Тепловоз енді сынбайды

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің жүк тиеу-тасымалдау басқармасында №0125 ТЭМ7А тепловозы жұмысқа қайта кірісті. Күрделі жөндеу жүргізілгеннен кейін бірнеше жыл бойы сынусыз қызмет ететін болады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлайды.

«№0125 ТЭМ7А тепловозын күрделі жөндеу бойынша инвестициялық жобаны «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы 2017 жылдың соңында мақұлдаған. Барлық қажетті жұмыстарды сапалы және жедел орындауға қабілетті мердігер мұқият таңдалды.Нәтижесінде Латвия елінің Даугавпилс қаласындағы локомотив жөндеу зауыты таңдалып алынды. Бұл зауыт басқа кәсіпорындардан үлкен өндірістік қуаттылығымен және осы сериядағы тепловоздарды жөндеудегі мол тәжірибесімен ерекшеленеді. Сонымен қатар, латвиялық зауыт барлық посткеңестік кеңістіктегі ең үздіктердің бірі болып саналады» дейді компания баспасөз қызметі.

Мамандардың айтуынша, техникалық сипаттамалары бойынша ТЭМ7А сериялы тепловозы Қарағанды жүк тиеу-көлік басқармасы үшін көліктің стратегиялық маңызды түрі. Бұл ТЭМ2 сериялы тепловоздарымен салыстырғанда ол күштірек және салмағы жағынан бір жарым есе ауыр жүк тасымалдауға мүмкіндік беретін артықшылықтарға ие екен.

Қызғалдақ АЙТЖАН