Бас тақырыпЖаңалықтар
2027 жылы еліміздегі ең төменгі жалақы 100 мың теңгеге дейін көтеріледі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 100 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды. Жаңа мөлшер келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілуге тиіс.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл өзгеріс 1,8 миллион адамның табысын арттыруға мүмкіндік береді. Олардың қатарында бюджет есебінен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкер бар.
Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жаңғыртуға басымдық беріледі. Жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтіп, осы салаға бөлінетін қаржыны кезең-кезеңімен көбейту жоспарланып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев учаскелік қызмет мамандарының жалақысын да көтеруді тапсырды. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың еңбекақысы үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін артады. Бұл 77 мыңнан астам медицина қызметкерінің табысына әсер етеді.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



