Басты тақырыпҚарқаралыОблыс әкімі

Туризмнің тұғыры – Қарқаралы

     Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ Қарқаралы ауданына жасаған екікүндік жұмыс сапары жайлы қысқаша ақпарат газетіміздің өткен санында жарияланған болатын. Қасиетті өлкенің бүгінін саралап, ертеңін салмақтаған сапардың олжасы жайында ой бөліспекке ниет еттік. Сонымен…

Күдік пен үміттің

көпірінде

Облыс әкімі бастаған ресми керуен әуелі «Ынталы-Бесоба-Қызылту» бағытындағы облыстық маңызы бар автожол бойындағы көпірге ат шалдырған. Мұндағы мақсат – Байқожа өзеніндегі апатты көпірдің жағдайымен танысу.

Шынымен-ақ, көпір – апатты жағдайда. Көктемгі су тасқынының салдарынан емес, ауыр жүк көліктерінің салмағынан опырылғаны анықталыпты. Яғни, «көліктің үлкені көпір бұзады» дегенге саяды. Бұл туралы аймақ басшысына аудан әкімі Халел Мақсұтов пен облыстың жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Абайділдә Санаубаров мәлімдеді.

Ауыр салмақтың салдарынан көпірдің екінші тіреуі зақымданған. Биыл 18 млн. теңгеге жаңа көпірдің жобалық-сметалық құжаттары дайындалады. Келесі жылы жаңа көпірдің құрылысын бастаймыз. Жобалаушылар жаңа көпірді ескі өткелдің табанында салуды ұсынып отыр. Жаңа көпір салынып біткенше, ескісі жұмыс істеп тұрады да, қосымша айналма жол салудың қажеттілігі болмайды, – деді басқарма басшысы Абайділдә Санаубаров.

Аймақ басшысы Ерлан Жақанұлы көпірдің техникалық сипаттамасымен және қайта қалпына келтіру жұмыстарының жоспарымен егжей-тегжейлі танысып шықты.

Байқожа өзеніндегі көпірдің ұзындығы – 64 метр. 16 метрлік 4 аралықтан тұрады. 1974 жылы салынған екен. Жолаушыға жонын тосқанына жарты ғасырға жуықтап қалыпты. Тозығы жететіндей мезгіл. Екі дәуірдің (Кеңестік кезең мен Тәуелсіздік жылдарындағы) ауыр жүгін арқалаған көпір. Оған жыл сайын дамыл бермей тұрған су тасқынының залалын қосыңыз. «Су ағады, тас қалады» деуші едік қой. Бүгінгінің аққан суы тас түгілі, көпірді де қалдырмайтын түрі бар. Әйтеуір, көпір мәселесі шешілгелі тұр. Тікелей облыс әкімінің пәрменімен Байқожа көпіріне қомақты қаржы бөлініп, келесі жылы 480 млн. теңгеге жаңа көпір салынбақ. Бұл көпір кеше күдіктің көпірі еді. Бүгін үміттің өткеліне айналды.

…Табиғаты тылсымға толы Қарқаралы ауданы соңғы жылдары көктемгі су тасқынынан орасан зардап шегуде. Оның алдын алу шараларын да кешенді түрде жобалау керек. Осы мақсатта Ерлан Қошановтың тапсырмасымен бірқатар жаңа жобалар әзірленуде. Мәселен, «Ынталы-Бесоба-Қызылту» бағытындағы автожол бойындағы 4 суағар құбырлары ауыстырылмақ. Сондай-ақ, «Ынталы-Бесоба» бағытындағы жолды жөндеу көзделіп отыр. Ал, «Бесоба-Қызылту» жолының күтімі осы жолмен ауыр жүк көліктері жиі қатынайтын «Алайғыр» ЖШС басшылығына жүктелмек.

Бұдан кейінгі пәтуәлі әңгіме «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» бағытындағы республикалық маңызы бар күре жолдың бойында жалғасты. Матақ ауылының маңындағы суағардың су өткізу қауқары көңіл көншітпей тұр. Анығын айтсақ, бұл құбыр секундына 11,7 текше метр су өткізе алады. Ал, жоспарланып отырған жаңа суағардың мүмкіндігі – 62 текше метр болмақ.

Сонымен қатар, жаңа басшының тапсырмасымен қолға алынған жаңа жоба бойынша бағыттаушы дамбаның құрылысы қарастырылып отыр. Дамбаның биіктігі – 1,5 метр, ал, ұзындығы – 2,6 шақырым. Жоба құны – 466,5 млн. теңге.

Жаңа жобаның жай-жапсары мен мүмкіндіктері туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды филиалының директоры Қанат Шаймин баяндады. Сондай-ақ, «ҚазАвтоЖол» АҚ өкілі биылғы жылы «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» бағытындағы жолдың Қарағанды облысына қарасты бөлігінің бірқатар учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді.

