Уақыттың алтын арқауы

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Отанына шексіз беріле қызмет атқарған, кезінде Қазақ КСР­-інің басшыларының бірі болған Мұхамеджан ӘБДІХАЛЫҚОВ 1903 жылы шілде айында Баянауыл жерінде дүниеге келген.

Мұхамеджан әуелі Спасск зауытындағы мектепті, кейін Петропавл қаласындағы ФЗУ оқуын аяқтағаннан кейін комсомол губкомының жолдамасымен Сәкен Сейфуллин ректор болған Қызылорда ағарту институтына келіп түседі.

1928 жылы бір топ студент республикада алғаш Алматы қаласында ашылған институтқа ауыстырылады. Бұл жоғары оқу орнында белгілі тарихи тұлғалар Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков, Халел Досмұхамедов лекция оқыған, ежелгі тарих курсын университет ректоры Санжар Асфендияровтың өзі жүргізген еді.

Институтты бітіргеннен кейін (1930 жылы бұл институт Қазақ педагогикалық институты (ҚазПИ) болып өзгертілді) Мұхамеджан Әбдіхалықов республикалық көпшілік кітапханасының ғылыми қыз меткері, сонымен бірге, ҚазПИ­дің саяси экономия кафедрасында оқытушы болады. Мұхамеджан Әбдіхалықовтың қоғамдық және партия қызметіндегі еңбек жолы 1933 жылдан басталады. Әуелі Қазкрайком нұсқаушысы, Қазақстан ЛКЖО крайкомында бөлім меңгерушісі болады. Одан соң қайтадан  Қазкрайком аппаратына келіп, біраздан соң Қарағанды облыстық партия комитетінің үгіт, насихат және баспасөз бөлімінің жетекшісі қызметіне ауыстырылады.

1938 жылы Мұхамеджан Әбдіхалықов Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Н.И.Скворцовтың ұсынысымен Халық ағарту комиссары (білім министрі) болып тағайындалады. 1940 жылдың аяғында білім саласындағы қызметкерлерге арналып санаторий салынады, консерватория, Қыздар педагогикалық институты (ЖенПИ) ашылады. Республика халқының сауатсыздығын жою ісіндегі жетістіктері үшін білім наркоматы Қазақстанның ХХ жылдығына орай ҚазКСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталады, ал М.Әбдіхалықовтың өзі еңбек Қызыл Ту орденін алған екен.

1941 жылы Мұхамеджан Әбдіхалықов Республика Совнаркомының Төрағасы Нұртас Оңдасыновқа орынбасар болып тағайындалады. Сол жылдың күзінде Алматы қаласына КСРО­ның батыс аймағынан және Мәскеуден көшірілгендерді (КСРО Ғылым академиясы, «Мосфильм», жоғары командалық құрамның отбасы және т.б.) орналастыруда қиын жағдай туындайды. Жаңа жұмысқа өзіне тән жауапкершілікпен қарай отырып, Әбдіхалықов өте аз уақыт ішінде Үкімет алға қойған міндетті табысты шешеді.

Алматы қаласына отбасымен бірге атақты ақын, КСРО және қазіргі Ресей Федерациясы әнұранының авторы Сергей Михалков көшіріледі де ақынның отбасын Мұхамеджан Әбдіхалықов өз үйінің бір бөлмесіне кіргізеді.

1942 жылы 34 жастағы Мұхамеджан Қазақстан Компартиясы ОК насихат және идеология жөніндегі хатшысы және бюро мүшесі болып сайланады.

Бұл қызметте ол ғылым және білім, өнер, әдебиет саласына басшылық та, қамқорлық та жасайды. Соғыс жылдарында Алматы қаласында Кеңес Одағының көптеген зиялы қауым өкілдері тұрды. Олардың арасында «Өлілер мен тірілер» кітабының авторы К.Симонов, актрисалар Л.Орлова мен В.Марецкая, кинорежиссер А.Довженко, музыкант Л.Утесов және басқалар болған.

Алматыға Ғылым академиясының президенті В.Л.Комаров бастаған КСРО­ның барлық Ғылым академиясы көшірілді. Қазақстан ғалымдары мен еліміздің жетекші ғалымдары академик В.И.Вернадский, Л.С.Берг, Н.Ф.Мандельштам, С.Г.Струмилин, А.Е.Фаворовский, В.Г.Фесенков тығыз қарым­қатынаста жұмыс істеді, КСРО Ғылым академия сының президенті В.Л.Комаровтың басшылығымен Қазақстан және Орал, Батыс Сібір ресурстарын жұмылдыру жөнінде КСРО ҒА-ның Комиссиясы еңбек етті, оның құрылымы жүзеге асырылды. Соғыс жылдарында Қазақстанда 20-дан аса ірі ғылыми институт орналастырылған еді. 1942 жылы КСРО ҒА Қазақ филиалы жанында аспирантура ұйымдастырылды. 1945 жылдың аяғында КСРО ҒА Қазақ филиалының құрамында 864 ғылыми және ғылыми­техникалық қызметкер, оның ішінде, 78 ғылым докторы, 200­ден аса ғылым кандидаты болды.

