Басты тақырыпҚарқаралыРухани жаңғыру

«Той атымен тон тігіледі»

     Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты терең ойлы мақаласы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне жаңа қуатты серпін берді. Осы орайда, Алаштың ақылман абызы, кемеңгер көсемі, дүлдүл шешені әз әулие бабамыз Қаздауысты Қазыбек бидің 350 жылдық торқалы тойын барша сән-салтанатымен атап өткеніміз ерен елдіктің, бекем бірліктің, ынтымақты тірліктің жарқын көрінісі болды.

Баба тойы өте биік деңгейде өтті. Әлбетте, мұндай игілікті істің ұйымдастырушысы, дем берушісі, қолдаушысы болатыны бесенеден белгілі. Осы орайда, облыс әкімі Ерлан Жақанұлы Қошановтың есімін ерекше атаған абзал. Облыс басшысы тойды ұйымдастырудың тізгінін өз қолына алып, күнделікті бақылауында ұстады. Қарқаралы, Қарағайлы, Егіндібұлақ өңірлеріне екі мәрте арнайы ат ізін салып, елдің тыныс-тіршілігімен танысты. Тойды ұйымдастырып өткізудің ұтымды жолдарын нұсқады. Облыстың бүкіл мекеме-кәсіпорындарын осы игілікті шараға жаппай жұмылдырды. Сондықтан, облыс әкіміне айтар алғысымыз шексіз.  Ауданымыздың намысы найзағайлы нар тұлғалы азаматтары бекзада баба тойын ойдағыдай өткізуге бір атаның балаларындай бірігіп ұйымшылдық көрсетті, табандылық танытты. Қажырлы еңбек етті. Бұл аса жауапты істің бастауында аудан әкімі Халел Мақсұтов тұрды. Аудан басшысы күндіз-түні тағат таппай тойдың ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында болды. Егіндібұлақ ауылын көріктендіру мен абаттандыру ісіне тікелей өзі басшылық жасады. Соның арқасында ауыл ажарланып, көшелердің көркі кірді.

Той көптің көмегімен, қолдау-демеуімен өтетіні әлімсақтан белгілі. Осыған байланысты баба тойының қарсаңында «Балқантау» қайырымдылық қоры құрылды. Аталмыш қорға облыс пен ауданның мекеме-кәсіпорындарынан, шаруашылық қожалықтарынан, іскер азаматтар мен танымал тұлғалардан ақшалай қаржы құйылды. Қорға алғашқы болып Орталық Қазақстан Академиясының ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Бақтыбай Жүнісов бес миллион теңге қаржы аударды және аламан бәйгенің бас жүлдесіне «Тойота Прадо» көлігін тікті. Қазақтың Тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы, жерлесіміз әйгілі Тоқтар ағамыз  миллион теңге қаражат берді. Сонымен қатар, Қаздауысты Қазыбек би бабамыздың қолдан қойылған мүсінін сыйға тартты. Іскер азамат, аяулы ініміз Ғани Омаров Егіндібұлақ ауылының кіре берісіне «Қазыбек би – 350 жыл» атты алып ескерткіш-тұғыр орнатты. Танымал азамат Берік Камалиев ауылдың орталығына өз қаржысының есебінен балаларға арналған жаңа үлгідегі спорт және балалар ойын алаңын  жабдықтап салып сыйға тартып, екі миллион теңге қаржы берді. Қадірменді жерлесіміз Талғат Зейнуллин мен Бауыржан Асанов қор есебіне он миллион теңге қаржы құйды. Спорт жанашыры, ардақты ініміз Ербол Төлеуов қазақша күрестің бас жүлдесіне «Тойота Камри» автокөлігін сыйға тартты. Ботақара кентінің тұрғыны, белгілі кәсіпкер Мұрат Акилов ат бәйгесінің жүлдесіне екі квадроцикл берді. Ал іскер азамат, жерлесіміз Серік Имашұлы Зияшов баба тойына арнап бүкіл жабдықтарымен он екі қанат киіз үйді тарту етті. Ел жанашырлары Марат Ахметжанов, Қайдар Бурабаев, Төлеуғазы Нұркенов, Серік Нөгербеков, Кәдірбек Мейрамбеков, Мұрат Нұрақышев, Ерлан Елеуов, Талғат Әшімов, Нұрлан Мүсипов сынды жомарт қолды азаматтар баба тойына қомақты үлес қосты. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Рымбала Омарбекова апамыз да айтарлықтай көмек көрсетті. Жерлесіміз суретші, антиядролық қозғалысының және «Атом» жобасының мүшесі Кәріпбек Күйіков өзі салған суреттерін «ЭКСПО» көрмесіне қойды. Бір суретін Америка азаматы жүз мың теңгеге сатып алған еді. Сол қаржыны қордың есеп шотына аударды. Қылқалам шебері Қазыбек бабаның портретін кескіндеп, Егіндібұлақ ауылының мұражайына сыйға тартты.

Туған жерге деген ыстық ықыласы мен шынайы сүйіспеншілігін білдірген ауыл жас­тарының жақсы істеріне жан сүйсініп, көңіл қуанады. Әр жылдарда мектеп бітірген жас түлектер екі мектепке, интернат пен село балабақшасына елеулі сый-сияпаттар жасады. Көшелерді көріктендіруге көп еңбек сіңірді. Осындай игілікті, шапағатты іске ұйытқы болған жастарымызға алғыс айту парыз.

