Бас тақырып

ТМД-да бәсекелесі жоқ зауыт

Қаланың ескі бөлігіне барар жолда Батыс өндірістік аймағында Теміртау электрометаллургиялық комбинаты орналасқан. Бұл металлургтердің бірнеше ұрпағы өскен ежелгі зауыттардың бірі. Бүгінгі таңда кәсіпорын ТМД аумағында кальций карбидінің жалғыз өндірушісі болып табылады. Оның өнімдері негізінен экспортқа шығарылады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кәсіби мереке қарсаңында зауытта карбидшілердің жұмысы, жалақысы, өндірістің бүгіні мен болашағы туралы айтылды.

Тарихқа тоқтала кетсек, 1941 жылы «Карбид» ӨБ алғашқы тасы қаланды. 1943 жылы алғашқы өнім шығарылды. Кәсіпорын кальций карбидін өндіру бойынша көшбасшылардың бірі болды, сондай-ақ каучук шығарылды. Күрделі 90-жылдары өндіріс банкроттық шегіне жетті. Бірнеше жылдан кейін қалпына келтіру басталды.

Бүгінгі таңда «ТЭМК» АҚ – кен өндіруден бастап тауар өнімін өндіруге дейінгі толық циклі біріктірілген компания.

Оның құрамына химия, металлургия және тау-кен өнеркәсібі кәсіпорындары кіреді. Мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.

Технологиялар, жабдықтар – мұның бәрі қазір нарықта бар зат. Ал кадрларды өзіміз даярлаймыз. Біз ұжымды жаңартып отыруға тырысамыз. Жақсы карбидшіні табу қиын. Шын мәнінде, дайын мамандарды сырттан қабылдайын десең, жоқтың қасы. Бүгінгі таңда ТМД аумағында біз кальций карбидін өндіретін жалғыз кәсіпорынбыз. Ресейдегі ұқсас зауыт 2015 жылы тоқтатылды. Ең жақын бәсекелес – Словакияда, бірақ коронавирус пандемиясы кезінде ол жерде де өндіріс төмендеді. Бізде кадр тапшылығы жоқ. Университеттер мен колледждердің түлектерін қабылдаймыз. Жастармен тәжірибе алмасатын ардагерлерге алғыс білдіреміз, – деді «ТЭМК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Иван Леннов.

Басшының айтуынша, барлық өнім көлемінің 95%-ы жақын және алыс шетелдерге жеткізіледі, аз бөлігі ел ішінде сатылады. Негізгі тұтынушылар – Ресей, Қырғызстан, Өзбекстанның металлургиялық зауыттары. Кәсіпорын жұмысының пайдасы жоғары. Қызметкерлердің жалақысы жыл сайын өсіп келеді.

Биыл қаңтар айынан бастап 10-15%-ға өсті. 1 шілдеден бастап тағы 15%-ға арттырамыз. Қазір зауыт бойынша орташа жалақы 244 мың теңгені құрайды. 300-500 мың теңге алатын жұмысшылар да бар, – деді Иван Леннов.

Әлеуметтік пакет те бар. Кәсіпорын есебінен қызметкерлер санаторийлерде демала алады. Компания құрамында балалар сауықтыру лагері де бар. – Біздің зауыттың тұрақты жұмысы қуантады. Өндіріс бір орында тұрмайды, жаңғырту жүріп жатыр. Бәрі жақсы жаққа қарай өзгеріп келеді. Өнім сапасы арта түсті. Біз әулетімізбен осы салада қызмет етіп келеміз. Әкем осы зауытта жұмыс істеді, мен 35 жыл жұмыс істеймін. Жұмысшыдан бастағанмын, қазір бригадирмін. От жалынын жақсы көремін – бұл нағыз ер адамның жұмысы, – деп бөлісті карбидші Рашид Калимуллов.

Қазір зауытта бір карбидті пеш жұмыс істейді. Ферроқорытпа өндірілетін екіншісі жөндеуде.

Қазіргі заманғы пештері бар жаңа цехтың құрылысы жоспарда бар. Алаң бұрынғы өндірістік үй-жайлардың орнында дайындалуда. Компания металлургиялық пештердің жетекші өндірушілерінің бірі болып табылатын жабдықты жеткізушіні таңдады. Инвестициялық жобаны жүзеге асыру биыл басталуы мүмкін. Бұл кәсіпорынның қуатын жылына 45 мың тонна кальций карбидіне дейін арттыруға мүмкіндік береді. Ацетилен газының жоғары шығымдылығы артып, өнімдер жақсырақ бола түседі. Демек, сұраныс та өседі. Бұл жаңа жұмыс орындары мен жаңа өткізу нарықтарын ашады.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button