Терезе

Алматы. Сексенінші жылдардың соңы, ақпанның 23-інші жұлдызы. Кеңес кезеңінің  келісті мерекесі саналатын осы күн соңғы  жылдары атап өтілмейтін болған. Бірақ, біз атап өттік. «Тойдың» соңы түн  ішінде Ақселеу Сейдімбек ағаның есігін  қағумен аяқталды.  Дәлірек айтқанда, жалғасты…

(Автордан әлқисса)

ТОЙ

Қасымда Болат досым – Қанатбаев,

Алғанбыз қаламақы жарап, байып.

Қысық көз, тәпел бойлы, шикіл сарым

Ұшады мен дегенде қанат жайып.

 

«СҚ»-да сол баяғы жұмысымыз,

Содан да тарлау болад тынысымыз.

Тәртіп нық, талқы мықты.

Тарпып тастар

Зәуімде жақпай қалса бір ісіміз.

 

Болғанмен көңіліміз айдан аппақ,

Осында жүргендейміз жай қонақтап.

Сірескен журналистер ортасында

Кетеміз анда-санда тайғанақтап…

 

Мен – ақын, ол – жазушы.

Тұнық талғам жандар ек ел-жұртымыз

біліп қалған.

«ЦК»-ның газетіне келгеннен соң

Еркін ой, азат жүріс құрықталған.

 

Бүлдірсең жүргеніңіз бітім іздеп,

Желбірей қоймас мұнда үкіңіз көп.

Берілген рұқсаты кештің өзін

Атауға рұқсатсыз құқыңыз жоқ.

 

Ақпанның 23-і тізімде, әне,

Көп болды көлденеңнен сызылғалы.

Қатардан шығып қалған «жетім» күнді,

Көңілдің, – тойласақ, – деп бұзылғаны.

 

Түс ауа тауға тарттық такси алып,

Сонда көп бал сыра мен ащы балық.

Бастық та көзден таса, басқалар да,

Жұрты да желөкпелеу жақсы халық.

 

Кафеге кіріп келсек, қосында бұл,

гу-гу жұрт емес екен тосын дабыр.

Біз құсап қаламақы ап «қашқын» болған

Біраз дос сайран салып осында жүр.

 

Бокалдың бетін көрмей, түбін көріп,

Әп-сәтте шыға келдік мығым болып.

«Ертең ғой ертегі өмір, ебін тауып,

сүрейік бүгін өмір, бүгін», – дедік.

 

«Тұрғандай не егесіп, жарысып не,

Шырқатты-ау,

Сыра ішпей бұл, ән ішіп пе?..»

Шықты естен редактор тапсырмасы,

Шықты естен орынбасар Жәмішев те.

 

Ащы су түзік бетті бұзық бет қып,

Тұтас ек, біраздан соң үзікке өттік.

Сыра бір – Сырдария.

Дарияға бәріміз балық болып

жүзіп кеттік.

 

Думанды Алатаудың етегінде,

Дуылдап қыза бермес шеке күнде.

У да ду бірді біреу біліп болмас,

Жөнелдік бір ғажайып жетегінде.

 

Қыз қайда манағы мен қырындаған,

Із қайда бұрын маған бұрылмаған.

Қай бір кез, қай бір сағат… мәнді отырыс,

Майданға айналыпты дырылдаған.

 

Ойды орған біз секілді «озғын лекті»,

Бірі іліп, бірі бірақ көзге ілмепті.

Аспанға «алты киік» атқып шығып,

Ақыры той тарқайтын мезгіл кепті.

 

Ауғанша түн жарымы жүріп қалып,

Әрең деп көнген болдық ырыққа анық.

Ұзартып қожайынның бір күн қолын,

Кафесін көз алдында құлыптадық.

 

ДАУ

Таксиді жол бойынан ұстап алып,

Қаланы тартып бердік нұсқаға алып.

Шаһардың миллион гауһар жанарымен,

Жанды арбап, бізге көзін қысқаны анық.

 

Заһарын, зәмзәмін де ішіп, қандық,

Шама жоқ жай-жағдайды пысықтарлық.

«Қаланың қақ ортасы осы-ау» деген

мөлшерде машинадан түсіп қалдық.

