АймақТеміртау

Теміртауда дағдарыс орталығы ашылды

Теміртауда өмірлік қиын жағдайға тап болған жандар үшін арнайы дағдарыс орталығы ашылды. Бір мезгілде 50 адамды қабылдай алатын орталықта тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған жандар көмек ала алады. Одан бөлек, мұндағы мамандар келушілерге басқа да қажетті көмек көрсете алады.

Суреттер: Теміртау қаласы әкімдігінің сайты

Аталмыш орталық қаланың ескі қала аумағында орналасқан. Екі қабатты ескі ғимаратқа кұрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ішіне жаңа құрылғылар мен жиһаздар сатып алынды. Ал, қажет құралдарға қаражат бюджеттен бөлінген.

Жатын, демалыс және ойын бөлмесі мен ас үй толық қажетті құрылғылармен жабдықталған. Ал, бірінші қабатта қызметкерлер бөлмесі орналасқан. Орталықтың аумағында балалар мен спорт алаңдары бой көтеріп, қажетті дүниелер сатып алынған.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтарға жауапкершілікті қатаңдатуды және жәбірленушілерге қажет көмек көрсетуді тапсырған болатын. Біз осы басымдықтарды негізге ала отырып, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына тиісті деңгейде көмек көрсету мақсатында осы орталықты аштық. Бұл біздің қаламыз үшін өте маңызды оқиға деп есептеймін, – деді қала әкімі Ораз Тәуірбеков.

Бұл орталықта қиын жағдайға тап болған жандар бір жыл бойы тұра алады. Мұнда әртүрлі әлеуметтік, психологиялық, заңгерлік әрі медициналық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, төрт мезгіл тамағы да қарастырылған.

– Бүгінгі таңда орталықтың көмегіне бес әйел жүгінді. Бізде психолог, жұмыспен қамту маманы, дәрігер бар. Мекеме толығымен мемлекет қаражаты есебінен жұмыс істейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсетіп қана қоймай, оларды жұмысқа орналастыру, өмірге бейімдеу және психологиялық қолдау шаралары қарастырылған, – дейді орталық директоры Әсел Нәбиева.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button