Қуатты компания


     Жезқазған мыс қорыту зауыты — әлемге әйгілі кәсіпорын. Одақ кезінде-ақ ол төрткүл дүниеге танылған. Қазақстанда қазір мыс өндіретін кәсіпорын көшін бастап тұрған бұл зауыт әлемдегі алғашқы ондық қатарында.
Кенші жөнелткен жентек-жентек кенді баптаған байытушының құнарлы концентратынан металлург шақпақ мыс шығарады. Алдымен, байыту фабрикасынан келген концентрат шихта дайындау цехында ширатылып, одан әрі балқыту цехына жөнелтіледі.
Біреуі анау-мынау өндірістік буыныңды он орап алатындай үш бөлімшеден тұратын балқыту цехын “металлургиялық өндірістің өзегі” деп әспеттесек артық емес. Көпшілік көзбен көрмесе де, көңілінде берік ұялаған қызылкүрең балқыма осында алынады.

Шақпақ мыс

Саф алтындай сары мыс, түпкі өнімнің тұсауы кесілетін тұс — электролиздеу цехы. Мұнда шақпақ мыстың сапасын арттыруға бағытталған электролит температурасын реттейтін және оның құрамындағы активті затты бақылайтын автоматты желі өндіріске енгізілген.
“Қазақмыс” құрылымында алатын өзіндік салмақты орны бар бұл зауыт ұжымы шуақты шақты да, қиын кезеңді де көрді. Дағдарыстың дүрбелеңін қажымас қажыр-қайратпен, үздіксіз ізденіспен жеңді. Жаңашылдыққа ұмтылды, жетістікке жігерленді.
Тегі темірдің түбі тозатыны түсінікті. Оның үстіне өндірістегі технологияның табандап тұрып қалмай, жетілдіріліп отыратыны тағы мәлім. Демек, уақыт талабына сай заманауи жүйелі жаңғыру — табиғи заңдылық. Жезқазғандық металлургтің де мақсаты — өндірісті жаңғырту жолымен жаңа жетістікке жету.
2013 жылы қыркүйекте “Қазақмыс” басшылығы Жезқазған мыс қорыту зауытын тоқтатты. Мамандардың мәлімдеуінше, мұндай шешім мыс балқыту қуатын дамыту келешегін зерттеу қорытындысына сүйеніп қабылданды. Дегенмен, кезінде осы “консервациялау” көпшіліктің көңілін күпті қылды.
Бірақ, босқа алаңдапты. Кәсіпорынның уақытша тоқтап тұруы жұмысшы жалақысына кесірін тигізбеді. Өйткені, қайта құру кезінде оның әлеуметтік әсерін әлсірету үшін “Қазақмыс” басшылығы пәрменді қолдау көрсетіп, орташа жалақы кәсіпорын қайта қатарға қосылғанша сақталды.
Зауыт шақпақ мыс шығармаған шақта жұмыс күшінің бір бөлігі концентрат тиеуге тартылды. Күкірт қышқылы цехы Балқаштан келген шикізатты байыту фабрикасына айдап, залалсыздандырумен айналысты. Қалғаны кәсіпорынды қаңтаруға қатысты шараны атқарды.
Бір жыл көлемінде зауыт қайта қатарға қосылды.
Қазір кәсіпорын бұрынғы пирометаллургиялық тәсілмен тауарлы өнім алады. Түсінікті тілмен айтсақ, алдымен мыс концентратын электр қуатымен балқытып, алынған балқыма от және электролитпен одан әрі тазартылып, содан сапасы төрт тоғыздықпен (99,99%) таңбаланған шақпақ мыс шығады.
Гидрометаллургиялық технологияны өндіріске енгізу бағытында да жұмыс жүруде. Ресейлік “РусРедМет” ғылыми-зерттеу бірлестігімен білек біріктірген “ҚазГидроМыс” компаниясының инновациялық технологияны ғылыми-зерттеу орталығы құнарсыз кенді кешенді өңдеудің тиімді технологиясын жасады.
Жезқазған мыс қорыту зауытында құнарсыз кеннен алынған қара мысты гидрометаллургиялық өңдеудің технологиясын тексеретін әмбебап қондырғы монтаждалып, қуаты сағатына 5 тонна концентрат алуға жететін тәжірибелік зауыт салынады. Оның жобасын ресейлік “РИВС-проект” жасады.
Гидрометаллургиялық өңдеу технологиясы келешекте, ең алдымен, баланстағы және балансқа алынбаған кенді, бұрын есептен шығарылған қорды, ұзақ жыл жиналған өндірістік қалдықты аз шығынмен өңдеуге мүмкіндік береді. Сөйтіп, кәсіпорынның өндіріс көлемі ұлғаяды.
Жезқазған аймағында жұмыс істеп тұрған кеніш “ғұмыры” ондаған жылға ұзарады, экологиялық жағдай жақсарады. Шақпақ мыстың өзіндік құны 1,6 есе арзандайды. Кәсіпорынның келешегі келісті. Ұжым келешегіне селкеусіз сеніммен қарайды.

