Бас тақырып

Көгілдір отын көкжиегі

Қарағандының газдандыру картасы тағы екі шағын ауданмен толықты. Таугүл мен Күнгейде газ тарату желілерінің құрылысы аяқталып, алтыншы іске қосу кешені пайдалануға берілді. Нәтижесінде 201,1 шақырымға созылған газ желісі арқылы 4 940 тұрғын үйді табиғи газға қосуға мүмкіндік туды. Алғашқы абоненттер көгілдір отынды тұтына бастады.

Алтыншы іске қосу кешені 2023 жылдың желтоқсанында басталған. Құрылыс барысында газ құбырлары тартылып, 4 газ реттеу пункті мен 44 шкафтық газ реттеу пункті орнатылды. Жобаның бастапқы құны 6 млрд 831 млн теңгеден асады. Ал, жобаны түзету нәтижесінде қосымша қаржы қарастырылып, жалпы шығын шамамен 9 млрд теңгеге жеткен. Қаржы республикалық бюджеттен бөлініп, кейінгі түзетулерге байланысты жергілікті бюджет қаражаты да қосылған.

Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Тілеубекұлының айтуынша, жобаны қайта қарауға аумақта жеке тұрғын үйлер санының артуы себеп болған. 2019 жылдан бері тағы 1 500 үй қосылып, газ желісінің қамту ауқымын кеңейту қажеттігі туындаған.

– Алтыншы іске қосу кешені – ауқымды жоба. Бастапқыда жоспарланған абоненттер санына кейін қосымша үйлер енгізілді. Соған байланысты 2025 жылы жобаны түзетіп, желіні кеңейттік. Қазір алғашқы тұрғындар газ алып отыр. Құрылыс барысында кейбір тұрғындардың аулалары абаттандырылғандықтан, асфальт пен брусчатканы бүлдірмеу үшін келісіп, бірқатар жерде көлденең бұрғылау әдісін қолдандық. Қазір алтыншы кешен аяқталды. Келесі кезекте жетінші іске қосу кешенін жалғастырып жатырмыз. Оның құрылысын 2027 жылдың төртінші тоқсанында аяқтау жоспарланған. Бұл жоба Федоров ауданынан «Алтын Арба» базарына дейінгі аумақты қамтиды, – деді Мұрат Камалиев.

Жаңа желі тек жеке тұрғын үйлерді ғана емес, әлеуметтік және қоғамдық нысандарды да газға қосуға мүмкіндік береді. Жоба бойынша 1 мектеп, 5 балабақша, 2 медициналық мекеме, үлкен мешіт, 4 спорт секциясы мен 12 таунхаус кешенін газдандыру қарастырылған. Осылайша, шағын аудандардың тұрғындарымен қатар, әлеуметтік нысандар да табиғи газды пайдалануға мүмкіндік алады.

Газ тарату желісінің көшеге дейін тартылуы – үйге газ берілді деген сөз емес. Тұрғынның жеке үйін газға қосуы үшін бірнеше кезеңнен өтуі қажет. Алдымен, техникалық шарт алып, жоба әзірлетеді. Одан кейін құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, ішкі газ жүйесі дайын болған соң «QazaqGaz Aimaq» компаниясына өтініш береді. Мамандар нысанды тексеріп, қабылдағаннан кейін газға қосу және іске қосу жұмыстары орындалады.

– Таугүл мен Күнгей шағын аудандарында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, газға қосылуға мүмкіндік алған абоненттер саны шамамен 5 мың үйді қамтиды. Оның 300-ден астамы Таугүлге, 4 700-ге жуығы Күнгейге тиесілі. Қазір қала бойынша қосылуға қатысты 15 өтінім қарастырылуда. Тұрғындар газ берілгенін білген соң, келесі аптадан бастап өтінімдер көбейеді деп күтіп отырмыз, – деді «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының директоры Владислав Ахметов.

Оның айтуынша, тұрғындар газға қосылу үшін техникалық шартты электронды үкімет порталы egov арқылы рәсімдей алады. Алайда, кейбір жағдайда үйдің немесе жер учаскесінің құжаттары толық болмауы кедергі келтіреді. Мәселен, жерге қатысты құқық белгілейтін құжаттардың жоқтығы немесе тұрғын үйдің заңдастырылмауы газ жабдықтарын орналастыру мен қосылу рәсімін қиындатады. Сондықтан, газға қосылуды жоспарлаған тұрғындарға құжаттарын алдын ала ретке келтіру маңызды.

Ішкі газ желілерін жүргізу жұмыстары бәсекелестік ортада жүзеге асырылады. Тұрғын техникалық шарт алғаннан кейін құрылыс-монтаж жұмыстарын атқаратын ұйымды өзі таңдай алады. Жұмыс толық аяқталған соң «QazaqGaz Aimaq» мамандары нысанды қабылдап, газды қосуға рұқсат береді.

Қарағанды қаласында қазіргі уақытта 6 мыңнан астам абонент табиғи газды тұтынып отыр. Теміртау қаласында да газдандыру жұмыстары жүргізіліп, 3 200-ден астам абонент көгілдір отынға қосылған.

Таугүл мен Күнгей шағын аудандарындағы алтыншы іске қосу кешенінің пайдалануға берілуі – қаланың газдандыру инфрақұрылымын дамытудағы маңызды кезең. Ендігі міндет – желіге қосылуға мүмкіндік алған тұрғындардың үйлеріне газ тарту жұмыстарын жүргізіп, табиғи отынды тұрмыста пайдалануына жағдай жасау. Ал, 2027 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған жетінші іске қосу кешені газдандыру аумағын одан әрі кеңейтпек.

Аида РАХЫМҚҰЛ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button