Аймақ

Туған жерді туризм түлетеді

«Мен үкіметке ескерту жасағаннан кейін туризмді дамыту жұмыстары жандана түсті. Алайда, алдымызда ұзақ та күрделі жол тұр. Бұл – экономика, мәдениет, қауіпсіздік және бизнес – барлығы бір жерге тоғысатын күрделі сала. Мұнда өз жұмысына жан-тәнімен берілген кәсіби мамандар, ең бастысы, нағыз отаншыл азаматтар жұмыс істеуі керек. Туризм саласында жалқаулық пен немқұрайлылыққа, ашкөздік пен дөрекілікке жол жоқ». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді дамыту мәселесіне тоқталған кезде осылай деген болатын.

Бүгінде бұл бағыт Қарағанды облысы үшін стратегиялық маңызға ие. Арқа жерінде туризм тек жазғы демалыспен шектелмейді. Өңірде қысқы туризм, этнотуризм, балалар және отбасылық демалыс бағыты қатар дамып келеді. Соңғы жылдары облыстың туристік картасы кеңейіп, бұрын көпшілік біле бермейтін табиғи аймақтар мен тарихи мекендер де саяхатшылар назарын аудара бастады. Басты мақсат Қарағанды облысын тек маусымдық емес, төрт мезгілде де турист қабылдайтын алатын өңірге айналдыру.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Туризм – экономиканың жаңа тірегі

Бүгінде туризм әлем елдерінің экономикасына айтарлықтай табыс әкелетін саланың бірі. Қазақстан бұл бағытты ұлттық экономиканың маңызды тетігі ретінде қарастырып отыр. Әсіресе табиғи әлеуеті зор Қарағанды облысы үшін аталған саланың мүмкіндігі мол. Облыстағы негізгі туристік бағыттар қатарындағы Балқаш көлі мен Қарқаралы аймағы бұрыннан көш бастап келеді. Соңғы жылдары табиғи аймақтар, этноауылдар, тарихи орындар мен автотуризм бағыттары кезең-кезеңімен туристік картаға енгізілуде.
Қарағанды облыстық туризм басқармасының мәліметінше, биыл өңірде туризм саласы бойынша 16 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Олардың қатарында қонақүйлер, демалыс аймақтары, кемпингтер, этноауылдар мен жол бойындағы сервистік нысандар бар. Облыстық туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская бұл жобалардың өңір экономикасына оң әсер ететінін айтады.

– Біз облыста туристік маусымның жыл бойына жалғасуы үшін жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Биыл туризм саласында 16 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде қонақүйлер, демалыс орындары, кемпингтер, этноауылдар және жол бойындағы сервистік нысандар бар, – дейді ол.

Басқарма басшысының пікірінше, бұл жобалар ең алдымен шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етеді. Осылайша туризм өркендеген жерде қызмет көрсету саласы да жанданады. Қонақүй, тамақтану, көлік, гид қызметі, ұлттық өнім өндіру сияқты кәсіп түрлері қатар дамиды.

Балқаш қысқы туризм орталығына айналады

Соңғы жылдары Балқаш көлі еліміздегі танымал туристік бағыттардың біріне айналды. Жаз мезгілінде көл жағалауына мыңдаған адам келеді. Ендігі міндет – Балқаштың туристік әлеуетін қыс мезгілінде де пайдалану. Осы мақсатта өңірде Winter Balkhash жобасы қолға алынбақ. Жоба аясында жыл бойы жұмыс істейтін қонақүй кешендері, санаторийлер мен демалыс аймақтарын салу қарастырылуда. Туризм басқармасы мамандарының айтуынша, Балқаштың табиғи ерекшелігі қысқы туризмді дамытуға қолайлы. Мұз үстінде балық аулау, қысқы сафари, этнотуризм, қысқы фестивальдер ұйымдастыру арқылы өңірге келетін туристер санын арттыруға болады.
Бұдан бөлек, қазіргі таңда Балқаштағы көлік инфрақұрылымы да жаңартылуда. Қаладағы әуежай қайта жаңғыртудан өтті. Оған қоса, Астанаға қатынайтын тікелей әуе рейстері іске қосылды. Сонымен қатар, Қарағанды – Балқаш бағытында қосымша пойыз жүре бастады. Бұл өз кезегінде туристердің жол азабын азайтып, өңірге келуді әлдеқайда жеңілдетеді.

Қарқаралы мен Бектауатаға қызығушылық жоғары

Арқаның сұлу табиғатын айтқанда Қарқаралы ұлттық табиғи паркі ерекше аталады. Қарағайлы ну орман, көлдер мен тау шатқалдары туристердің қызығушылығын тудырып, жеңіл көлікпен де келуге мүмкіндік туғызды.
Қазір Қарқаралыда жаңа туристік нысандар салу жұмыстары жанданып отыр. Туризм басқармасының мәліметінше, ұлттық паркте өткізілген конкурс нәтижесінде алты кәсіпкер туристік жобаларды жүзеге асыру үшін жер телімдерін ұзақ мерзімге жалға алған. Бұл жерде экологиялық туризмге басымдық берілмек. Мамандар табиғи тепе-теңдікті бұзбай, туристік әлеуетті тиімді пайдаланудың маңызын ерекше айтып отыр. Сонымен қатар, пилоттық жоба ретінде Бектауата аумағын дамыту көзделген. Бұл аймақ ерекше табиғатымен, жартастарымен және тарихи аңыздарымен танымал. Visit Karaganda туристік ақпараттық орталығының директоры Бақтияр Бекмұрзаев жаңа бағыттардың болашағы зор екенін айтады.

