Теміртауда қос қуаныш
Теміртауда бірден екі қуанышты оқиға орын алды. Білім күніне орай халық тығыз орналасқан металлургтер қаласындағы шағын аудандардың бірінде 320 орындық жеке балабақша ашылды. Бизнес тарапынан мектеп жасына дейінгі балалар үшін орын жетіспеушілігі мәселесін шешуге көмек көрсетілді, ал ата-аналар үшін баға мемлекеттік тапсырыстың арқасында қол жетімді болады.
Сонымен қатар, мереке күні жас дәрігерлерге жаңа пәтерлердің кілттері табысталды. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек теміртаулықтарды білім күнімен құттықтады. Ол инвесторларға қаланың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтты.
Балабақша «Кішкентай таланттар Академиясы» деп аталды. Жобаның бастамашысы «Имсталькон» компаниялар тобы «Барлық жақсылық – балаларға» қағидасын ұстанды.
Балабақша әдемі және жайлы. Мектепке дейінгі білім берудің соңғы үлгідегі жабдықтарымен қамтылған. Бірнеше топ ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған. Аумақта гүлзарлар мен көгалдар орнатылды.
«Кішкентай таланттар академиясында» қазақ және орыс тілінде оқытатын топтар ұйымдастырылды. Ағылшын тілі де оқытылады.
– Балабақша салу идеясы 2018 жылы пайда болды, – дейді «Имсталькон» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Иван Георгиади.
– Біздің үш компаниямыз Теміртауда орналасқан. Оларда екі мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді. Балабақша біздің қызметкерлеріміздің балаларына да арналған. Жалпы, бұл қалаға көмектеседі.
Қарағанды облысында медицина қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету жалғасуда. Теміртауда 86 жас мамандар отбасы қоныс тойын тойлайды. Бұрынғы жатақхана ғимаратында олар үшін қызметтік пәтерлер жабдықталды.
– Облыста денсаулық сақтау саласы дамып келеді. Біздің міндетіміз – медицина қызметкерлерінің жұмысы үшін лайықты жағдай жасау ғана емес, сонымен қатар тұрғын үй мәселесін шешу. Өткен жылы жас мамандарға 250 пәтер берілді, осы жылдың соңына дейін 170 пәтер беруді жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыс жалғастырылатын болады. Бүгін осы бір игі миссияны орындап отырғаныма қуаныштымын, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек пәтер кілттерін жаңа қоныстанушыларға табыстай отырып. Пәтерлерде қажетті жиһаз және тұрмыстық техника бар. Оларды жайластыруға «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорны көмектесті.
– Еңбек өтілім – 5 жыл. Теміртау қаласындағы көпсалалы ана мен бала орталығында 2019 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Бұған дейін отбасыммен жалдамалы пәтерде тұрдым. Енді қызметтік тұрғын үй бөлінді. Әрине, жұбайымызбен бірге қуанып жатырмыз, үш баламыз бар. Бөлмелер кең, жарық, – деді педиатр, неонатолог Фёдор Бандурин.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.