Мұның барлығы – облыс әкімінің тапсырмасы. Тек қана, қара жолдың бойында қайта пысықталды. Күмәнділеу әңгімені қисынға келтіру үшін «Жол үстінде келем ғой» деп «қарғанушы» едік қой. Бұл да – жол үстінде жасалған мәміле. Аймақ басшысы көзбен көріп, қолмен ұстап тұрып берген тапсырма. Ендеше, сенім серпілді дей беріңіз. Кеше ғана күдіктің көпірі болған жер үміттің өткеліне айналды. Жол жөнделеді. Қарапайым халыққа бұдан артық не керек?!

Қарқаралының

Бесобасы –

берекенің босағасы

Облыс әкімі Бесоба ауылына арнайы ат басын бұрып, ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп отырған отбасылық-дәрігерлік амбулатория жұмысымен танысты. Орталықтан шалғай орналасқан ауыл тұрғындарының медициналық қызмет сапасына қатысты айтар назы мен өкпесі жоқ.

Біздің амбулатория құрамына Ынталы ауылындағы фельдшерлік-акушерлік бекеті, Қарашоқы және Қызылту медициналық бекеттері кіреді. Жалпы алғанда, 2100 тұрғынға медициналық қызмет көрсетеміз. Күндізгі стационарда 5 кереует бар. Онда жылына 300-ге жуық ауыл тұрғыны емделеді, – дейді амбулаторияның бас дәрігері Салтанат Алмаған.

Амбулаторияда физиокабинет, ана мен бала бөлмесі жұмыс істеп тұр. Алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған негізгі құрал-жабдықтар сақадай сай. Тек қана, ғимараты – көне. 1924 жылы салынған екен. Бірақ, тозып тұрған жоқ. 2010 жылы ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліп, қажетті қондырғылармен жабдықталған.

Ауыл тұрмысының деңгейіне ауылдың ажары өлшем болады. Біз көрген Бесобаның еңсесі – биік, келбеті – ажарлы екен. Иә, Қарқаралының Бесобасы берекенің босағасындай менмұндалайды.

«Айсаға» тоқтап,

майсаға жантайып,

қымыз ішіңіз!

Күн көкжиекке еңкейген шақта аудан орталығына жақын орналасқан «Айса» шаруа қожалығының ауласына аялдағанбыз. Жасыратыны жоқ, шаруа қожалығы десе, мыңғырған мал көз алдымызға келіп, қидың иісі қолқамызды алады ғой. Мұнда бұлай емес. Аула – мұнтаздай. Айнала – қарқынды құрылыс. Қожалық иегері Қайдар Ахметчин ағытыла жөнелді.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың игілігін көріп отырмыз. Кәсіпорын негізінен ірі қара мал өсіру бағытына маманданған. Алайда, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қамтылған «Туған жер» бағдарламасы жаңа бастамаларға түрткі болып отыр. Шаруашылық аясында кешенді демалыс орталығын ашуды қолға алдық. Жоба бойынша қымызбен емдеу қызметі қамтылған қонақ үй кешені мен бұқаралық спорт орталығын салуды көздеп отырмыз. Өзім Теміртау қаласында тұрғаныммен, осы Қарқаралының тумасымын. Еліме пайдам тисін, еңбегімнің игілігін өз отбасым ғана емес, туған елім де көрсін деген ниетпен осындай жобаларды іске асыруға кірісіп кеттік, – дейді кәсіпкер.

Шынымен де, жемін басып жейтін қарға секілді болмай, шашып жейтін сұңқар болмысты азаматтар көп болса ғой! Сонда ғана туған топырағымыз гүлденіп, Қазақстанның әрбір өңірі жерұйыққа айналар еді. Қарқаралы азаматтарының осындай бастамаларына сүйсініп қайттық. Әрине, ондай бастамаларға әкімшілік барьерді көлденең тартпай, керісінше қолдау көрсетіп отырған жергілікті биліктің іскерлігі бар бұл жерде.

Анықтама үшін айтайық, Қарқаралы ауданында 2500-ге жуық шағын және орта бизнес нысаны тіркелген. Оларда 3000-нан астам жергілікті халық нәпақа тауып жүр. Жыл басынан бері 47 тұлға жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 4 жаңа шаруа қожалығы ашылыпты.

Бізде туристерге қызмет көрсететін 26 нысан жұмыс істейді. Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі аясында туристерді тарту үшін туроператорлар мен Қарқаралы ұлттық табиғи паркі арасында бірлескен қызмет көрсету туралы келісімшарт жасалды. Маршрут бекітілді. Табиғи парк жанынан «Визит-орталық» ашылды, – дейді аудан әкімі Халел Мақсұтов.

