АймақСаран

Әткеншек саябағы – әлеумет үшін

Саран қаласында заманауи әткеншек паркі, скейт һәм памп-тректері жабдықталып, пайдалануға берілді. Тың жобалар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған.

Металл мен ағаштан жасалған дөңгелек аспалы әткеншектер «Сұңқар» стадионы саябағын безендіріп, көркін кіргізді. Ыңғайлы етіп орнатылған он екі әткеншек балалар мен ересектерге арналған. Мұндағы ерекше неонды жарық беретін шамдар кешкі мезгілде демалушыларға ерекше атмосфера сыйлайды.

– Бұл жобалардың эскиздерін бізге жергілікті белсенділер ұсынды. Әткеншек 350 шаршы метр аумақты алып жатыр. Олар жазда күн сәулесінен жасырынуға мүмкіндік беретін арнайы шатырдың астында тұр, – дейді Саран қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің маманы Айдын Мұхтар.

Сонымен қатар, бұл аумақта ағаш орындықтар орнатылған. Мұнда бұған дейін заманауи ойын алаңы жабдықталған болатын. Бұның бәрі кешенді түрде балалар мен ересектердің демалуы үшін бірыңғай жайлы аймақ құратынын атап өткен жөн.

Памп-трек – түйнектері, бұрылыстары және ырғақ бөлімдері бар сақиналы жол. Бұл – балалар мен ересектерге велосипедті кедергілер арқылы басқару дағдыларын дамытуға арналған тамаша алаң. Онда тек велосипедпен ғана емес, роликтермен, скейтбордтармен де жаттығуға, шеберлігін шыңдауға болады.

– Бұл – мың шаршы метрлік Сарандағы алғашқы алаң. Памп-тректер бүкіл әлемде танымалдылыққа ие. Сондай-ақ, біз саябақта әмбебап скейт алаңын орнатып жатырмыз. Бүгінгі таңда монтаждау жұмыстары мен сырлау жұмыстары жүргізілуде, – деп атап өтті Айдын Мұхтар.

Аталған алаңдарды орнату кезінде барлық қауіпсіздік талаптары ескерілген. Енді заманауи жабдықталған алаңды күтіп ұстап, осы орыннан шыңдалып шыққан жастар әлемдік деңгейдегі жарыстарда бақ сынаса құба-құп.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button