Тоғызқұмалақты ту еткен Нольд
«23-24 шілде күні Германияда Швайнфурт қаласында Тоғызқұмалақтан өткен Еуропа чемпионатын бұрынғы Қарағанды облысының тұрғыны Юрий Нольд ұйымдастырған. Бұл туралы қарағандылық азаматша Светлана Демент хабарлады» деп мәлімдейді «Қазақпарат» агенттігі.
Агенттік таратқан мәліметтерге жүгінсек, Жаңаарқаның бұрынғы тұрғыны шетелде қазақтың ұлттық ойынын дамытуға үлес қосып жүрген азамат. Тоғызқұмалақты отбасы болып, бірге ойнайды. Жүрген жерінде Тоғызқұмалақты насихаттауда.
«Халықаралық турнирдің ұйымдастырушысы – Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының бұрынғы тұрғыны Юрий Нольд, Тоғызқұмалақ ойынының жаттықтырушысы. Ол шетелде қазақтың ұлттық ойынын дамытуға өз үлесін қосуда. Сол жақтан пікірлес азаматтарды тауып алды. Юрийдің отбасында Тоғызқұмалаққа ынтызар тек ол ғана емес. Оның қызы Ирина Тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионы және Тоғызқұмалақ бойынша спорт шебері атанды», – дейді С.Демент.
Оның сөзіне қарағанда, Германияда Тоғызқұмалақтан биыл жарыс үшінші рет өтуде. Биыл оны Қазақстан тарапы қаржыландырып отыр. С.Демент Фейсбуктегі парақшасында турнирдің жаңалықтарымен бөлісті. Оған оның Германияда тұратын досы – Ирина Краснова көмектескен. Таратылған ақпараттарға сүйенсек, чемпионатқа Германия, Франция, Испания, Греция, Швейцария, Сомали, Қазақстан, Ресей сынды 13 елден 40 спортшы қатысыпты. Бірінші кезеңде ерлер мен әйелдер жеке-жеке бақ сынасқан.
Еуропа чемпионатының ашылуына Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменов пен Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов, Швайнфурт мэрі Карл Хайнц Каучок қатысқан.
Өз тілшімізден.