Иісі қазақ баласының пір тұтар әулиесі, асылзада бабамыздың аруағын сыйлаған іргелес, көршілес елдердің азаматтары да үлкен қолдау-көмек көрсетті. Соның бірі – Алаштың ақыл-ойының алтын бесігі, рухани-мәдени ордасы Семей жұрты, Абай елінің халқы. Белгілі сөз зергері, қарымды қаламгер Медеу Сәрсеке ағамыз мән-маңызы өлшеусіз тарихи құжаттарды табыс етті. Бұл «Қазыбек бидің 1763 жылы оныншы қаңтарда Батыс Сібірдің генерал-губернаторының орыс еліне бодан болу туралы сұрағына жазған жауап хатынан» үзінді еді. Осы құжатты іздеп тапқан тарих ғылымдарының докторы Болат Насенов ағамызға мың алғыс. Көшірме тарихи жәдігер, өте қымбат, аса құнды. Себебі, халық арасында Қазыбек би қазақ елін орыс жұртына бодан болуға зорлап қоспақ болған, сатқындық жасаған деген  қауесет тарады. Бұл құжат сол теріс пиғылға батыл тойтарыс беретін дәйекті дәлел, нақты тұжырым. Тарих көшіне байыппен зер салсақ, туған халқының жанына жалау болған, қияметтей қиын кезеңдерде отқа түсіп, суға батқан, сау басын саудаға салған сайыпқыран бабамыздың ұлты мен ұрпағының алдында атқарған адал қызметін еш нәрсемен өлшеуге болмайды. Өмір бойы адалдықтың ақ жолынан айнымаған кемел кемеңгерді біздер әрдайым ардақ тұтып, өнегелі істерін, ғибратты сөздерін мақтанышпен айтуға міндеттіміз. Сонда ғана біз баба рухының алдында парызымыз бен қарызымызды толығымен өтеген боламыз.

Жалпы, Семей өңірінің азаматтарына, соның ішінде «Абыралы-Дегелең» қорының басшысы Құрманбай Марат Серікжанұлына және Қайнар-Доғалаң ауылдық округтерінің әкімдері мен барша жұртшылығына ризашылық сезімімізді білдіргіміз келеді. Сондай-ақ, бабамыздың тікелей ұрпағы, бүгінде Ақтөбе облысында қызмет атқарып жүрген Қайыржан Тоқышев бастаған сол елдің азаматтары да елеулі қолғабыс тигізді. Баба тойының қорына бір күндік жалақыларын аударған ауданымыздың барлық мекеме ұйымдарына көп-көп алғыс айтамыз.

Той өтті. «Мұндай той бұрын-соңды Отырарда болмаған» деп ән мәтінінде айтылғандай шын мәнісінде баба тойы ынтымақ-бірліктің жасампаздық пен ұйымшылдықтың, өзара түсіністік пен талапшылдықтың айшықты үлгісіне айналды. Тағылымы мол тамаша той деп сірә, осындайда айтылса керек. Осының өзінен-ақ халқымыздың данышпан бабаға деген кіршіксіз махаббатын, перзенттік таза пейілін, шынайы құрмет-ғиззатын аңғару қиын емес.

Тойға тарту-таралғы ретінде едәуір қаржы жиналды. Тірнектеп құрастырылған теңге өз мақсатына жұмсалды. Оның ішінде село тұрғындардың өтініштерінің бірі жүк тиегіш трактор (КАТ) қор есебінен алынды. «Қазыбек би» ескерткіш-тұғырының  маңайына дейін жарық шамдары орнатылды. Селоға кіре берістегі стелла «Егіндібұлақ» маңайы әрленіп дем алатын орынға айналды. Ауыл ішіне декоративтік бетон мүсіндер орнатылды. Село іші қүл-қоқыстар мен қалдық құрылыс материалдардан тазартылып, көшелер абаттандырылды. Ауыл көркін жаңарту мақсатында «Ауылым алтын бесігім» атты көше жарысы ұйымдастырылды. Бабамыздың ескерткіші тазартылып өңделіп, маңайы абаттандырылды. Жуырда Егіндібұлақ тұрғындарының жиынында қор қаржысының есебі берілді. Кім қанша қаржы аударды, қайда, қалай жұмсалды бәрі-бәрі жіпке тізгендей тәптіштеп айтылды. Сондықтан, ешкімнің көңілінде күдік-күмән болмауға тиіс. Сол жиында ауыл тұрғындары тарапынан Ғани Омаровқа «Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы» атағын беру жөнінде ұсыныс жасалды. Өте орынды. Осындай жастарымызды үлгі етіп, дәріптеп келер ұрпаққа ізгі болары хақ.

Түйіндеп айтқанда той тарқады. Көңілде тойдың тәлім-тәрбиелік өрелі өнегесі қалды. Біз алдағы уақытта кемеңгер бабамыздың ұлылығы мен даналығын насихаттап, жастардың санасына сіңіре білсек қандай ғанибет!

Мейір МүбӘраков,

«Балқантау» қайырымдылық

қорының президенті, аудандық

мәслихаттың депутаты.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.\

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button