Өткен күннің өкініші немесе «…сүрінбейтін тұяқ жоқ»

Мен, Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде қарапайым отбасында 1988 жылы 13 наурызда дүниеге келгенмін. Әкем Серуенбек мұғалім, анам ауылда мейірбике болып жұмыс істейтін, отбасында 3 ағайындымыз. Өзім осы ауданда өсіп, аудан орталығындағы қазақ орта мектебінде білім алдым. Атам соғыс ардагері, діни білімі бар сауатты кісі болған екен. Сол кісіден қалған кітаптарды оқып, жас кезімнен имандылыққа ден қойдым. Жұма күндері, не қадір түні, айт мейрамында мешітке барып, уағыз-насихат тыңдап, рухани азық алып жүрдім.

Мектеп қабырғасында спортқа бейім болып, аудан, облыс намысын қорғап, турнирлерден жүлдемен оралып жүрдік. Қызылорда қаласындағы «Жас қайсар» футбол клубы құрамында республикалық турнирлерге қатысып, жүлделі орындарға қол жеткіздік. Жас кезімнен армандаған әскери мамандыққа дайындалдым. 2005 жылы мектепті жақсы аяқтап, Алматы қаласындағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі академиясына оқуға қабылдандым. Онда еркін күреске машықтанып, облыстық, республикалық турнирлерде жүлдегерлер қатарынан көріндім. Жеңіл атлетика сайыстарында да мерейлі болдым.

Қысқасы, жастайымнан салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа, имандылыққа тәрбиеленіп, болашаққа деген сенімді көзқараспен өстім.

Қарағандыда түріктер ашқан медреседе (пансионат) Құран, әдеп дәрістерін алып, сонда орналасып, күндіз университет сабақтарына, кешке медресе сабақтарына қатысып жүрдім. Осы уақытта дінге деген ізденіс, құлшынысым артып, ұстаздардың әдеп-құлықтарына, білімдеріне қызығып, іздене бастадым. Ұстаздар мені Түркияға оқуға жібереміз деп қатарларында болуымды ұсынды. Бірақ, оларда түріктерге тән салт-ғұрыптар басым болғандықтан, бас тартып, ізденісімді жалғастырдым. Онда мешіттер де, жамағат та көп болатын. Қайсысына барсаң да жылы жүз танытып, жақсы қарсы алып, білгендерін айтатын. Орталық мешітке жиналып уағыз-насихат тыңдап жүрдім.

2010 жылы ҚарМУ-ды тәмамдап, диплом алып, ауылға оралдым. Ата-анама сыртқа оқуға барғым келетінін айтып, рұқсат сұрадым. Олар сәл уайымдаса да, «болашағыңа бөгет болмайық, егер солай шешкен болсаң, жолың болсын» деп баталарын берді.

2011 жылы қыркүйек айында Мысыр елінің Александрия қаласына аттандым. Сонда білім алып жүрген қазақ жігіттері күтіп алып, өздерінің пәтерлеріне орналастырды. Ақыл-кеңестерін беріп, араб тілі орталықтарына апарып таныстырды.

2012 жылы сол елдің азаматшасымен некеге тұрдым. Ата-анасының рұқсатымен мешітте неке рәсімін жасап, құзырлы мемлекеттік мекемеде тіркетіп, ҚР елшілігінде құжатты заңдастырып бекіттім. Сол кездері скайп арқылы ата-анаммен таныстырып, үнемі сөйлесіп, немерелерін көрсетіп, хабарлас болдық.

Шүкір, қазір Хамза және Мансұр есімді ұлдарым өсіп келеді.

Мысырда түрлі халық өкілдері тұрады және ол ислами мемлекет болып есептеледі. VII ғасырда сахабалардың баруымен ислам діні тараған. Ал, негізгі халқы – байырғы қыбтилар. Онда жамағат та жетерлік және түрлі ұстаздар өздері ұстанатын ағымға сай уағыз-насихат жүргізетін.

Араб елдерінде соңғы уақытта атап айтсақ, Тунис, Ливия, Алжир, Египет, Иеменде азаматтық қақтығыстар жиі орын алып кетті. Сириядағы халық пен басшылық арасындағы дау-дамай үлкен соғысқа айналды. Алғашында шейдтік ұстанымдағы ел басшысы Башар Асад пен демократиялық партиялар арасындағы шиеленіс басқа мемлекеттердің (АҚШ, Англия) ықпалы арқылы ушығып кетті. Араб мемлекеттеріндегі қақтығыстар дін дұшпандарына таптырмас олжа секілді, дауды өршітіп, өздерінің діттеген мақсаттарын іске асыруға оңтайлы қадамдар жасайды. Бұған дейін де Ирак пен Ауғанстанның жағдайын жақсы білеміз. Ирактың байлығына қызығып, ыңғайын тауып елдің ойранын шығарып, әскерлерін кіргізіп, америкалықтар тайраңдады. Екі ортада қаншама жазықсыз жандардың қаны төгілді. Өкініштісі, төгілген – мұсылманның қаны.

