Жолдау – 2026Аймақ

Қуатты өңір – қуатты елдің тірегі

Мемлекеттің қуаты ең алдымен халқының әл-ауқатынан көрінеді. Адамдар өмір сүруге ұмтылатын жайлы қалалар, тұрақты жұмыс орындары бар кәсіпорындар, жастарға сапалы білім мен болашаққа сенім сыйлайтын университеттер. Ел ертеңінің берік негізі осындай игіліктерден қаланады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауынан кейін осы ойдың маңызына тағы бір мәрте көз жеткіздім.

Сурет автордың жеке мұрағатынан

Мемлекет басшысы инфрақұрылымды жаңғырту, өнеркәсіпті өркендету, цифрлық экономиканы қалыптастыру, білім мен ғылымды дамыту бағытында ауқымды міндеттер қойды. Әсіресе, өңірлердің әлеуетін арттыруға айрықша назар аударды. Президент атап өткендей, қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды.

Бұл сөздердің астарында ел дамуының терең мәні жатыр. Қазақстанның болашағы тек елорда мен ірі мегаполистерге ғана байланысты емес. Ол Қарағанды мен Теміртауда, Балқаш пен басқа да қалаларда, шалғай ауылдарда күн сайын еңбек етіп жүрген азаматтардың маңдай терімен қалыптасады. Металлургтер, кеншілер, энергетиктер, құрылысшылар, инженерлер, дәрігерлер мен ұстаздар ел экономикасының дамуына өз үлесін қосып келеді.

Қазақстанның ірі индустриялық орталықтарының бірі саналатын Қарағанды облысы үшін Жолдауда айтылған басымдықтардың маңызы зор. Бұл өңірде ондаған жыл бойы ел өнеркәсібінің іргетасы қаланып, металлургия, тау-кен өндірісі мен машина жасау салалары дамыды. Инженерлік мектептер қалыптасып, еңбек әулеттерінің дәстүрі жалғасты.

Алайда бүгінгі заманда ірі кәсіпорындардың болуы өңірдің тұрақты дамуына өздігінен кепіл бола алмайды. Әлем өзгерген сайын экономикаға қойылатын талаптар да жаңарып келеді.

Президент аймақтардың бір ғана салаға немесе жекелеген кәсіпорынға тәуелді болмауы қажеттігін атап өтті. Ірі өндіріс орындарының айналасында білім беру, қолданбалы ғылым, логистика, қызмет көрсету, сабақтас өндірістер мен технологиялық кәсіпкерлікті біріктіретін тұтас экожүйе қалыптастыру міндетін қойды.

Бұл өңірлерді дамытуға жаңаша көзқарасты білдіреді. Қуатты өңір дегеніміз тек ірі зауыты бар қала емес. Ол өндірісі өркендеп, университеттері білікті маман даярлайтын, ғалымдары тың шешімдер ұсынып, кәсіпкерлері жаңа идеяларды нақты өнімге айналдыратын орта.

Мәселен, металлургиялық кәсіпорынның табысты жұмыс істеуі үшін өндірістік қуаттың өзі жеткіліксіз. Оған білікті инженерлер, заманауи жабдықтар, ғылыми әзірлемелер мен өндірістік серіктестер қажет. Ал осы қажеттіліктер жаңа кәсіпорындардың ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына жол ашады. Бір кәсіпорынның жетістігі өндірісті алға бастырса, оның айналасында қалыптасқан тұтас жүйе бүкіл өңірдің өркендеуіне жол ашады.

Мұндай жүйеде техникалық университеттердің орны ерекше. Бүгінде олардың міндеті тек маман даярлаумен шектелмейді. Жоғары оқу орындары өндірістің өзекті мәселелеріне ғылыми шешім ұсынып, жаңа технологияларды әзірлеуге және оларды тәжірибеге енгізуге атсалысуы тиіс.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті үшін өндіріс пен білімнің байланысы қашанда маңызды бағыттардың бірі болып келеді. Университетіміз Qarmet, «Қазақмыс», KAZ Minerals, ERG, «Қазхром», «Қазатомөнеркәсіп» және басқа да жетекші өнеркәсіп кәсіпорындарымен тығыз ынтымақтастық орнатқан.

Біздің университет Мемлекет басшысы Жолдауында басымдық берілген экономиканың негізгі салаларына қажетті инженерлік кадрларды даярлайды. Олардың қатарында тау-кен және металлургия өнеркәсібі, машина жасау, энергетика, құрылыс, көлік пен логистика, цифрлық технологиялар және өндірісті автоматтандыру бағыттары бар. Түлектеріміз ғимараттар мен жолдарды жобалап, ірі өндіріс орындарында еңбек етеді, энергетикалық жүйелердің жұмысын қамтамасыз етіп, жаңа технологияларды енгізуге және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға үлес қосып жүр.

Техникалық университеттің басты міндеті де осында. Біз бір ғана салаға емес, тұтас экономикаға қажет мамандарды даярлау арқылы бүгінгі өндірістің сұранысын өтеп қана қоймай, елдің ертеңгі кадрлық әлеуетін қалыптастырамыз.

