Жаңалықтар

Тіл мәртебесі – ортақ ұстаным

Қоғамның өзекті мәселелерін үнемі назарында ұстайтын «Nur Otan» партиясының Қарағанды облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында облыстағы тіл саясатының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Басқосуда «Қазақ тілінің мәртебесін көтеру қазақтың ғана қолында. Өзгені сынағаннан, өзімізді тәрбиелеген дұрыс» деген кеңес мүшелері облыстағы тіл саласындағы жұмыстарда кемшіліктер бар екенін айтты.

Мәселен, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова тілді және мәдениетті құрметтеуді үйрету үшін ең алдымен көшелердегі билбордтарға суреті ілінетін белгілі тұлғаларды дұрыс насихаттауда суреттерімен қоса, сөздерін ілу қажеттігі туралы әкімдікке талай ұсыныс айтқанымен, «баяғы жартас сол жартас» күйінде қалатынын айтады. Тіпті, Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығында көше жарнамалары да мерейтойға арналған эмблемамен шектелген.

Қасым Аманжолов ескерткіші алыстан «мен мұндалап» көрініп тұрмайтыны өз алдына, түнде айналасында жарық та жанбайтынын қынжыла айтқан «Сарыарқа» кинотеатрының басшысы Рымбала Омарбекова да қаладағы атақты адамдарға қойылған ескерткіштерге де қарым-қатынас жүрдім-бардым екенін жеткізді.

Қоғамдық кеңестің төрағасы Бекзат Алтынбеков те Қарағанды облысында Арқадағы атаулы тұлғаларды насихаттау өзге облыстармен салыстырғанда кемшін екенін айтады. «Қаламыз техника мен сауда орындарының ғана мекені тәрізді» деген ол адамдарымызды құрметтеуге келгенде олқылық танытамыз дейді.

– Бірақ, кемшіліктерге қарамастан, облыста мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, өңірде үштілділікті дамыту, ономастикалық кеңістікті реттеу, көрнекі ақпарат тілін біріздендіру және облыс тұрғындарының тіл мәдениетін көтеру бағытындағы жұмыстарға облыстық және жергілікті бюджеттен 196 млн. 251,0 мың теңге қаржы бөлінген. Ал, биыл мемлекеттік тілді меңгерген облыс тұрғындарының үлесі 82%-ды, ағылшын тілін меңгергендер үлесі 18%-ды, үш тілді меңгергендер 13% құрады, – дейді Гүлнарайым Қаңтарбекова.

Өңірде латын әліпбиін енгізу жұмыстарымен айналысатын «Ресурстық тіл орталығы» халықты жаңа әліпбиге дағдыландыру жұмыстармен айналысуда. Түрлі акциялар, семинарлар, жалпыоблыстық диктант тәрізді шараларға 162921 адам қатысқан. Бұл орайда көмекке келетіні – әлеуметтік желі. Мәселен, WhatsApp желісіндегі «Аудиодиктант жазамыз» акциясы, Фейсбук және Инстаграм, «YouTube» парақшаларындағы #latyndyqolda, #krglatyn хэштегімен ақпараттар, әлеуметтік желілердегі «Бүгінгі ой», «Латын-караоке», «Латын субтитр», «Мақалды жалғастыр» сияқты жобалар облыс тұрғындарының жаңа әліпбиді меңгерулеріне үлкен мүмкіндіктер туғызуда.

Ал, облыстық «Оrtalyq Qazaqstan» газетінің Бас редакторы Қамбат Ахмет болса, «балаларымыз өз тілін білмей, оны құрметтемей өссе, атқарған жұмыстардың барлығы құмға сіңген судай болады» дейді.

– Күні кеше ғана қабылданған «Тілдерді дамыту бағдарламасын» қорытындылайтын кезеңге келгенімізбен, білім ордаларында жас ұрпақтың тілді білу мәселесі әлі де олқы. Мәселен, балаларымыз баратын спорт секцияларында да, қоғамдық орындарда да ата-аналар оларды мақсатты түрде өзге тілде сөйлетуге тырысатынын байқаймын, – деген Қамбар Жұмағалиұлы «тілге қатысты қабылданатын келесі бағдарламада осы мәселе үлкен тармақ болып кіруі керек» деген ұсыныс білдірді.

Басқосу соңында «Қазақ тілінің ролін күшейту және ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру даңғазалықты, айғайшуды емес, қажырлы жұмысты талап етеді. Сондай-ақ, ол тіл мамандарының ғана емес, жалпы қоғамның ортақ ұстанымы болуы керек» деген Бекзат Қомарұлы кеңес мүшелеріне өңірлерінде көшпелі жұмыс топтары отырыстары жұмысына белсенді қатысуға және өскелең ұрпақтың, жастардың рухани құндылықтарын байыту, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік тіл – ел бірлігінің факторы екендігін әр азаматтың санасына сіңіру бағытында ақпараттық-насихат жұмысын жалғастыруды тапсырды.

Осында айтылған мәселелер республикалық «Мирас» қоғамдық кеңесі отырысында көтерілетін болады.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button