Құрыш қала: жаңғырудың жаңа кезеңі
Теміртау – қазақ өнеркәсібінің қарашаңырағы. Бүгінде мұндағы металлургия комбинатында бұрын-соңды болмаған ауқымдағы тарихи жаңғыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы. Осы орайда «Qarmet» кәсіпорны тек өндірістік қуаттылықты арттырып қана қоймай, экологиялық қауіпсіздік, еңбек қорғау және қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын түбегейлі жақсарту бағытында кешенді жобаларды қолға алды.

Жарты ғасырдан астам уақыт бойы жаңартылмаған алып агрегаттар ауыстырылып, өндіріс процесіне цифрлық технологиялар енгізілуде. Құрыш қаладағы бүгінгі қызу тірлік – отандық металлургияның жаңа сапалы деңгейге көтеріліп келе жатқанының айқын көрінісі.

Болат балқыту мен прокат шығарудағы серпін
Комбинат алдында тұрған ең үлкен міндеттердің бірі – өнім сапасын жаңа деңгейге көтеріп, ішкі және сыртқы нарықты толық қамтамасыз ету. Бұл орайда №3 болат өңдеу машинасын қайта жаңғырту жұмыстарының маңызы зор. Жобалық қуаттылығы жылына 1,2 миллион тоннаны құрайтын бұл машина арматура мен жазық прокат өндіруге бағытталған. Өндіріс барысында болат құю цехының әрқайсысы 300 тонналық қазандықтарынан келіп түсетін сұйық болатты құюға орта есеппен бір сағат уақыт жұмсалады. Алынған болат құймаларының ені 770-тен 1520 миллиметрге дейін жетсе, олар 9,5 метрге дейінгі өлшемде кесіліп, №1 сортты прокат цехына жөнелтіледі.

– Бүгінде комбинат алдында өндіріс тиімділігін арттыру және өнім сапасын жаңа деңгейге көтеру бойынша ауқымды міндеттер тұр. Соның ішіндегі маңызды қадамдардың бірі – №3 болат машинасын қайта жаңғырту. Жаңа мердігер ұйыммен келісімшарт бекітіліп, бұл бағыттағы жұмыстар нақты жолға қойылды. Аталмыш жобаның іске қосылуы екі сортты прокат цехын – ескі және жаңа цехтарды тұрақты түрде сапалы өнімдермен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біз тек ішкі қажеттілікті жауып қоймаймыз, бұл жаңғырту бізге нарыққа қосымша тауарлық өнім шығаруға жол ашады. Технологиялық үдерістерді жетілдіру арқылы комбинаттың әлеуетін арттыруды жүйелі түрде жалғастыра береміз, – дейді «Qarmet» болат департаментінің директоры Андрей Берг.

Бұған қоса, халықаралық тәжірибесі бар «CERI» компаниясының қатысуымен жаңа сортопрокат кешенінің құрылысы қарқын алды. Жылдық жобалық қуаттылығы 540 мың тоннадан асатын бұл үлкен сұранысқа ие А600 және А1000 класты жоғары берік арматураларды, бұрыштықтар мен швеллерлерді шығаруға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде алаңға 1,5 мың тоннадан астам металл конструкциялары мен арматура жеткізіліп, 11 көпірлік кранды орнату жұмыстары жүріп жатыр.

