Тілі шыққанға – тілашар

Қазақтың жаз жайлауындағы тілашар тойы жайма-шуақ күнде қоңсы қонған малшы қауымды қонаққа шақырумен басталатын. Бұл баланың мектепке баруына орай атқарылатын алғашқы той. Алты қанатты киіз үйге лық толған адам ақжарма тілектерін білдіреді. Ойын балалары сыртта жүрсе, іштегілер өздері мәз-мейрам. Үзіліс кезінде үлкендер жаяу жарысып, жастар жағы алтыбақан тебетін. Қазіргі «тілашарды» көріп, ол да бір дәурен екен ғой дейсің.

Бүгінде баласы мектеп табалдырығын аттаған ата-ана «тілашар» тойын жасайды. Баласының қуанышына келген қонақтарға жайылған ақ дастархан басында тілек айтылады. Тілеуін тілеп, білім әлеміне басқан қадамы сәтті болсын деген ниетпен әулет үлкендері бата береді. Халық арасына дендеп еніп, тек мектепке баратын кезде жасалатын бұл үрдіс дәстүр болып қалыптасты. Бұл жөнінде Зейнеп Ахметова былай депті:

«Баласының қара тануына мән берген халықтың «Тілашар» дәстүрін айтпас бұрын бір нәрсеге кішкене тоқталайын. Кеңес өкіметі заманында арнайы құжаттарда, оқулықтарда, алқалы жиындарда биік мінбелерден: «Қазан төңкерісіне дейін қазақтардың 98 пайызы сауатсыз, қараңғы болған. Тек төңкерістен соң көзі ашылып, әріп таныды», – деп көпе-көрнеу бүкіл бір халықты кемсіту, жала жабу үдерісі үзбей жүріп тұрды. Сыңаржақ саясат қазақ халқының қомақты бөлігінің мұсылманша сауаты болғанын, араб әрпімен оқып-жаза алатынын көргісі де, естігісі де келмеді. Ең сорақысы, «сауатсыз едік», «қараңғы едік», «оқымаған надан едік» дегенді өз ұлтымыздың өкілдеріне айтқызып, санасына сіңірді. Егер бұлай болса, көне дәуірден бері тамыры үзілмей келе жатқан «Тілашар» дәстүрі қайдан шыққан? «Тілашар» дегеніміз баланың ұстаз алдын алғаш көруіне (мейлі ол қожа, молда болсын, мұғалім болсын) арналған ізгі ниет, бата-тілек емес пе?! Ертеде алалы жылқы, ақтылы қой айдаған ірі байлар балаларын Бұхара, Самарқанд, Қазан, Түркістан, Орынбор секілді қалаларға үлкен медреселерден білім алуға жіберген. Ауқатты адамдардың көбі ауылында бала оқытатын қожа-молда ұстаған. Алысқа жіберуге шамасы келмейтін қоңыртөбел шаруасы барлар мен саптаяқтық айраны бар кедейдің өзі баласын ауыл арасындағы молдаларға апарған екен. «Тілашар» дәстүрі сол кезде жасалған. Оқуға баратын баланы жуындырып, тырнақ-шашын алып, әркім жағдайына қарай балаға жаңа киім кигізіп, қолдағы барымен дастархан жасап, үлкендерден бата алған.

Таудай болсын талабың,

Ашылсын тілің, қарағым.

Оқу сіңіп санаңа,

Жарқырай берсін қабағың.

Мақтанышы бола біл,

Ата менен анаңның! – деген секілді тілегі тұнық, ақ ниеттен шыққан батаны естіген баланың рухы көтеріліп, оқуға талпынған. Ата-аналары баласын молдаға жетелеп апарып: «Молдеке, сүйегі – біздікі, еті – сіздікі. Осы балаға қара танытып, тілін ашып беріңіз», – деп тапсырады екен».

Осылайша, ұлттық құндылықтарды ерекше құрметтеп дәріптейтін қазақ халқының сәби дүние есігін ашқаннан басталатын қуаныштары мен дәріптелетін жақсы істерінің бәрі салт-дәстүрмен тікелей байланысты болып кеткен. Наным-сенімнен туындап, жас ерекшелігіне орай сатылай орындалатын дәстүрлердің қатарында «тілашар» да өзіндік орнын алып тұр.

Бүгінде біз көріп жүрген «тілашар» – бала алғаш мектеп табалдырығын аттағанда жасалатын дәстүр. Ағайын-тума, ет жақын жақсыларды жинап, білім баспалдағына басқан қадамына ізгі тілек айтып, бата беретін отбасылық мерейлі қуаныш екенін білеміз. Дегенмен, «тілашар» сөзінің мәні де терең.

Қазақ ежелден сәбиінің алғаш тілі шығып былдырлап, жекелей сөздерді айта бастаған сәтінен игі жақсылардың жолын берсін деп «тілашар» рәсімін жасаған. «Тілі тез шықсын, шешен болсын» деген ниетпен, қой сойып, ауылдағы қадірлі адамдарды жинап, той жасайды. Ел сыйлаған құрметті ақсақалға қойдың басын ұсынады. «Сөз қадірін білетін шешен бол, сөз қадірі – өз қадірің» деп тілін балаға ұсынады. «Санаңа келіп түскен ой, сөзіңе айналып, сөз парқын құрметтейтін, халықтың сөзін сөйлейтін азамат бол» деп ақ бата береді. Жақсы тілектер айтылады. Сонан кейін, баланың мойнына қойдың шегін салып, буындырып, «сөйлейсің бе?» деп үш рет сұрайды. Баласы мен анасы «сөйлейміз» деп ишара білдіріп, уәделерін береді. Сол уақыттан бастап анасы баласына тіліне жеңіл тақпақтарды, кейіннен дастан-қиссаларды жаттатқызады. Бұл баланың әрі қарайғы өсіп дамуына бағытбағдар болады. Дұрыс сөйлеп, сөзді түйсінуіне ерекше ықпал етеді.

Қарқаралы ауданының тұрғыны Гүлсім Ахметбекова тілашар жоралғысын орындауда қой малының да өзіндік орны бар екенін айтады. «Қазақ халқы ежелден «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір», «Бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар», «Құт қойдың құлағында» деп, қой малының адам баласына әкелер пайдасын тәрбиелік тұрғыда назарға алған. Жалпы, көшпелі тіршіліктегі бар керегін табиғат пен төрт түлектен тауып келген қазақ халқының бүкіл болмысы, дүниетанымы, тіршілік дағдысы, салт-дәстүрі мал шаруашылығынан туып қалыптасқан» дейді көпті көрген әже.

Жалпы, үлкендердің бала үшін атқаратын тілашар тойы аса үлкен мәнге ие. Жылдар өте келе өзгеріске түсіп, жөн-жоралғысы дұрыс орындалмағанмен, түпкі мақсаты сақталғанын жоққа шығара алмаймыз.

Сағыныш ӘБІЛ.