«Тоқ бала аш баламен ойнамайды»

     Кейде осы құзырлы орындардың қарар-бұйрықтарын оқи отырып, күлгенде ішегіңіз түйіліп қала жаздайды. Күліп отырып, жылағыңыз келетіні бар. Бұлайша таусылуымызға себеп — Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің кедейшілік шегін анықтаған бұйрығы. Ол бұйрыққа үңілсек, тапқан табысы 9 мың теңгеден төмендер ғана кедейшіліктің кепешін кигендер. 9 мың 276 теңгесі барлар «кедеймін» деуге хақысы жоқ. Неткен оптимистік көзқарас! Күнкөріс деңгейін 23 191 мың теңге деп белгілеп, тек оның 40 пайызынан кем яғни, 9276 теңгеден төмен табыс тапқандар қалай кедей емес?

     Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі қазан айында 23 191 теңгені құрапты. Ал, Қарағанды облысында бұл көрсеткіш «21879 теңгені құрады. Күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы құрамына кіретін азық-түлік тауарларының ең төмен жиынтығының құны – 13127 теңгені, азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтер 8752 теңге» дейді бар болғыр статистикалық мәліметтер. Яғни, бұған Үкіметіміз 2005 жылы бекіткен 43 түрлі қажетті азық-түлігі бар себетті алады екенбіз-мыс бір айға. Бірақ, осы сан-сапалақ цифрлардың жынымызға тиетінін қайтерсіз. Өйткені, бұл себет 2005 жылы жасалса, одан беріде аттай он жылдан астам уақыт өтіп кетіпті. Ал, заң бойынша, 5 жылда бір жаңаруы тиіс. Енді 2017 жылы қайта бекітіледі дейді құзырлы орындар. Бекітілсін. Әйткенмен, өзге өркениетті елдер секілді жібі түзу бекісін. 2005 жылы бекітілген 43 түрлі азық-түлік себеті Африканың кедей елінің себетімен пара-пар екенін жалпақ жұрт білмей отырған жоқ. Біледі. Басымыз салбырап, сүйретіліп тірлік кешіп келеміз. Айдаладағы, құрлығы бөлек Африкада неміз бар. Олардан үлгі алатын несі бар? Мынау бір құрлықтың суын ішіп, ауасын жұтқан Еуропа елдерінің қоржынын неге үлгі тұтпаймыз?

    Мәселен, АҚШ-та тұтыну себетінде — 300 түрлі, Францияда – 250 түрлі, Англияда 350 түрлі азық-түлік пен қызмет түрі бар көрінеді. Немістеріңіздің себеті кемерінен асып тұр – 475 тармақты қамтыған (Коммерсант).

    «… америкалық қоржында демалыс, білім алу, тұрмыстық техника, бензин мен көлік жөндеу, кітап, жеке бастың күтіміне арналған заттарды сатып алуға жұмсалатын шығындар қарастырылған. Англияда тұтыну қоржынының тізіміне шарап пен шампан сусыны енгізілген. Франция үкіметі тұтынушы қоржынына сұлулық салондарына бару, косметикалық құралдар сатып алу, бала күтушінің еңбекақысы, көлік жалдау, таксимен жүру, тіпті, үй жануарларының тамағына дейін енгізген…» дейді бір мәліметтер. Біздің бұқара қолындағы күнкөріс деңгейіне арнайы сән салонына барған былай тұрсын, шашына ақшаны әзер қиып, айына бір рет алдыра ма, алдырмай ма?!.

    Бұл себет бойынша қарапайым халық күнделікті не жеп, не ішуі тиістігін білсеңіз, Африкада жүрген аш-арықтардан асып кеткеніміз шамалы екен. Айналайын билік, әйтеуір, аштан өлтірмей, көштен қалдырмау үшін жасаған. Жылы жұмсақ жерде отырып, миллиондап табыс табатындардың миларында қорытылып шыққан ой бойынша, «…бір адам күніне жұмыртқаның үштен бір бөлігін, 100 грамм ет, 100 гр жеміс-жидек пен сүт өнімін, 20 гр жарма, жарты қалташа шай тұтынуы тиіс көрінеді…» . Сөйтіп, «ойлылар» орта құрсақпен жүруге үндейді. Тоқ баланың аш баламен ойнамайтыны – осы.

      «2016 жылғы қазанда күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы 23 459 теңгені құрады. Оның құрылымында ет пен балықты сатып алуға жұмсалған шығыстардың үлесі 19%, сүт, май және тоң май өнімдері мен жұмыртқаны – 15,4%, жемістер мен көкөністерді — 15%, нан және жарма өнімдерін – 8,1%, қант, шай және дәмдеуіштерді – 2,5%-ды құрады», дейді ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі. Министрліктің мәліметінше, 23 мыңның 14 076 теңгесі азық-түлікке, азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтерге 9 383 теңге жұмсайды-мыс. Мұндай көрсеткіштерді бұлардың қайдан алатынына қайранбыз. Басқасын айтпағанда өзіміздің коммуналдық төлемге — су, ыстық су, жарық, жылуға төлейтін ақымыз кемі 13-14 мыңға бір-ақ жетіп барады бір айда. Бұған телефоныңызды, КСК, домофон дейтіндерді қоспағанның өзінде. Осыдан-ақ алшақтық аңғарылады. Мұндай есепте үстіңіздегі киім-кешекті жаңарту атымен жоқ. Иығыңыз жалтырап, көнетоз көйлегіңіз жіп болғанша кие бересіз де.

      Әрине, күнкөріс деңгейі ең қажетке жұмсалатын қаражат екенін білеміз. Дегенмен, бұқараның ғұмыр бойы орта құрсақ жүруін маңдайына жазып қойған ба? 9276 теңгесі барды тоқ, одан кемді жоқ санау – бұқараға жаны ашу дей аламыз ба?!

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.