Пайғамбарымыздың сипаттауында, қиямет алдында зұлым-тиран басшылар әлсіз, жазықсыздарды қанайды делінген. Сол секілді Сириядағы жағдай – әйелдер мен жас жеткіншектерді қалай қырып жатқаны жайлы ақпараттар мен видеороликтер теледидар, газет-журналдар, радио мен интернет желілерінде қаптап кетті.

Ал, оны түрлі шейхтер әсерлетіп «Мұсылман әйелдер мен балаларды өлтіруде, намыс қайда? Бұларды кім қорғайды?!» – деген сияқты үндеулерді көбейтті. Оны жер-жаһандағы мұсылман қауымы көріп, жүректерінде кек қайтару ниеті мен өшпенділік туындап, Сирияны қорғау мақсатымен жан-жақтан ағыла бастады. Ол жерде жағдай мүлдем шиеленіскен еді. Сенімдері әрқилы түрлі топтар мен Башар Асад жасақтары, Иран әскерлері арасында түрлі қару қолданған соғыс жүріп жатты.

Халық босқынға айналып, бастары ауған жаққа жан сауғалады, қаншамасы қырылды. Ал оның іргесіндегі ел – Мысырда білім алып жүрген жастар көптеп еліктеп, шейхтердің шақыруына жауап беріп жатты. Қазақстаннан да қандастарымыз аз емес еді. Бізбен оқып жүргендердің де біразы аттанды. Қаншама қазақ отбасылары еліктеп, Сирияға бет бұрды.

Ата-анам уайымдап, суық хабарды теледидардан көріп, үйге қайт деп реніштерін білдірді. Мен ол уақытта жұмыс істеп, отбасымды қамтамасыз етіп жүрген болатынмын. Ондағылар мені Сирия жеріне барып көмек көрсетуге шақыратын. Мұсылмандарға көмектесу міндет екенін, мұсылман еместердің сазайын беру керектігін айтып жетелейтін.

Осы ретте мен радикалды тұлғалардың ықпалымен Сириядағы халықаралық террорлық ұйымдарды қолдап, радикалды идеологияны ұстана бастадым.

2015 жылы әке-шешемді сағынғандықтан Қазақстанға барып қайтуды шештім. Алматы қаласына келгенде жергілікті радикалды көзқарастағы азаматтармен байланыс орнаттым. Олардың Сириядағы бауырларға қаржылай көмек беру керек деген ойларын қолдап, Украинаға «героин» есірткі затын Алматы әуежайындағы кедендік шекарадан контрабандалық жолмен алып өтпек болған жерімде құрықталдым.

Түрмеде теріс ағымның шырмауына оралғанымды түсіндім.

Сондай-ақ, Мысырда оқу барысында иман мәселесінде, басшылыққа бағыну мәселелерінде қате түсініктерім болатын. Осы себептермен қатемді түсініп, мойындап, өзімді дұрыстауға, түзетуге ниет етіп, Алладан дұрыс түсінік беруін сұрадым.

Қатты өкінемін. Үйренген білімімді, Құран, араб тілін елге келіп жастарға үйретпей, қателесіп уақыт өткізіп алдым.

Қазір Алладан кешірім сұрап, тәубе етіп, жастық қызумен жіберген қателіктерім мен сүрінген тұстарымды саралап, өзіме есеп беріп, енді болашаққа нық қадам басуға ниет етудемін. Қызылорда облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығы мен «Ақниет» орталығының теологтары түсіндіру, тәрбиелеу барысында қателескен жерлерімді анықтап бергені түзу жолға түсуіме себеп болды.

Қателеспейтін адам болмайды, төрт аяқты тұлпар да сүрініп жатады, ең бастысы – дер кезінде түсініп, жөнге келгенің. Ендігі жерде отбасыма оралып, бойларында қазақ қаны аққан ұлдарымды тәрбиелеп, өзімнің басқан шұңқырымды олардың баспауына көңіл бөліп, салауатты, арлы, білімді, елім дейтін азамат болып өсуіне ат салысу – міндетім. Ата-ана, туған-туыс арасында болып, сенімдерін ақтау. Адал еңбек етіп, мына дүниенің бір кірпіші ретінде кетігін тауып қалану – басты мақсатым.

Дархан САНСЫЗБАЕВ.