– Біз автотуризмді, табиғи маршруттарды және этномәдени демалысты дамытуда үлкен мүмкіндік көріп отырмыз. Шабанбай би, Успенское ауылдары мен Шунак кратері саяхатшыларды тартатын жаңа орталықтарға айналуы мүмкін, – дейді ол.

Этнотуризмге сұраныс бар

Соңғы уақытта халықтың ұлттық мәдениетке қызығушылығы артып келеді. Осыған байланысты этнотуризм де қарқын алып отыр. Әсіресе, Шабанбай би ауылы туристер жиі баратын орындардың біріне айнала бастады. Мұнда қазақы тұрмыс, ұлттық тағамдар, атқа міну мәдениеті мен салт-дәстүрді насихаттайтын жобалар қолға алынуда.
Туризм мамандарының айтуынша, шетелдік туристерді дәл осындай табиғи әрі ұлттық ерекшелігі сақталған мекендер көбірек қызықтырады. Этнотуризмнің тағы бір артықшылығы – ауыл экономикасын дамытуға ықпал етуі. Турист келген жерде жергілікті халық та табыс табады. Қолөнер бұйымдарын сату, ұлттық тағам дайындау, қонақ күту қызметі арқылы ауыл тұрғындарына жаңа мүмкіндік ашылады.

Қазіргі таңда облыста балалар туризмі де назардан тыс қалған жоқ. Нұра ауданында «Дарынды бала» атты жыл бойы жұмыс істейтін лагерь ашылмақ.
Жоба аясында балаларға арналған білім беру, спорттық және сауықтыру бағдарламалары ұйымдастырылады. Бұл әсіресе ауыл балалары үшін маңызды мүмкіндік. Педагогтердің айтуынша, мұндай орталықтар балалардың тек демалуына ғана емес, шығармашылық және интеллектуалдық дамуына да әсер етеді.

Қауіпсіздік пен сервис – маңызды

Туризмді дамыту тек әдемі табиғатпен шектелмейді. Ең маңызды мәселенің бірітуристердің қауіпсіздігі мен оларға сапалы қызмет көрсету. Сол себепті Балқаш жағалауында бейнебақылау камералары орнатылып жатыр. Мәселен, жаз бойы Торанғалық пен Шұбартүбек кенттерінде тәулік бойы жедел жәрдем бекеттері жұмыс істейтін болады. Ал Балқашта екі модульдік құтқару станциясы ашылады. Бұдан бөлек, облыста 70 қоғамдық құтқарушы арнайы оқытудан өтуде. Интернет байланысын жақсарту мәселесі де қолға алынған. Балқаштың туристік аймақтарында 16 антенналық-діңгекті құрылғы орнатылады.

Ал, Қарқаралыда да жаңа байланыс нысандары пайда болады. Бүгінде Қарағанды – Балқаш тас жолында электрлі көліктерге арналған қуаттау станциялары іске қосылған. Бұл жұмыстардың барлығы туристерге қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Фестивальдер өңірдің брендіне айналды

Қарағанды облысында турист тартудың жаңа тәсілі ретінде фестивальдерге де басымдық берілуде. Жыл бойы гастрономиялық, этномәдени шаралар, ат турлары, джип-турлар мен туристік слеттер ұйымдастыру жоспарланған.
Солардың ішіндегі ең ірі жобалардың бірі – Balkhash Tour Fest. Бүгінде бұл фестиваль республикалық іс-шаралар күнтізбесіне еніп, өңірдің туристік брендіне айналып келеді. Мәдениеттанушылар мұндай шаралар аймақтың имиджін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын айтады.

Турист тек табиғатты көру үшін емес, ерекше атмосфера мен әсер алу үшін де келеді. Туризм – өңірдің ертеңіне салынған инвестиция  Алдын ала есеп бойынша биыл Қарағанды облысы аумағына шамамен 600 мың турист келеді деп күтілуде. Оның 40 мыңға жуығы – шетелдік қонақтар. Бұл көрсеткіш өңір туризмінің жыл сайын дамып келе жатқанын аңғартады, – деді Бақтияр Бекмұрзаев.

Visit Karaganda орталығы мамандарының сөзіне сүйенсек, егер қазіргі жобалар жүйелі түрде жалғасса, Қарағанды облысы алдағы уақытта Қазақстандағы ең ірі туристік орталықтардың біріне айналуы әбден мүмкін.
Өйткен, бүгнде Балқаш пен сұлу Қарқаралы табиғаты, оған қоса ұлттық болмысы сақталған ауылдары тек жергілікті жұртты ғана емес, әлем туристерін де қызықтыра бастады. Оған қоса, әлеуметтік желідегі бейнероликтердің басым көпшілігі Орталық Қазақстан өңірінің табиғатына арналып түсірілуде.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq Qazaqstan

Басқа материалдар

Back to top button