АймақБас тақырып

Тіл жанашырлары төрге озды

Кеншілер астанасында Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай жыл сайын дәстүрге айналған Қарағанды облысы әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығын табыстау салтанаты өтті. Аталған сыйлық сегіз номинация бойынша анықталған жеңімпаздарға табысталды.

Қарағанды облысы әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығы Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай мемлекеттік тілдің қоғамдық рөлі мен маңызын арттыру, тілдерді дамытуға, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға үлес қосқан тұлғаларды ынталандыру және оларға қолдау көрсету мақсатында 2012 жылдан беріліп келеді. Осы уақыт аралығында 400-ден астам адам қатысып, қызмет саласында тілге жанашырлығын танытқан озаттар марапатталды. Биыл «Тіл жанашыры» сыйлығының лауреаттарын іріктеу жөніндегі комиссия 8 номинация бойынша қатысуға ниет білдірген 35 адамның жұмысын қараған.

Салтанатты шарада Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов құттықтау сөз сөйледі.

– Бұл мереке – еліміз үшін маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын маңызды құрал», – деп атап айтты. Елімізде барлық этнос өкілдерінің ана тілін дамытуға барынша жағдай жасалып келеді. Оның ішінде мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту шаралары жүйелі. Мемлекеттік тілге деген сұраныс жоғары. Заман талабына сай тіл оқыту жұмыстары, жаңа технология, үздік әдістемелермен жетілдірілді. Аймақта қазақ тілінде тәлім-тәрбие, білім беретін балабақшалар мен мектептердің саны жыл сайын артуда. Тіл саясатын іске асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен жетістіктерге облысымыздағы тіл жанашырларының да қосар үлесі мол, – дей келе, облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Қоңырбайұлы мереке күні өңіріміздегі тіл саясатын жүзеге асыруда, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге зор үлес қосып, айрықша еңбек етіп жүрген азаматтарға алғыс білдірді.

Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары «Тіл жанашыры» сыйлығының ең басты жүлдесі «Тіл майталманы» номинациясының лауреатына марапат табыс­тады. Бас жүлде Қазақ тілі оқытушыларының халықаралық бірлестігінің мүшесі, Қарағанды облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Алмагүл Игеноваға берілді. Марапат иесіне «Тіл жанашыры» сыйлығының мүсіні, арнайы диплом және 1 млн. теңге көлемінде ақшалай сыйлық табыс етілді.

«Мемлекеттік тіл – бизнесте» номинациясы бойынша «Тіл жанашыры» сыйлығы BioHumus ғылыми білім беру орталығының жетекшісі, жаратылыстану ғылымдарының магистрі, PhD доктор Арайлым Серікбайға табысталды.

«Тіл білгірі» номинациясымен мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт өкілі, Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ольга Тим марапатталды.

Саран қаласы тілдерді дамыту орталығының оқытушысы Динара Жүпенова «Үздік оқытушы» номинациясы бойынша «Тіл жанашыры» сыйлығының лауреаты болды.

Мемлекеттік тіл саясатының өзекті мәселелерін жүйелі әрі сапалы жариялағаны және материал беру бірегейлігі үшін берілетін сыйлықтың «Тіл жаршысы» номинациясымен әлеуметтік желіде 54 мың оқырманы бар блогер, журналист әріптесіміз Айсұлтан Жақып марапатталды.

Тіл саясатын жүзеге асыру бағытындағы өзекті мәселелерді қамтып, хабар дайындаған өңірдің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берілетін «Үздік телехабар» номинациясы «Saryarqa» телеарнасының шеф-редакторы, танымал журналист Гүлбақша Ақажановаға бұйырды.

Ал,  Шет ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Гүлзада Махмұтова «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

«Жас полиглот» номинациясында Теміртау қаласы №9 лицейінің шет тілі пәнінің мұғалімі, І санатты педагог Данияр Жаңабаев жеңіске жетті.

Барлық жеңімпаздарға «Тіл жанашыры» сыйлығының мүсіні, арнайы диплом және 500 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды.
Қарағанды облысы әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығының ең басты жүлдесі – «Тіл майталманы» номинациясының лауреаты атанған Алмагүл Игенова өз әсерімен бөлісті.

– Еңбектің бағаланғаны қуаныш, әрине. Бұл, ең алдымен, жауапкершілік. Осы жеңіс менің ғана емес, әріптестерімнің де жеңісі. Өйткені біз үлкен жобаларды әріптестерімізбен бірге жасаймыз. Осы байқауға соңғы үш жылда жарық көрген еңбектерімізді, жетістіктерімізді ұсындық. Бағдарламасы Жоғары сотта мақұлданған сот саласының қызметкерлеріне арналған 3 деңгейлік оқу-әдістемелік кешенін жасадық, аудиоқұралымен бірге. Республика бойынша барлық сот жүйесінде біз шығарған оқу құралымен оқытады. Сондай-ақ, Қарағанды облысында ғана бар өзіндік баламасы жоқ жобалар жасалды. Сауда, медицина, банк, нотариат саласына арналған оқу құралдары жарық көрді. Тіл комитетінің сараптамасынан өткен біз дайындаған оқу құралдары республика бойынша мың данамен тегін шығарылды. Оқу құралдарының веб нұсқасы бар. Қазірдің өзінде үлкен жобалар қолға алынды, – деді облыс­тық тілдерді оқыту орталығының директоры Алмагүл Игенова.

Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button