Сонымен қатар ғылыми зерттеулер нақты өндірісте қолданылуы керек. Кәсіпорындардың өзекті мәселелері ғылыми жобаларға негіз болып, университет ғалымдарының әзірлемелері жаңа технологияларға айналуға тиіс. Білім, ғылым және бизнестің осындай бірлескен жұмысы өңірлердің дамуына тың серпін береді.

Жолдаудағы тағы бір маңызды бағыт – инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту. Президент 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында жолдарды, инженерлік желілер мен энергетикалық нысандарды жаңарту, мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар салу көзделіп отыр. Бұл бастама өнеркәсібі дамыған аймақтар үшін инфрақұрылымды жақсартумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға, отандық құрылыс материалдарын, металл конструкциялары мен инженерлік жабдықтар өндірісін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Әрбір жаңа көпірдің артында инженер мен құрылысшының, электр станциясының артында энергетиктің, ал заманауи кәсіпорынның артында жүздеген білікті маманның еңбегі тұр. Демек, инфрақұрылымды дамыту инженерлік білімнің сапасымен және елдің ғылыми-технологиялық әлеуетімен тікелей байланысты.

Мен үшін Мемлекет басшысының келешек ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілік туралы айтқан ойлары айрықша әсерлі болды. Президент бұл жауапкершілік тек қаржы қорын сақтаумен шектелмейтінін, ең бастысы экономикасы қуатты, инфрақұрылымы заманауи, халқының тұрмыс деңгейі жоғары, технологиялық тұрғыдан дамыған Қазақстанды кейінгі ұрпаққа аманат ету екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы мұны тарихи ауқымдағы миссия деп атады. Қазақстанның басты байлығы тек жер қойнауындағы қазба байлықтар мен алып кәсіпорындар емес. Ең қымбат қазынамыз – адам. Заманауи зауыттар салып, озық жабдықтар сатып алуға болады. Алайда білімді, кәсіби білікті әрі жауапкершілігі жоғары мамандар болмаса, мұның бәрі күткен нәтижені бермейді. Сондықтан адами капиталды дамыту елдің ұзақ мерзімді өркендеуінің берік негізіне айналуы тиіс.

Біздің міндетіміз – қай жерде тұрса да, әрбір жастың сапалы білім алуына, лайықты жұмыс табуына, қабілетін шыңдап, туған өлкесінің дамуына үлес қосуына жағдай жасау.

Қарағандыда, Теміртауда немесе шалғай ауылда өскен жас өзінің кәсіби болашағын туған жерімен байланыстыра алуы керек. Өңірде білім алып, еңбек етіп, ғылыммен айналысып, жеке кәсібін ашуға мүмкіндік болса, оның дамуы да баянды болмақ.

Бұл ретте техникалық университеттерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Біз тек дипломы бар түлектерді емес, өз бетінше ойлайтын, күрделі мәселелердің шешімін таба білетін, қабылдаған шешімі мен атқарған ісіне жауап бере алатын мамандарды тәрбиелеуіміз қажет.

Жолдауда қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау мәселесіне де ерекше мән берілді. Президент елдің ынтымағы болмаса, ешбір реформаның нәтижелі жүзеге аспайтынын және ілгерілеудің мүмкін еместігін атап өтті.

Бұл сөздердің Қарағанды үшін мәні терең. Біздің өңірде түрлі ұлт өкілдері ондаған жыл бойы иық тіресе еңбек етіп, қалалар тұрғызды, кәсіпорындарды өркендетті, білім мен ғылымды дамытты. Халқымыз «Ырыс алды – ынтымақ» деп бекер айтпаған. Бірлік бар жерде береке бар. Ал берекелі елдің болашағы да баянды.

Бірлік тек сөз жүзінде қалмауы керек. Ол адамдардың бір-біріне деген құрметінен, адал еңбегінен, өзара қолдауынан және ел болашағына деген ортақ жауапкершілігінен көрініс табады. Осы құндылықтарды кәсіби біліммен қатар жас ұрпақтың бойына сіңіру де біздің міндетіміз.

Қазақстан жаңа тарихи кезеңге аяқ басып, алдына ауқымды мақсаттар қойып отыр. Оларды жүзеге асыру мемлекет, бизнес, ғылым және қоғамның күш-жігерін біріктіруді талап етеді.

Қарағанды облысы үшін бұл жинақталған өндірістік тәжірибені экономикалық өсудің жаңа мүмкіндіктеріне айналдыру деген сөз. Ірі кәсіпорындар, университеттер, ғылыми орталықтар мен технологиялық бизнес біртұтас жүйе ретінде жұмыс істегенде ғана өңірдің әлеуеті толық ашылады.

Осындай үйлесімді даму аймақтардың қуатын арттырып, экономиканың тұрақтылығын нығайтып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартатынына сенімдімін.

Қазақстанның күші – халқының бірлігінде, жастарының білімінде, еңбек адамдарының шеберлігінде, ғалымдарының жетістігінде және әр өңірдің жасампаз әлеуетінде. 

Біздің ортақ тарихи міндетіміз – келер ұрпаққа табиғи байлығы мол елді ғана емес, әр азамат өз қабілетін жүзеге асыра алатын, экономикасы қуатты, заманауи әрі әділетті Қазақстанды аманат ету.

Сауле САГИНТАЕВА
Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, математика профессоры

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button