Бас тақырыпЖаңалықтар

Өңірде қар тазалау жұмыстары күшейтілді

Бүгін еліміздің бірқатар өңірінде ауа райы күрт құбылып, жаңбыр мен қар жауды. Кей жерлерде көктайғақ болып, бұрқасын соқты. Осыған байланысты республиканың басым бөлігінде дауылды ескерту жарияланып, жол қозғалысы қиындай түсті. Қарағанды қаласында да қар жауып, көшелер мен қалаішілік жолдарды қар басты. Таңнан бері коммуналдық сала мамандары жолдарды қардан тазарту жұмыстарына кірісіп, күшейтілген жұмыс режиміне көшті.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қазыбек би атындағы ауданның жолдарын қардан тазарту жұмыстарына 70-тен астам арнайы техника мен 90-нан астам жол жұмысшысы жұмылдырылған. Таңертеңнен бері көшелерге 500 тоннадан астам құм-тұз қоспасы себілді. Коммуналдық қызметтер магистральдық көшелерді, әлеуметтік нысандардың аумағын, аялдама қалталары мен қауіпті еңіс жолдарды тазалауға басымдық беріп отыр.

Теміртау қаласында да қар тазалау жұмыстары күшейтілген режимде жүргізілуде. Қала көшелерін қар мен көктайғақтан тазартуға 70 жұмысшы және 34 арнайы техника тартылған. Олардың қатарында құрама жол машиналары, тиегіштер, самосвалдар мен щеткалы МТЗ тракторлары бар. Мамандар Ескі қала, Соцгород, Оң жағалау және Отрадное шағынауданындағы негізгі көшелердің жүргінші бөлігін, тротуарлар мен аялдамаларды қардан аршып, жолдарға құм-тұз қоспасын себуде.

Ал, республикалық маңызы бар автожолдардағы жағдай да тұрақты бақылауда. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мәліметінше, облыс аумағындағы тасжолдарды күтіп-ұстау жұмыстарына 82 арнайы техника мен 164 жұмысшы жұмылдырылған. Көктайғақтың алдын алу мақсатында жолдарға 296 текше метр құм-тұз қоспасы төселіпті.

Құзырлы органдар тұрғындарға ауа райының құбылмалы сипатын ескеріп, жолға шығар алдында сақтық шараларын назардан тыс қалдырмауды ескертеді. Әсіресе, көлік жүргізушілерінен жылдамдықты төмендетіп, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау сұралады.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button