Ал, сапалы әрі табиғи өнім тұтынғыңыз келсе, «Балқантау» жартылай дайын өнім цехына барыңыз. Күніне 600 кг-ға жуық 15 түрлі өнім өндіретін кәсіпорын шикізаттың барлық түрін ауыл шаруаларынан сатып алады. Кәсіпорында талапқа сай қасапхана мен ветеринарлық зертханасы бар. «Балқантаудың» өнімдері жақын арада Қарағанды қаласындағы әлеуметтік павильондарға шығарылатын болады.

Осынша игілікті істі өз көзімен көрген облыс әкімі Ерлан Қошанов аудан әкіміне кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді ұдайы назарда ұстау жөнінде тапсырма жүктеді. Сапардың алғашқы күні осымен түйінделген.

Жұмыс бар жерде –

ырыс бар

Облыс әкімі Ерлан Қошановтың екінші күнгі жұмыс сапары сауапты рәсіммен басталды. Аймақ басшысы қазақтың нар ақыны, сазгер Мәди Бәпиұлының зиратына барып, ақын рухына тәу етті. Одан кейін аудан орталығындағы тарихи орын – Құнанбай қажы мешітінде болды.

Бейресми сәттен ресми сәтке ауысқан сапар аудан әкімдігінің мәжіліс залындағы актив жиналысында жалғасты. Актив жиынына облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары және Қарқаралы қойнауынан кен игеріп, ел ырысын еселеп отырған «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Бақтияр Қырықпышев қатысты.

Қарқаралы – әр қазақтың жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатар қасиетті мекен. Ел тарихында бірліктің символына айналған – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би секілді үш данышпан болса, сол үш бидің бірі әрі бірегейі Қаздауысты Қазыбек бабамыздың атамекені – Қарқаралы. Мен бұл сапарымды кезекті жұмыс сапарларымның бірі дей алмаймын. Өйткені, мен бұған дейін Қарқаралының қаншама ақсақалдарымен, азаматтарымен кездестім. Қарқаралыны дамыту, көркейту мәселелерін таразыладық. «Мен – Қарқаралының тумасымын!» деп айту – оңай. Туған жеріңнің нағыз патриоты екеніңді іспен дәлелдейтін мезгіл жетті. Сондықтан да, мен бұл жолғы Қарқаралы сапарына ерекше мән беріп отырмын, – деді аймақ басшысы өзінің кіріспе сөзінде.

Одан әрі Ерлан Жақанұлы Қарқаралының болашағы, туризм кластерін дамытудағы мүмкіндіктеріне тоқтала отырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму тынысымен танысу үшін сөз кезегін аудан әкімі Халел Мақсұтовқа берді. Баяндама ықшам әрі жүйелі шықты. «Мынаны істедік. Мынаны істеп жатырмыз» деген мазмұндағы көлгірсуден гөрі болашақта не істей аламыз деген саналы сауалды өзек етті.

2017 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша жалпы өнім көлемі 9,5 млрд. теңгені құраған. Аудандық бюджет қаржысы 99,8 пайызға игерілген. Биылғы жылы аудан аумағында 54,8 мың гектар алқапқа дән сіңіру жоспарланып отыр. Егіс алқаптарының мезгілінде кеппеуі салдарынан себу жұмыстары кешеуілдеп отыр.

Әңгіме, ауыл шаруашылығы тақырыбына ойысқан сәтте облыс әкімі аудан аумағында игерілмей жатқан жерлердің көптігін ескертті.

Кейбір жерлестеріміз жер телімдерін алады да, оны игеруге асықпайды. Көбісі қалада тұрады. Осы мәселені қатаң қадағалаңыздар. Игерілмеген жер иелерін заң алдында жауапкершілікке тартып, талап орындалмаған жағдайда жерлерін қайтарып алу керек. Бұл мәселені тікелей өзім бақылауда ұстайтын боламын, – деді аймақ басшысы.

Тізе берсек, жетістік те – көп, кемшілік те жоқ емес. Өзекті деген мәселенің бірі – жол. Жол мәселесін жол бойы көзімен көріп, тиісті сала басшыларымен пысықтап келген облыс әкімі аудан аумағындағы автожолдар кезең-кезеңімен жөнделетінін жеткізді. Мысалы, биыл «Қарағанды-Қарқаралы» бағытындағы жолдың 94 шақырымын жөндеуге қаржы көзделіп отыр.