Машина жасаудағы белес
Комбинаттың көшбасшы бөлімшелерінің бірі – ыстықтай мырыштау және алюминий цехы. Мұнда 456 кәсіби маман еңбек етеді. Үш бірдей заманауи желінің үйлесімді жұмысының арқасында жылына 700 мың тоннадан астам дайын өнім шығарылады. Зауыттың өндірістік мүмкіндігіне келсек: металды дат басудан қорғайтын негізгі мырыштау агрегаты (АНГА) жылына 320 мың тонна өнім шығарса, екінші мырыштау желісі (ЛНГЦ) 300 мың тоннаға дейін металл өңдейді. Ал осы металдардың бетін түрлі-түсті бояумен (полимермен) қаптайтын цех жылына 100 мың тонна дайын өнім беруге қабілетті.
Бұл өнімдердің ел экономикасына қосар үлесі орасан. Отандық машина жасау кәсіпорындарымен әріптестік жаңа деңгейге көтерілді. Комбинат шығаратын 08ПС және 08КП маркалы мырышталған болат бүгінде Саран қаласындағы «QazTehna» зауытында Yutong автобустарын құрастыруға тікелей пайдаланылып отыр. Әсіресе, былтыр іске қосылған 1100 тонналық гидравликалық штамптау пресінің арқасында автобустардың шанақ элементтерін өзімізде жасауға жол ашылып, жергілікті өнім үлесі 11 пайыздан артты.
65 жылдан кейінгі жаңа кокс батареялары
Кәсіпорындағы ең ауқымды мегажобалардың бірі – соңғы 65 жылда алғаш рет жаңадан салынып жатқан №8 және №9 кокс батареялары. Бұл жоба Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің Қытайға сапары барысында жасалған келісім негізінде, «Қазақстан даму банкінің» қаржылық қолдауымен жүзеге асуда. Бас мердігер – әлемдік кокс өндірісінің көшбасшысы «ACRE» компаниясы.
– Зауыттағы барлық қолданыстағы кокс батареялары өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған. Иә, оларға жөндеу жүргізілді, бірақ заманауи талаптарға сай нөлден бастап, жаңа батарея салу – Қазақстанда бұрын-соңды болмаған масштабтағы қадам. Жаңа кокс батареялары – өндірістегі жүздеген операцияны атқаратын аса маңызды агрегаттар. Олардың құрылысы өнімнің өзіндік құнына, экологияға және кәсіпорынның болашағына тікелей әсер етеді. Қыс мезгілінде де жұмысты тоқтатпау үшін біз уақытша жылыжай орнаттық. Алаңға әкелінген арнайы бетон 300 градусқа дейінгі жоғары температураға төтеп береді. Бұл – бізге сенімділік сыйлайтын нағыз стратегиялық шешім, – дейді кәсіпорынның күрделі құрылыс директоры Алексей Сидоренко.
Жаңа кешеннің қуаттылығы жылына 1,5 миллион тонна құрғақ кокс өндіруге жетеді. Екі батареяның ортасында биіктігі 35 метрлік көмір мұнарасы бой көтерсе, іргетасы қаланып жатқан алып түтін құбырының биіктігі 170 метрге жетеді. Келер жылы бұл кешен толық іске қосылғанда, ескірген №1-4 батареялар кезең-кезеңімен жұмыстан шығарылып, өңірдің экологиялық ахуалы айтарлықтай жақсарады.
Жеті жүз метр тереңдіктегі бақылау
Өндіріс көлемі қаншалықты маңызды болса, кеншілердің қауіпсіздігі одан да жоғары тұрады. Осы мақсатта Бұқар жырау даңғылындағы бас ғимаратта аумағы 80 шаршы метрлік бірыңғай диспетчерлік-аналитикалық орталық іске қосылды. Мұнда 15 білікті маман тәулік бойы 8 жер асты шахтасы мен 4 үстіңгі кәсіпорынның жұмысын жіті бақылайды.
Қарағанды көмір департаментінің техникалық директоры Сергей Шуберский бұл орталықты «кәсіпорынның жүрегі» деп бағалап, жүйенің артықшылықтарын атап өтті.
– Бұл жерден біздің құрылымымызға кіретін барлық 12 кәсіпорынның жұмысы басқарылады. Жүйенің арқасында біз шахтаішілік қауіпсіздікті қатаң бақылауда ұстаймыз. Жер астында жүрген адамдардың санын және олардың нақты қай жерде жүргенін 10 метр дәлдікпен көріп отырамыз. Мысалы, дәл қазір Костенко шахтасының өзінде жер астында 67 адам, ал үстіңгі бетте 48 адам бар екенін, олардың нақты 73-ші аумақта жүргенін дөп басып айта аламыз. Әрбір жұмысшыға арнайы шам мен тасымалданатын газоанализатор бекітілген. Экраннан қызметкердің аты-жөнін, табельдік нөмірін көреміз. 700 метрден астам тереңдікте жүрген кеншілермен армафондар арқылы тікелей байланысқа шығамыз. Егер адамның жағдайы нашарласа, ол шамдағы «SOS» түймесін басады. Сигнал дереу келіп түседі де, құтқару бригадасы шұғыл аттанады. Тіпті, адамдарды тасымалдауға арналмаған конвейерге біреу түсіп кетсе, жүйе оны дереу анықтап, лентаны автоматты түрде тоқтатады, – деді ол.
Шаһарға қамқорлық
«Qarmet» үшін қала мен комбинат – бөліп қарауға келмейтін тұтас ұғым. Сондықтан, кәсіпорын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосып келеді. Ұзақ жылдар бойы қараусыз қалған аумағы 7 гектарлық «Qarmet Park» толықтай қалпына келтіріліп, тұрғындар игілігіне берілді. Үш кезеңмен жүрген жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде мұнда жасанды тоғандар, халықаралық стандарттағы баскетбол корты, воркаут алаңдары мен заманауи демалыс орындары бой көтерді. Қазірдің өзінде саябақ мыңнан астам адам қатысқан «Qarmet Run 2026» марафоны мен «Kia Basketball Fest» сияқты қалалық ауқымды шаралардың орталығына айналды.
Сондай-ақ, теміртаулықтар үшін ең үлкен тарихи қуаныш – қалалық трамвайдың қайтадан рельске оралуы. 2023 жылдың ақпанында тоқтап қалған қозғалысты жандандыру үшін кәсіпорынның қолдауымен жалпы ұзындығы 30 шақырымдық теміржол ауыстырылды. 8 жаңа заманауи вагон сатып алынып, алғашқы сынақ рейсі 2024 жылдың 1 қазанында сәтті өтті. «Onay» жүйесі қосылған трамвайлар бүгінде бекітілген кестемен тұрақты жүріп тұр, ал комбинат қызметкерлері үшін жол жүру тегін.
Түйіндей айтқанда, «Qarmet» кәсіпорнында жүріп жатқан ауқымды өзгерістер – бұл тек техника мен технологияны жаңарту емес, тұтас өндірістік мәдениеттің соны серпіні. Ескірген инфрақұрылымнан арылып, сандық жүйеге көшу, кеншілер қауіпсіздігін алдыңғы орынға қою және жергілікті өндіріс үлесін арттыру – Теміртаудың ғана емес, отандық өнеркәсіптің болашағына салынған мықты инвестиция. Алып комбинаттың жаңа тынысы құрыш қаланың еңсесін тіктеп, ел экономикасының берік тірегі ретіндегі тарихи миссиясын қайта жаңғыртып келеді.
Назар ӘЛІ
«Ortalyq Qazaqstan»



