Қарағандыда 37 жол-көлік оқиғасы тіркелді
Қарағандыда ауа райының күрт құбылуы қала ішіндегі көлік қозғалысын едәуір қиындатты. Таңғы сағат 07:00 шамасында жаңбырдың соңы қарға ұласып, жол жабыны көктайғаққа айналған. Соның салдарынан облыс орталығында бірнеше жол апаты тіркелді. Қарағанды облысы Полиция департаментінің сағат 11:30-дағы дерегінше, қала аумағында 37 жол-көлік оқиғасы орын алған. Апаттардан ешкім зардап шекпеген. Тек, көліктерге материалдық шығын келген, деп хабарлайды Ortalyq.kz Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінгі ауа райына байланысты тәртіп сақшылары жүргізушілерді жолда барынша мұқият болуға шақырады. Әрі жүргізушілерге жылдамдық режимін төмендетуді, көліктер арасындағы қауіпсіз арақашықтық пен бүйірлік аралықты қатаң сақтауды ұсынады. Сондай-ақ, қиылыстарға жақындағанда жылдамдықты алдын ала бәсеңдетіп, күрт тежеу мен қауіпті іс-қимылдарға жол бермеу аса маңызды.
Бұдан бөлек, полицейлер көлік тізгінінде ұялы телефонға алаңдамауға, жазғы дөңгелектерді қысқы шиналарға уақтылы ауыстыруға және жолға шығар алдында темір тұлпардың техникалық жай-күйін тексеруге кеңес береді. Жолдағы асығыстық пен артық сенімділік орны толмас жағдайға соқтыруы мүмкін екенін ескертті.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