Мінберге көтерілген елдің мұңын айтқан тұрғындар аудан бойынша өзекті деген ауызсу, жол, жарықтандыру мәселелерін қозғап, кезінде даңқты спортшылар шыққан Қарқаралы үшін дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің қажеттігін көлденең тартты. Тура осы кешеннің мәселесі осы жиын үстінде шешілді десе де, болады. Бірден тиісті сала басшыларымен шұғыл кеңес құрып, бар мүмкіндікті саралау нәтижесінде кешеннің құрылысы келер жылдың наурыз айында басталып, желтоқсан айында пайдалануға беріледі деген мәмілеге тоқайласты. Мәміле емес, уәде! Тұрғындар ыстық ықыласпен қабылдады бұл шешімді.

Аудан басшылығының жұмысында кемшіліктер жоқ емес. Дегенмен, жұмыс та бар. Кемшілікті бетке шіркеу етіп, жұмысты жоққа шығару шаруаны жеңілдетпейді. Сондықтан, мен аудан әкіміне, басқа да басшыларына жұмысты ширатады деп сенім білдіремін. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қамтылған «Туған жерге туың тік!» жобасы арқылы ғана бюджетке емінбей, жеке инвестиция арқылы талай жобаларды жүзеге асыруға болады. Қарқаралы ауданында осындай жобалардың көптеп қолға алынып отырғаны қуантады, – деп актив жиынын қорытындылады Ерлан Жақанұлы.

Ең бастысы – халықтың билікке деген сенімі. Актив жиынында екіжақты сенімнің серпінді екеніне көз жеткіздік.

«Бір тойы бар» өңір

«Бір тойым болатыны – сөзсіз менің» деп, Төлеген Айбергенов жырлағандай, Қарқаралы өңірінің халқы да «Бір тойымыз бар» деп отыр. Ол – Қаздауысты Қазыбек бабамыздың 350 жылдық мерейтойы. Тойға әзірлік мәселесі Егіндібұлақ селосында салмақталды. Село халқымен Қазыбек би ескерткіші алаңында жүздескен облыс әкімі:

Бабамыздың тойы ас ішіп, аяқ босату деңгейінде қалып қоймауы керек. Әр тойдан болашақ ұрпаққа рухани азық болар игіліктер, «Той атымен тон тігіледі» демекші, бабамыздың мәңгілік мұрасын дәріптеуге арналған байсалды бағдарламалар әзірлеуге тиіспіз. Осы мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылып, дайындық жұмыстарын бастап кеттік. Қасиетті бабаның атына лайықты маңызды шара ұйымдастыруды көздеп отырмыз, – деді.

Облыс әкімінің жұмыс сапары одан әрі аудан аумағындағы өндіріс орындарында жалғасты. Жыл басынан бері аймақтағы өнеркәсіп орындары 3 млрд. теңгенің өнімін өндірген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 261 пайыздық өсімді бағдарлайды. Мұндай жетістікке қол жеткізуде «Алтай-Полиметалл» ЖШС секілді ірі кәсіпорнының алатын орны ерекше.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов кәсіпорын жұмыскерлерінің жұмыс жағдайымен жете танысу үшін өндіріс ошағын және тұрмыстық нысандарды толықтай аралап шықты. Кәсіпорында 500-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Дені – жергілікті тұрғындар.

Аймақ басшысының келесі ат басын тіреген жері – Қарағайлы кентіндегі «Қазақмыс» корпорациясының» тау-кен байыту кешені болды. Мұнда Балқаш мыс балқыту зауыты үшін мыс концентраты өндіріледі. Кенттің 5 мың тұрғындарының 700-ден астамы Қарағайлы тау-кен байыту комбинатында жұмыс істейді. Осы жылы өндіріс көлемін ұлғайтуға және жұмысты автоматтандыруға мүмкіндік беретін қайта жаңғырту шаралары өткізіледі.

Аймақ басшысы өндіріс орындарының басшыларына бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі талаптарын ұмытпауды тапсырып, жергілікті халықтың әлеуметтік тұрмысын жіті назарда ұстау қажеттігін қадап айтты. Өйткені, кен байлығының игілігін кәсіпорын қожайындары ғана емес, жергілікті халық көруі шарт.

…Сонымен, олжасы орасан сапар жайлы Қарқаралы күні ертең-ақ отандық туризмнің тұғырына айналады деген ой түйдік. Екі күнге созылған салмақты сапар барысында осы өңірде туризм кластерін дамытуға мүмкіндіктің мол екендігі қайта-қайта пысықталып, оны өркендетудің алғашқы жобалары басталып кеткендігіне көзіміз жетті. Туған жерді бюджеттен шыққан инвестиция емес, әрбіріміздің жүрегімізден шыққан инвестиция түлете алады!

Ерсін МҰСАБЕК

Суреттерді түсірген

Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button