Шалғайдағы шипаның шарапаты
Ауылдары бір-бірінен шалғай орналасқан Қарқаралы ауданында медициналық көмектің қолжетімділігі айрықша мәнге ие. Тұрғындардың денсаулығы аудан орталығындағы аурухананың ғана емес, елдімекендердегі медициналық ұйымдардың да жүйелі жұмысына байланысты. Кейінгі жылдары ауданда осы бағытта бірқатар оң өзгеріс байқалады. Жаңа медициналық нысандар бой көтеріп, материалдық-техникалық база жаңартылуда. Бұрыннан өзекті болған маман тапшылығын азайту бағытында да ілгерілеушілік бар.

Бүгінде аудандық ауруханада 370-ке жуық адам еңбек етеді. Олардың 43-і – дәрігер, 168-і – мейіргер, фельдшер, акушер секілді орта буын медицина қызметкерлері. Қалғандары медициналық көмектің үздіксіз көрсетілуін қамтамасыз ететін өзге қызметтерде жұмыс істейді. Аурухана аудан орталығындағы тұрғындарға ғана емес, шалғай ауылдардағы медициналық ұйымдарға да тірек. Кейінгі жылдары маман тапшылығын азайтуға бағытталған жұмыстар да нәтижесін бере бастаған.
– Бұрын кадр тапшылығы едәуір сезілетін. Қазір жағдай біршама түзелді. Жас мамандар келіп жатыр. Тіпті, кейбірі отбасымен көшіп келіп, жұмысқа орналасты. Бүркітті ауылында бір дәрігерлік учаске бос тұр. Келер айдың 15-інен бастап келуге ниет білдірген маман бар. Қалған учаскелер толық қамтылған, – деді аурухана директоры Нұрболат Баймұрынов.
Шалғайдағы ауданға маман тартуда қаржылай ынталандырудың орны бөлек. «Дипломмен – ауылға!» жобасы бойынша елдімекенге жұмысқа келген мамандарға көтерме жәрдемақы мен тұрғын үйге жеңілдетілген несие қарастырылған. Бұған қоса, облыстық мәслихаттың шешімі негізінде денсаулық сақтау саласындағы тапшы мамандарға біржолғы қаржылай қолдау көрсетіледі. Мәселен, жалпы практика дәрігерлері мен бірқатар бейінді мамандар үшін оның мөлшері 8,5 миллион теңгеге дейін жетеді. Орта буын медицина қызметкерлеріне 1,5 миллион теңге көлемінде көмек белгіленген. Облыстық қолдаудың шарты бойынша маман кемінде бес жыл еңбек етуге міндеттеледі.
Солардың бірі – жас маман Жанарыс Теміров. Фельдшер мамандығын меңгерген ол Қарқаралыға «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында келіп, патронаждық мейіргер қызметіне орналасқан. Жұмысының негізгі бөлігі жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелердің денсаулығын бақылаумен байланысты.
– Жұмысқа келгеніме көп уақыт болған жоқ. Жұмыс өзіме ұнайды. Шама-шарқымыз жеткенше, әр тұрғынмен етене араласып, олардың денсаулығын тұрақты бақыласақ дейміз. Әсіресе, жас ана мен сәбидің денсаулығына қамқорлық жасау үлкен жауапкершілік жүктейді. Алдағы уақытта осы салада тәжірибе жинақтап, кәсіби біліктілігімді арттырғым келеді, – деді Жанарыс Тілеуқабылұлы.
Жас кадрлармен бірге медициналық инфрақұрылым да жаңаруда.
Кейінгі екі жылда ауданда 20 медициналық нысан салынған. Олардың қатарында дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер бар. Бұрын кей ауылдарда тұрғындарға арнайы медициналық ғимаратта емес, бейімделген үйлерде қызмет көрсетілген. Жаңа нысандардың салынуы қабылдауды тиісті жағдайда ұйымдастыруға, алғашқы медициналық көмекті ауыл тұрғындарына жақындатуға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, бұрыннан жұмыс істейтін, тозығы жеткен нысандарды кезең-кезеңімен жөндеу де назарда.
Ауданда медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру үшін заманауи технологиялардың мүмкіндігі де пайдаланылуда. Соның бірі – облыста алғаш рет қанатқақты жоба ретінде қолға алынған телемедицина қызметі. Қазіргі таңда бұл жүйе ауданның 20 елдімекенінде жұмыс істейді. Оның көмегімен ауылдағы медицина қызметкерлері облыс орталығындағы бейінді мамандармен қашықтан байланысып, науқастың жағдайына қатысты кәсіби кеңес ала алады.
Ауылдағы медициналық көмектің қолжетімділігінде көліктің де үлесі зор. Биыл ауданға бес жаңа жедел жәрдем көлігі берілді. Ауруханада дәрігерлер мен мейіргерлердің кәсіби білігін арттыруға да көңіл бөлініп, қызметкерлер арнайы тағылымдамалар мен оқуларға жіберіліп жатыр.
Материалдық-техникалық базаны жаңарту жұмыстарының бір бөлігі әлі жалғасуда. Жылу жүйесін реттеу бағытында да бірқатар жұмыс атқарылған. Қарағайлы мен Бүркіттідегі медициналық нысандардың пештері ауыстырылып, аудандық аурухананың жылу қазандығына жаңа жабдыққа тапсырыс берілген.
– Бұған дейін электр қуаты өшкен жағдайда аурухананы толықтай жарықпен қамтамасыз ету мүмкіндігі болмады. Қолданыстағы резервтік генератордың қуаты тек реанимация бөлімі мен жылу қазандығына ғана жететін. Кейде түнгі уақытта шұғыл ота жасалып жатқанда жарық сөніп, электр маманын шақыруға тура келетін жағдайлар болды. Сондықтан бұл мәселені түбегейлі шешу үшін қуаты 500 киловаттық жаңа генераторға тапсырыс бердік. Оны автоматты түрде іске қосылатын жүйемен жабдықтау көзделген. Осылайша, электр қуаты үзілген жағдайда аурухананың негізгі бөлімдерінің жұмысын тоқтатпай, науқастарға қажетті медициналық көмекті үздіксіз көрсетуге мүмкіндік туады, – деді аурухана басшысы Нұрболат Баймұрынов.
Сондай-ақ, бүгінде аудандық ауруханада шұғыл хирургиялық көмектің бірқатар түрі көрсетіледі. Дегенмен, тәжірибелі бейінді мамандарға сұраныс әлі де бар. Басшылық хирургиялық қызметті күшейту үшін білікті дәрігерлерді тарту, оларға лайықты еңбек жағдайын ұсыну мәселесін қарастыруда. Атап айтқанда, шұғыл ота жасауға қабілетті тәжірибелі хирург қажет. Бұл бағытта өзге өңірлердегі мамандармен де байланыс орнатылып жатыр. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда облыстық медицина ұйымдарының дәрігерлері көмекке келеді.
Бір сөзбен айтқанда, Қарқаралы медицинасының бүгінгі тынысы осындай. Алда да атқарылатын жұмыстар көп. Ең бастысы, осы өзгерістердің игілігін аудан орталығымен қатар, шалғайдағы ауыл тұрғындары да көре алуы тиіс.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