 

Ажырап түнгі қала «арбасынан»,

Арғымақ секілдендік арда, сылаң.

Аңдасам алдымда тұр Ақаң үйі,

Сол үйдің түсіп қаппыз дәл қасынан.

 

Ішкен дәм кемерінен бағана асып,

Болат тұр жан-жағымен жағаласып.

«Жүретін ағам еді араласып,

Ақаң үйі», – дедім мен қара басып.

 

Сергек дос сол-ақ екен селт еткені,

Оянған батыр құсап ертектегі.

«Дейсің бе Ақаң үйі, ағам үйін

кете алман аттап өтіп, көрсет», – деді.

Білмедім жүрегінде не тербелді,

Батырың дегеніне жетер болды.

Атқан оқ – айтылған сөз,

Атқан оқты, қайтарам деген ісім

бекер болды.

 

Секілді бөтен өрнек кілемдегі,

Қарамай өзгеріске іреңдегі,

Болатым бет қаратпай басу сөзге

«Ағама сәлем беріп кірем», – деді.

 

Мен айттым: «Табан тозған, аяқ талған,

Сағат та түнгі бірге таяп қалған.

Құдайдың күндізі бар сәлем берсең,

Жүр кеттік, той осымен аяқталған».

 

Ол болса қырсығады: «Саған қажет

болмаса, бұл Ақселеу маған қажет.

Жай кезде жасықтаумын.

Сәтім осы жігіт боп шыға келген

табанда өжет».

 

Мен айтам: «Бала емеспін, добалдаймын,

Кірмеймін қабынса да содан қайғың.

Көрмеп ед бұл күйімді

Түн ішінде түртініп қас масқара

бола алмаймын».

 

Біз ояу, жұрт ұйқыда.

Алтын Айды өрлеткен мақпал түннің                                салты ұнайды.

Екі дос егеседі.

Шамы сөнбей

Ақаңның терезесі жарқырайды.

 

Біздерді кеуіп тұрған кенезесі,

Ақаңның шақырады терезесі.

Інілік ізет деген ереже бар

Бұзылмақ сол ізеттің ережесі.

 

Іс қылып күні бойы ұнамаған,

Ақыры табылыппыз бұл арадан,

Біз болсақ желік қуып түнге ұрындық,

Неге отыр түнге ұрынып ғұлама ағам?

 

Деген ой қаперімде қылаң беріп,

Қарғыды көңілімде құлан, керік.

Оянған арымдағы ақыл артты,

Бой алған қарындағы сырам кеміп.

 

Дос айтты: «Ойламап ем дау етер, – деп,

Жақсының етегін де тәу етер көп.

Ақаң да жақсымыз ғой.

Қос інісін сөкпейді, кіріп барсақ, –                                         тәуекел,-деп».

 

Тағы айтты: «Жұртымыз жүр

неге білмей,

Ақаңдар төбе би ғой,

Төбе күн ғой.

Кейін бір айта жүрер қызық болсын,

Сол үшін нар тәуекел дегенім ғой».

 

Мұны естіп мен ойландым:

«Шайқалып ер тұрса да енді есік жоқ                                қайта кірер.

Шынында бір әңгіме керек-ақ қой

Қызық қып кейінгіге айта жүрер».

 

Қас емес,

Дос ақылын үкім хат қып,

Кінәға бөліп-жармай бүтін баттық.

Қос кезбе түн жарымда түлен түртіп,

Есігін ағамыздың тықылдаттық.

 

 АҒА

Болғанмен басып келген ізім дұрыс,

Буын бос,

Бой шаршаңқы,

Жүзім қырыс.

Есікті Ақаң ашты күлімсіреп,

Үстінде шапаны бар қызыл пүліш.

 

Ар-ұят қалған-құтқан ете ме елең,

Тайраңдап кете алмадық төтеменен.

Жер шұқып көзімізбен төрге шықтық,

(Қай сайтан бізді мұнда жетелеген?!)

Жігіттер, біздер құсап бір қызбағай,

Жол табар жер сипалап, жұлдыз қарай.

Ал қызсаң,

Ақаң жаққа аңырамай,

Тау асып кеткен дұрыс қырғыз қарай.

