Аймақ

Қарағандыда бағдаршамдар жасанды интеллект көмегімен басқарылады

Қарағандыда көлік қозғалысын оңтайландырып, жолдардағы кептелісті азайтуға бағытталған жаңа цифрлық жүйе сынақтан өткізіліп жатыр. Жасанды интеллект негізінде әзірленген бұл тәсіл әзірге қаланың 7-ші магистралінде пилоттық режимде іске қосылған. Жүйе бағдаршамдардың жұмысын өзара үйлестіріп, көлік ағынын тиімді реттеп тұратын болады. Айта кетейік, бүгінде Қарағандыдағы жол қозғалысын басқарудың бірыңғай жүйесіне 233 бағдаршам қосылған. Оның 10-ы бейімделмелі режимде жұмыс істейді. Жаңа пилоттық жобаның нәтижесі оң бағаланса, мұндай цифрлық шешімдерді қаланың өзге де көлік қозғалысы қарқынды учаскелеріне енгізу мүмкіндігі қарастырылуы ықтимал.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Қарағанды облысы әкімдігінде өткен кеңесте Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Константин Ильницкий жаңа жүйенің жұмыс тәртібін түсіндірді. Өз сөзінде жасанды интеллект бағдаршамдар мен бейнебақылау камераларынан түсетін деректерді біріктіріп, жолдағы ахуалды нақты уақыт режимінде талдайтынын жеткізді.

– Камералар әр жолақтағы көлік санын есептейді. Нейрожелі қозғалыс қарқындылығы мен бағдаршамдардың қолданыстағы жұмыс режимдерін саралап, жолдың әр учаскесіне арналған оңтайлы параметрлерді ұсынады, – деді Константин Ильницкий.

Пилоттық жоба аясында 7-магистральдің Терешкова көшесінен Стартовый бұрылысына дейінгі учаскесі таңдалған. Бұл аралықта орналасқан алты бағдаршам енді бір-бірімен үйлестірілген режимде жұмыс істейді. Әсіресе, қарбалас уақытта көліктердің шамадан тыс шоғырлануын болдырмауға басымдық беріліп отыр.

Алдын ала жүргізілген цифрлық модельдеу бұл аумақтағы кептелістің негізгі себептерінің бірі бағдаршамдардың бір-бірімен үйлесімсіз жұмыс істеуі екенін көрсеткен. Мәселен, Камская көшесінің қиылысындағы бағдаршам мен ХМК ауданындағы жаяу жүргіншілер өткелінің арақашықтығы небәрі 81 метр ғана. Алайда, олар әртүрлі режимде жұмыс істейтін. Соның салдарынан жүргізушілерге жолдың шағын бөлігінде екі мәрте тоқтауға мәжбүр. Жаңа жүйе осы олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік береді. Мамандардың есептеуінше, таңертең солтүстік бағытта қозғалатын көліктердің тоқтау саны орта есеппен үштен бірге дейін қысқаруы мүмкін. Ал, Карл Маркс көшесінен шығатын жүргізушілердің басым бөлігі қиылыстан екі емес, бағдаршамның бір жасыл сигналымен өтуге мүмкіндік алады.

Бағдаршамдардың жаңартылған жұмыс режимі жұмыс күндері көлік қозғалысы ең қарқынды болатын екі уақыт аралығында қолданылады. Атап айтқанда, таңғы сағат 07:00-ден 10:00-ге дейін және кешкі 16:30-дан 19:30-ға дейін іске қосылады. Ал, қалған уақытта, соның ішінде демалыс күндері де, бағдаршамдар бұрынғы тәртіппен жұмыс істейді.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев цифрлық технологияларды енгізудегі басты өлшем оның тұрғындардың күнделікті өміріне әкелетін нақты пайдасы екенін атап өтті.

– Біздің міндетіміз – цифрлық технологияларды тұрғындардың нақты мәселелерін шешуге пайдалану. Оның нәтижесі компьютер экранынан ғана емес, адамдардың күнделікті өмірінен де көрінуі керек, – деді өңір басшысы.

Қазір мамандар жасанды интеллект ұсынған шешімдерді тікелей жол жағдайында сынақтан өткізіп жатыр. Пилоттық кезең аяқталған соң жүйенің тиімділігі мен нақты нәтижелері сараланады. Алдын ала болжам бойынша, бағдаршамдардың жұмысын үйлестіру қарбалас уақытта көліктердің орташа кідіріс уақытын шамамен 40 пайызға қысқартуға мүмкіндік береді.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button