Мыс ширатпасы

Жезқазған мыс ширатпасы зауыты, қарапайым түсінікті тілмен айтсақ “Казкат” — заманауи, әлемдік үлгімен үндес, экологиялық жағынан таза бірегей кәсіпорын. Негізгі өнімі — 8, 16, 18 миллиметрлік мыс ширатпасы.
Бірден айтайын, мұндай тектес кәсіпорын Қазақстанда жалғыз.
Ал, оны салу туралы шешім кеңестік кезеңде шыққан, нақтысы — 1990 жылы қазанда қабылданды. Түркиялық “Энтес” фирмасы 1994 жылы 3 қарашада кәсіпорынды қатарға қосты. Тұсаукесер салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркияның Қазақстандағы елшісі қатысты.
Жалпы, әлемде мыс ширатпасын шығарудың үш түрлі технологиясы бар. Жезқазғанда игерілгені — американдық “Southwire” компаниясына тиесілі: мыс ширатпасын үздіксіз құю мен прокаттаудың уақыт сынынан сүрінбей өткен тәсілі. Оны жезқазғандықтар мінсіз меңгеріп алған.
Жабдық жағы толық автоматтандырылған: сом білектің күшімен, қолмен атқарылатын жұмыс жоқ. Өндірісті одан әрі жетілдіру жолында ұжым басшылығы кез келген мүмкіндікті қолдан шығарып алмауды қарастырады.
Әлемдік нарықтағы бетқаратпас бәсекелестікпен беттескен білікті ұжым тек сапалы өнімімен ерекшеленеді. Өйткені, қазір мыс ширатпасын ұсыну мен тұтыну нарығында өте қатал бәсекелестік қалыптасқан. Міне, мысал! Осы зауыт пайдалануға берілгенде Қытайда оған балама бірде-бір кәсіпорын жоқ еді. Бүгінде мыс ширатпасын шығаратын он бесі істеп тұр.
Ресей мен іргелес Өзбекстанның да осындай өз зауыты бар. Бұл нені білдіреді? Өнім өткізетін нарық ауқымы қаншалықты кемісе, жауапкершілік салмағы соншалықты артады. Бәсекелестік бекиді. Мұндайда басты көрсеткіш — өнім сапасы.
Бұл зауыт жобалық қуатына сәйкес көлемде шығаратын өнімді Қазақстанның толық тұтынуы мүмкін еместігі бастапқы кезде-ақ бірден белгілі болған. Бүгінде оның өнімін жиырма шақты отандық кәсіпорын тұтынады, бірақ, бұл — кәсіпорын қуатының бестен бір бөлігіндей ғана.
Өнімді Оңтүстік Корея мен Түркияға да өткізіп көрген. Алайда, тасымалдау шығыны шығандап кетіп, тиімсіз болып шықты. Жезқазған-Бейнеу теміржолының пайдалануға берілуі үкіленген үмітті оятты. Таяу-Шығыс нарығына шығуға мүмкіндік туды. Түркия, Иран, Әзірбайжан мыс ширатпасына қызығушылық танытуда.
Әзірге негізінен Ресей нарығында жұмыс жүргізуде. Өйткені, онымен бірегей кеден одағында болу оң ықпалын тигізіп отыр. Келесі кезекте — Қытай. Тапсырыстың басым бөлігі осы елден түседі. Келешекте өнім өткізудің ауқымын арттыру жолы іздестірілуде.
Әрқашан алда жүру — олар үшін дағдыға айналған. “Қазақмыс” құрылымында 2004 жылы ИСО 9001:2000 халықаралық үлгісі талабына сай менеджмент пен сапа жүйесін алғаш өндіріске енгізген осы ұжым. Ал, жыл сайын соны дәлелмен дәйектеп отыру оңай шаруа емес.
Кейінгі он жыл бедерінде бірде-бір апатсыз және жарақатсыз жұмыс істеуінің өзі көп жайды аңғартса керек.

(Жалғасы. Басы №№39, 40, 41, 42 санда).

Әлібек ӘБДІРАШ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.