 

Жарым түн  әлі алыста күндізгі арай,

(Төбеден Тәңірімнің ұрғызғаны-ай).

Қайынінің кеп қалды, – деп қайран ағам,

Жеңгені ұйықтап жатқан

тұрғызғаны-ай…

 

Сәлден соң бой үйреніп,  ырғып әрі,

Қайтадан болып алдық қыр құланы.

Қалпағын шешті Ақаңның жартылығы,

Ас үйде қазан-ошақ сылдырады.

 

Бермейтін ішті індетпей, сыртына мән,

Шер шертті аға біраз шырқыраған.

Сәлден соң Орал тәтем алып келді,

Бір табақ қуырдақты бұрқыраған.

 

Рюмка көрген талай тоқпақтарды,

Тез түсті үйреншікті соқпаққа әлгі.

Мақамдап Ақаң сөйлей жөнелгенде

Горбачев «жәшіктегі» тоқтап қалды.

 

Сақтардан, сонау ғұндар дәуірінен,

Сыр тартып, мен де біраз «ауырып» ем.

Жібектей тарқатылды қайран ағам,

Шашақты қырмызыдай бауы кілең.

 

Әп-сәтте ол – мұхит, біз тамшы болдық,

Ол – дырау, ал, біз болсақ

қамшы болдық.

Қайықтай қалт-құлт етіп,

Мұхиттағы,

Ақаңдай зор кеменің артына ердік.

 

Ұлт қалай ұйыса алар,  ұлыс қалай,

Тіл қалай тыныс алар тың іс қалай?

Алаң ғып алқындырған ағамызды,

Заман-ай, заман атты зымыстан-ай!

 

Қолдамай жүргендерді қате ұқтырып,

Толғады-ай мұхит ойға батып кіріп:

Қылышын көне кездің ұстап тұрып,

Шақшасын Құнанбайдың атып тұрып.

 

Ғұлама сөзінде ой көп,  көзінде ой көп,

Сапырды-ай сырын сәндеп сезім-көйлек.

Сонау сақ дәуірінен жетіп келген

Түркінің туа бітті көзіндей боп.

Түгендеп,

Түптей шолып бар қияны,

Ойсаңға түсіп алды нар қияғы.

Шәй қалды, шарап қалды,

Ауызымыз аңызға Ақаң айтқан аңқияды.

 

Кабинет… көне мүлік…

Қалқам, қалап, көз салсаң,

көңіліңді арқандамақ:

Дулыға көңіл қойды бұл кеңеске,

Құлағын елеңдетті қалқан қарап.

 

Қалардай түгесіліп ғұмыр енді,

Бір нала кеміруде тұғыр-ерді.

Домбыра Ақаңмен бір шер тарқатып,

Қыл қобыз мақаммен мың күңіренді.

 

Бір таңға тарлан сөзі таусыла ма,

(Біз үшін жалғыз таң да дәу сыбаға).

Ғұмырдың өлшеуі бар бір түн өтті,

Бір күнді бір күн тағы қаусыра ма?!

 

Тез ұқпай терең ойын,

Артынша ұғып,

Отыр ем, жүзім жуас, қалпым сынық.

Мен айтпай, бір жөн сөзді

Болат айтты:

«Ақа, сіз – осы күнгі Байтұрсынов».

 

Бұтақтай жаңа өнген дарақ, талдан,

Кез еді Ахаң, Жақаң жаңа ақталған.

Сөзге осы тосын келген сәл жымиып,

Болатқа Ақаң сонда қарап қалған.

 

Досымның осы сөзі «күйік» бетті

ағартып, әп-сәтінде жуып та өтті.

Ағаға берілетін барша баға

Әлгі айтқан жалғыз сөзге сыйып кетті.

 

Жатқанда біз қайтпақ боп қоғамданып,

Деді аға: «бір жалт етіп жоғалмалық».

Сөзі екен пайғамбардың Болаттыкі,

Ақаңа сол кеткеннен соға алмадық.

 

Бұл күні жұмыс қалып,

Азаннан күн ес жиып, елге еруді

назарға алдым.

Ертесін қызметтен Болат кетіп,

Мен болсам бір сөгіспен азар қалдым.

