» деген осы.

 Қажет болған жағдайда әуектер бірбірімен қосылып, суперәуектер құрады. Оны да әуекбасы басқарады. Ол суперәуекбасыны абадан дейді.

Әуектер механикалық топ емес, тобыр да емес. Өзінің ішкі заңдары бар кемел құрылым. Үнемі қозғалыста тұратын тірі ағза. Көбейіп жатады, азайып жатады. Әуектің ішкі заңдылықтары ондағы қалыпты ахуалды қалыптастырады. Өмір сүру ахуалын.

Ол заңды ешкім де бұза алмайды. Бұзам дегеннің өзінде бұзу мүмкіндігі жоқтың қасы. Өйткені, ол әуектің күйреуіне соқтырады. Сондықтан да кезкелген әуек оқыс жағдай (өрт, жер сілкінісі, басқа да табиғат апаттары) болмаса, өсіп-өркендейді, кемелдене түседі.

Қасқыр жалғыз болғанда өзін өзі қорғай алмайды. Екеу болғанда ол енді өзін де, серігін де қорғай алады.

Әуектегі қасқырдың әрқайсының өз орыны бар.

Жау тап бергенде үлкен-кіші, еркекұрғашы демей жаппай қорғанады.

Өмір сүру ортасының аясын кеңіткен, болмаса, басқа да жағдайға байланысты сойқандарға тек алғадай топ қатысқан.

Қарақұлақтары серек тартпайынша ешқандай оқыс қимылдарға (аң аулау, сойқан) бармайды.

Иттер де, қасқырлар да бір-бірімен қырқысады. Кешегі үлкендеріміз оларды иттөбелес, қасқырсойқан дейтін. Қасқырлар арасындағы сойқан, негізінен, жер үшін, қорек үшін өтеді. Сол сойқанға қатысқан қасқырлар бірін-бірі жарып тастамайды. Тіпті, жаралауға да бармайды.

Әуекбасы әуектегі бір де бір жалды, болмаса шуланды таламайды. Және өзгелерінің бірін-бірінің талауына жол бермейді.

Әуек үш топтан тұрады.

Бірінші топты әуекбасы басқарады. Ол топта алғадай топ дейді. Оған жалдардың ең азулылары топтастырылады.

Екінші топты әуекқосы басқарады. Ол топты әуектің құртаңдары, серектері құрайды. Үшінші топты бөрте басқарады.

 Үшінші топты негізінен шуландар құрайды. Сойқандарға түсетіні – әуектің бірінші және үшінші топтары. Қасқыр жарақат алған жағдайда, оны әуек болып күтеді және әуек болып қатарға қосады. Сойқандардан, болмаса аңшылықтан мүгедектік алған қасқырлар әуектің ерекше қамқорлығында болады.

Аңшылыққа барынша даярланып шығады. Мәселен, «суатқа қашан құлайды, қанша бас, келер жолы қайсы, қайтар жолы қайсы?». Мұны әуектің қарауылдары атқарады.

 Шабуылдарды үнемі әуекбасы бастайды. Аңшылықтан түскен олжаны қылдай бөліседі. Әуекте үш қарауыл (қасқыр) болады. Үш топтың тыныштығы, қозғалысы осы қарауылдарға байланысты. Шуланның (бөртенің) әуекті басқаратыны болады. Ондай әуекбасыны құртқа дейді.

Мұнан әуектің заңы өзгермейді.

Осы жерде еске башқырт жұрты еске түседі.

Олар өздерін басқұрт дейді…

 ♦ ♦ ♦

Әуекті құру қиындықпен өтеді.

Есесіне оның ұйымшылдығы, топшылдығы кемел болады.

Олар селбесіп өмір сүруді игереді.

 Оның ең бастысы – ауызбіршілігі.

Әуектің өміршеңдігін жалғыздың да ақылы, көптің де ақылы шешеді.

Олардың ұстанымы жаға ұстатады.

 Бәрі – бірі үшін…

 Бізге осы ұстаным жетпей жатырау…

Төрехан МАЙБАС,

жазушы-этнограф