Осы уақытта Мәскеу тарихшысы А.Панкратова мен қазақ тарихшысы Е.Бекмаханов Қазақстан тарихын жазу идеясын ұсынды. Сол кезде Қазақстан КП ОК шешімі бойынша Мұхамеджан Әбдіхалықов Мәскеу ғалымдарының көмегімен Қазақстан тарихын жазуды және басып шығаруды ұйымдастырады. Өйткені, Мәскеу тарихшылары өздерімен бірге КСРО­ның барлық тарихи мұрағатын ала келген болатын. Редакция алқасының құрамына А.Панкратова, Н.Дружинин, Б.Греков, Е.Бекмаханов сияқты белгілі тарихшылар, М.Әуезов, С.Мұқанов сияқты көрнекті жазушылар кірді. Басылымның бас редакторы етіп Мұхамеджан Әбдіхалықовты тағайындайды. Тарихтың әр тарауы Қазақстан Компартиясы ОК­нің бюросында талданады және бекітіледі. Сөйтіп, «Көне дәуірден қазіргі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» 1943 жылы жарық көреді.

Қазақстан тарихы жарық көргеннен кейін шовинистік бағыттағы сыншылардың пікірінен кітап авторларының тұжырымдамасын қорғап қалу үшін принципшілдік пен табандылық танытады. Сол үшін ол өз орнынан босатылды, ал, Қазақстан тарихы туралы кітап барлық кітапханалардан алынады және жойылады. Ал, бұл еңбек одақтағы ұлттық республикалар арасында жазылған алғашқы тарих болатын.

1997 жылы шілде айында Әбдіхалықовтың 95 жылдығына орай ҚР Ғылым академиясы мен ҚР Ғылым министрлігінің атынан жазылып, В.С.Школьник қол қойған құттықтауда: «Ежелгі дәуірден біздің заманымызға дейінгі Қазақстан тарихын» жазу кезінде принципшілдік, беріктік пен табандылық таныттыңыз. Өмір осы еңбек авторларының дұ рыстығын айқындады. Сіз тарих алдындағы өзіңіздің ар­намы сыңыздың адалдығын дәлелдедіңіз. Сондықтан да, сіздің атыңыз  – «ҚазКСР тарихын» жазған көрнекті ғалым­авторлардың атымен қатар аталады», ­ деп атап көрсетілді.

1944 жылы Қазақстан КП ОК Қаныш Сәтбаевтың партия қатарына өтуіне ұсыныс жасаған кезде Қазақстан КП ОК хатшылары М.Әбдіхалықов пен Т.Абабков Қазақ КСР Ғылым академиясының болашақ тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың партияға өтуіне кепілдеме берген екен.

Соғыс жылдарының ауыртпалығына қарамастан, Республика басшылығы КСРО үкіметіне Алматы қаласында Қазақстан Ғылым академиясын ашу туралы ұсыныс жасады. Сол кезде М.Әбдіхалықов Республика Ғылым академиясын құру жөніндегі үкімет комиссиясын басқарды. Қаныш Сәтбаев және басқа да ғалымдар жүзеге асырған осы зор және жауапты жұмыстың нәтижесінде 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы жеке ұйым болып құрылды. Осы оқиғаға арналған салтанатты жиналыста ҚазКСР ҒА құру туралы қаулыны жариялау құқығы Мұхамеджан Әбдіхалықовтың үлесіне тиеді.

1947 жылдың желтоқсанынан бастап 1967 жылдың маусымына дейін Қазақстан Компартиясы ОК бюросының шешімі бойынша Мұхамеджан Әбдіхалықов Партия тарихы институтында (КОКП ОК жанындағы Марксизм­ленинизм  институтының Қазақ филиалы) бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарды. Ол өзінің өмірін ғылыми­публицистикалық қызметке арнап, марксизм­ленинизм классиктерінің еңбегін қазақ тіліне аударумен айналысты.

Мұхамеджан Әбдіхалықовтың ерен еңбегі екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен және бірінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, көптеген медальдармен және басқа да марапаттармен аталып өтілді. Ол екі рет КСРО Жоғары Кеңесіне, ҚазКСР Жоғары Кеңесінің депутаттығына сайланды. «Алматы қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Ұлы Отан соғысының алпыс жылдығында Мұхамеджан Әбдіхалықов жоғары марапат «Отан» орденімен наградталды. 2017 жылы Алматы қаласы басшылығының шешімімен ол өмір сүрген үйдің қабырғасына Мемориалдық Құрмет тақтасы орнатылды.

2021 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясына 75 жыл толады. Соған орай Республикамыздың білімі мен ғылымын ұйымдастырушылардың бірі, 103 жасқа келіп дүниеден өткен Мұхамеджан Әбдіхалықовты да ұмытпай еске ала кетсек, артық болмас еді. Сонымен қоса, Қарағанды қаласының бір мектебіне мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамеджан Әбдіхалықовтың атын беру туралы ұсыныс қабыл алынып, ол туралы құжаттар жинастырылу үстінде. Егер бұл ұсыныс жүзеге асқан жағдайда оның есімі халықтың жадында сақталуы үшін ерекше бір сауапты іс болар еді.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Қазақстанның Мәдениет қайраткері.