Бас тақырыпЖаңалықтар

Өткен тәулікте жолда қалған 24 адам қар құрсауынан құтқарылды

Өткен тәулікте ауа райының қолайсыздығына байланысты Қарағанды облысының жолдарында бірнеше құтқару жұмыстары жүргізіліп, 24 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, Шет ауданында Ақсу-Аюлы ауылынан 5 шақырым жерде «Мерседес-Бенц Спринтер» автокөлігі қар құрсауынан шығарылды. Салонда бір ғана адам болған. Тағы бір оқиға Шет ауданы, Ағадыр ауылынан 10 шақырым жерде болды. Қар құрсауында қалып қойған «KIA» жеңіл көлігінен екі адам құтқарылды.

Суреттер: ТЖД

Қарқаралы ауданында да апаттық-құтқару жұмыстары жүргізілді. Қайнарбұлақ ауылдық округінде төтенше жағдайлар бөлімі жедел түрде ауруханаға жатқызуды қажет ететін 1977 жылы туған ер адамды Қарқаралы ауруханасына жеткізді. Ал Қарқаралыдан 3 шақырым жерде құтқарушылар екі адам мінген көлікті қар құрсауынан шығарып, жолдың тазартылған бөлігіне дейін шығарып салды.

Абай ауданында, Топар ауылынан 35 шақырым жерде босанған әйел медициналық мекемеге жете алмай қалған. Құтқарушылар әйелге көмекке келіп, оны ауылдық ауруханаға жеткізді. Сондай-ақ, Абай ауданын, Ақбастау ауылынан екі шақырым жерде ТЖД мен жол қызметінің күштері қар құрсауынан «BMW» көлігін шығарып, үш адамды аман алып қалды. Құтқарылған адамдар жолдың тазартылған бөлігіне жеткізілді.

Апаттық-құтқару жұмыстары Нұра ауданында да жүргізілді. Көлігімен қар құрсауында қалып қойған екі саяхатшы Ақмешіт ауылынан 20 шақырым жерде құтқарылды. Сол ауданда Жараспай ауылынан 25 шақырым жерде ТЖД құтқарушылары қар құрсауынан үш көлікті шығарып, сегіз адамды, оның ішінде бір баланы аман алып қалды. Олардың барлығы Нұра ауылына жеткізілді.

Осакаров ауданы, Молодежный ауылынан 50 шақырым жерде құтқарушылар ішінде екі адам болған «Нива» көлігін қар құрсауынан шығарды. Сонымен қатар, Осакаров ауданында Колхозное ауылынан бес шақырым жерде Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері ішінде үш адам болған «Hyundai» жолаушылар көлігін қар құрсауынан алып шықты.

Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті дауылды ескертулерді ескеруді және ауа райының нашарлауы кезінде елді мекендерден тыс жерлерге шығудан бас тартуды ұсынады.

Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button