 

Өтті ғой өзгерістер мекенде мың,

Кетеді үзіліп те бекер демің.

Сол түні мазасын ап ағамыздың

соққаным жөн-ақ болған екен, – дедім.

АҢСАУ

Жер-көкке жайған кезде қыс кілемін,

Жуырда Алматыға түсті жолым.

Тұсына Ақаң тұрған үйдің келіп,

Сезіндім сыртқы демін, ішкі лебін.

 

Сол маусым.

Сол ақпанның жиырма үші,

Сол аула, сол бір қардың үйіндісі.

Сондай түн, тек Болат жоқ –

Түн ішінде сәлем беру дегенге үйір кісі.

Сол кештің бояуындай иі қанған,

Мамық түн мақпал көйлек киіп алған.

Ақаңның үйі еді-ау бұл кеше ғана,

Ал, бүгін бөгде адамның үйі болған.

 

Ақаңның үйі еді-ау бұл,

Бас тұғыр-ды,

Қайда енді сол шаңырақ асты нұрлы.

Өксіктен кеудемді алған жылай алмай

Жұтынған тамағыма тас тығылды.

 

Секілді жарты есалаң, жарты надан,

Жұрт берер емес менің қалпыма мән.

Аяғым баспай қойды,

Аға есігін қақпақшы ем,

саусағыммен қалтыраған.

 

Сол бір үй,

Сол бір қабат,

Халқы да аман,

Жанып тұр сол терезе жарқыраған.

Үңілем арғы жақта ағам бардай,

Түңілем болатындай арты жаман.

 

Нар ағам, намысты ағам атағы кең,

Өлді, – деп жүргендерді қата білем.

Имене есік қақсам баяғыдай

Қарсы алар, бәлкім, пүліш шапанымен.

 

Басыма қайта айналып бота күнім,

Болатпен кіріп барсам жоталымын.

Апыр-ау, Болат деймін…

Болат қайда,

Одан да айрылғам ба, о, Тәңірім!

 

Көзінен бұл-бұл ұшып шырын көктем,

Екпіні еңіс тартып бұрынғы өктем.

«Ақаңды аңыз етем» деген қасқа,

Сонау жыл Ақаңнан да бұрын кеткен…

 

Дос опат, тағдыр апат…

Төресінбей не жазса маңдайыңа

көнесің ғой.

Телмірем егесі жоқ терезеге,

Тұлыпқа еміренген енесіндей.

 

Көрмек боп арысымды – ел еркесі,

Үңілсем терезеге төменгі осы;

Сақтарды сақалынан сүйреп сабар

Көлбейді әлдекімнің көлеңкесі.

 

Шым етті сұм жүрегім,

Тұлғам нардай, тәрік боп,

бұл фәниден ұрланғандай.

Түркіден тәбәрік ед.

Енді, міне,

Ғұн кетіп, орнында жын қалғандай.

 

Жетелеп бұлаң жаз бен бөрте көктем,

Жан болдың, жампоз аға, ерте кеткен.

Болат жоқ бұлғақтаған,

Сіз де жоқсыз қос ұлды

құла таңда еркелеткен.

 

Заманның кері тартып өңезі осы,

Дәстүрге кепкенде елдің кенезесі,

Түркінің әлеміне түре ашылған

Өзің ең өлшемі үлкен терезесі.

 

Жартасқа жалқы біткен жетім гүлдей,

Жел шайқап, дауыл жайпап жетілдің ғой.

Төлтума тұғырыңа терезе аштың

Еуропаға терезе ашқан Петр І-дей.

 

Шұбыртқан жапан түзде көш көлігін

керуендей қалды артыңда кестелі үнің.

Қазағың күнде тумас

Сен секілді Еуропа костюмі бар

«көшпелі ұлын».

 

Көктемнің көгалына көп аунаған,

Ішкен мәз, жегенге тоқ көп-ау надан.

Іздеген Ақселеуді бір пақырмын

Тіпті де Ақселеуі жоқ ауладан.

 

Жат пәтер, жат терезе…

Жеріп бір күн жалғаннан желгеніңді

көріп білдім.

Секілді жетім қозы маңыраған,

Алдына терезеңнің келіп тұрмын.

Абзал БӨКЕН,

ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.