ЖаңалықтарРуханият

Өнермен өрілген өнеге

Шет аудандық жастар ресурстық орталығының табалдырығын аттаған жанның назары бірден ерекше рух пен жылылық сезілетін кең бөлмеге ауады. Қабырға төрінен хакім Абай ойлы жанарымен қарап, ғибратты нақыл сөздері арқылы жастарды білім мен парасатқа үндеп тұрғандай. Ал бөлменің екінші бұрышындағы гипстен құйылған ай бейнесі жұмсақ сәуле шашып, айдын көлдің жағасында нәзік сакура бүр жарғандай әсер қалдырады. Кәсіби дизайнерлер әрлегендей көрінетін «Qadam» коворкинг орталығын бастан-аяқ өз қолымен безендірген жан – орталықтың жастар ісі жөніндегі маманы Феруза Кейкина.

Адам жанына сұлулық пен шабыт сыйлайтын мұндай нәзік талғам оған тегіннен-тегін дарымаған. Өнерге деген сүйіспеншілік Ферузаның бойына бала кезінен әке қанымен сіңген. Әкесі Қанат Еркебайұлы – Қарағанды өңіріне танымал суретші, сегіз қырлы, бір сырлы шебер. Кезінде көнекөз қариялардың суреттеуі бойынша Сүйінбай Аронұлының әкесінің портретін салып, бұл туындысы облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде жарияланған.

Қолынан шыққан әрбір бұйымға ұлттық рух дарыта білген шебер домбыра шауып, ағаш табақтарды ата-баба дәстүрімен майлап, бабына келтіріп жасайтын. Компьютер мен заманауи баспа құрылғылары жоқ кезеңде Шет ауданында өтетін мәдени іс-шаралардың көркем безендірілуі де сол кісінің мойнында болыпты.

– Бала кезімнен ауылдағы түрлі ғимараттардың, әсіресе, балабақшалардың қабырғаларынан әкемнің қолтаңбасын көріп өстім. Сол суреттерге сүйсіне қарап, бойымда бейнелеу өнеріне деген ерекше іңкәрлік оянды. Әкем өмірден өтсе де, соңында қалған өнегелі ісі маған бағыт-бағдар беріп, қылқалам ұстауыма түрткі болды, – дейді кейіпкеріміз.

Өнерге деген бейімділік оған нағашы жұртынан да дарыған. Ата-бабадан мирас болған асыл өнерді Феруза бүгінде заман талабымен шебер ұштастырып жүр. Соңғы жылдары Ақжал кентіндегі балабақшалар мен ауданның шағын мекемелерінің қабырғаларын түрлі-түсті ертегі әлеміне айналдырып келеді. Ал қолы қалт еткен сәтте изолон материалынан алып раушан гүл-шамдарын жасап, ұлттық нақыштағы әшекейлер мен бойтұмарлар тігеді.

Дегенмен, шебердің биыл тәуекелге бел буып қолға алған ең ауқымды әрі жүрегіне жақын жобасы – аудан орталығындағы Жастар ресурстық орталығы жанынан ашылған «Qadam» коворкинг кеңістігі.

Бұл игі бастаманың жүзеге асуына орталық директоры Наурызбай Дәулетқабылов тікелей мұрындық болған. Барлығы оның: «Мына бос бөлмені қалай безендірсек екен?» деген қарапайым сауалынан басталыпты. Басшысы қажетті бояулар мен құрылыс материалдарын түгел алып беріп, үлкен сенім артқан соң, Феруза да іске білек сыбана кіріскен. Бір ерекшелігі, ол қабырғаға салған ауқымды туындылары үшін бір тиын да ақы алмаған. Шығармашылық еркіндік пен қолдау тапқан шебер бөлмеге жай ғана жөндеу жүргізуді емес, аудан жастарына рух беретін ерекше орта қалыптастыруды мақсат тұтқан.

– Мен үшін бұл бөлмедегі әрбір сызық пен әрбір жазудың терең мағынасы бар. Қабырғаға салған Абай атамыздың бейнесі – менің алғашқы көлемді муралым. Ал демалыс бұрышын әсерлі ету үшін гипстен жарық беріп тұратын ай бейнесін құйып, акрил бояуымен тынық көлдің көрінісін салдым. Жанына монтаж көбігі мен желімнің көмегімен сакура ағашын сомдадым. Негізгі ойым – жастарға сұлулықты сезіндіру ғана емес, адамның өз қолымен қарапайым материалдардан да ғажайып дүние жасай алатынын көрсету, – дейді шебер.

Осындай ізгі ниетпен жабдықталған коворкинг орталығы бүгінде аудан жастарының басын қосатын шығармашылық алаңға айналған. Мұнда түрлі шеберлік сабақтары, жан дүниені сергітетін арт-терапия, сурет терапиясы және тұлғалық даму тренингтері тұрақты түрде өткізіледі. Ферузаның өзі де қыз-келіншектер мен жасөспірімдерге изолоннан раушан гүл-шамдарын жасаудың әдіс-тәсілдерін үйретіп, қолөнерге баулып жүр.

Ұжымның алдағы жоспары да ауқымды. Орталықтың материалдық-техникалық базасын нығайтып, жастардың бейнелеу өнеріне деген қызығушылығын арттыру үшін арнайы мольберттер сатып алу көзделіп отыр.

– Осы бөлмеге бас сұққан әрбір жас бойына ерекше қуат алып, жаңа идеямен қанаттанып шықса екен деймін. Бірі қылқалам ұстауға құмартса, бірі қолөнерге бет бұрса, енді бірі өз бойындағы бұрын байқамаған талантын ашса, менің еңбегімнің ақталғаны, – дейді Феруза Қанатқызы.

Назар ӘЛІ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Шет ауданы.

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button